Әкімдіктің айласы әшкере болды
Қарағанды билігінің шенеуніктері өздерін елден ерекше аялайды. Кеншілер қаласының әкімдігі көлік ішіне төселетін қаптаманы сатып алу үшін 3 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсамақ болған.
Әр жиынтықтың мөлшерін 494 мың теңгеге бағалаған. Батпандай былықтың беті мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған лотта ашылды.
– Бұл жұртқа мәлім болған бір ғана факті. Бұдан бұрынғы сатып алу лоттарын тексеру керек. Сауда мемлекеттік сатып алу арқылы жүргізілетінін біле тұра, неге коммерциялық баға қояды? Не деген батылдық? Демек, қала билігіндегілер халықтың салығынан түскен ақшаны иемденуге дәніккен ғой, – дейді қала тұрғыны Қайыржан Қайролла.
– Нарықта сапасы жақсы көлік жамылғылары 30-40 мың теңге шамасында тұрады. Сонда, біздің шенеуніктер бай-бағландарға еліктеп, қолтырауынның терісінен жасалған чехолды алмақ болған ба? Міне, қарапайым халық пен биліктің бір-бірінен қаншалықты алшақтап кеткенін осыдан-ақ аңғарамыз, – деді Самат есімді тұрғын.
Мемлекет қаржысын оңды-солды шашып дағдыланған қала әкімдігінің ысырапшылдығын, заңның орындалысын қадағалайтын орган тоқтатқан. Заңға қайшы әрекетке тексеріс жүргізген прокуратура 2 миллион 900 мың теңге тұратын тапсырыстың жолын кесті.
Әкімдіктегілер не дейді?
Әлеуметтік желіні жаппай дүрліктірген дерекке байланысты Қарағанды қаласының баспасөз қызметі мәлімдеме берді. Онда былай делінген:
– Прокурорлардың ескертуінен кейін, ол лотты жойдық. Мемлекеттік сатып алумен айналысқан бөлім басшысы мен бас маман қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Қарағанды қаласының әкімдігі тұрғындар алдында кешірілмес кемшілік жіберді. Алдағы уақытта алтын тағын бағалайтын шаhар шенеуніктері ел қазынасының мүмкіндігімен санасар деген ойдамыз.