Әкімдіктің міндеті –әжетхана орнату

20.03.2019, 03:05

3

Семейдің қоғамдық көліктерінің жол жүру бағасы 80 теңгеге көтерілгеніне екі жылдың (1 тамыз, 2017 ж) жүзі болғанымен, тұрғындарға қызмет көрсету сапасының жақсарып кеткені шамалы. Автобустардың кешкіліктегі қатынау уақытын қалалық әкімдік сағат 21- ден 22.30-ға дейін ұзарту жөнінде шешім шығарынымен оның орындалуы ұдайы сақтала бермейді. Одан қалса, кіші класты қоғамдық көліктердің ішкі тазалықтары сын көтере бермейді. Түйіндей айтқанда қаладағы жолаушы тасымалымен айналысатын 8 компанияның қызметі толықтай тұрғындар ойынан шығып жүрген жоқ. Ал олар жергілікті атқарушы биліктен жол жүру құнын 80 теңгеге көтеруді сұрағанда аталған кемшіліктерден арылып, қызмет сапасын жақсартуға, аялдамаларға межелі уақытта келіп отыруға уәдені үйіп -төккен болатын. Сонда қордаланған мәселенің осы уақытқа дейін бір жөнге келмеуіне не себеп?Айтпақшы, қалалық әкімдік өткен жылы автобустардың соңғы аялдамаларына әжетхана салуды да қолға алып, жүргізушілерге «Сіз үшін тағы не істей аламыз?» деген банк жарнамасынан бетер барлық мүмкіндіктерді жасап жатқандай көрінген. Әңгімені алдымен осыдан басталық.Семей қалалық автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің сектор меңгерушісі Назым ЖАНБОЛАТОВАНЫҢ айтуынша, былтырғы жылы қаланың шеткері аймақтарында орналасқан 8 аялдамаға қоғамдық көлік жүргізушілеріне арналған әжетханалар орнатылған. Бұл шаруа мемлекеттік тапсырысқа негізделген конкурс нәтижесінде жүзеге асқан екен.-Жалпы, біз қала аумағындағы 13 соңғы аялдамаға әжетхана орнатуды жоспарлаған болатынбыз. Әжетхана орнату – әкімдіктің заңға сәйкес істеуге міндетті жұмысына жатады. Енді, үшеуі алдағы уақытта орнатылатын болады.  Тек осымен шектелмей, келешекте жүргізушілерге арналаған барлық санитарлық талаптарына сәйкес келетін тамақтану орны, тіпті, душ қабылдау жайын да қарастыратын боламыз. Қазіргі күнде атап айтқанда, Шығыс кенті бағыты бойынша «Таймаста», Степной кентінде, Туберкулездік диспансер аялдамасында, Юность кентінде тағы да басқа шет аймақтардағы аялдамаларды автобус жүргізушілеріне арналған әжетханамен қамтамасыз еттік,-дейді сектор меңгерушісі.Жүргізушілердің басты қажеттілігі саналатын әжетхананың салыну жайына осылай түсінік берген Н. Жанболатованың айтуынша, қоғамдық көліктердің бағытын ұйымдастыру және бақылау осы бөлімнің құзыретіне кіретіндіктен, олардың өз міндеттерін дұрыс атқаруын қадағалау да назардан тыс қалған емес. Ұдайы ескерту алып немесе шағымдарға жиі жол берген қоғамдық көлік иелерінің қызмет көрсетуіне тыйым салып, бағытын басқа жолаушы тасымалдаушыға беру жайы да ескерілген. Алайда, қатаң шара қолданып, осындай қадамға барғанменен мәселенің екінші жағы және бар. Қызмет көрсету тұрақтылығы 80 пайыздық межедегі автокомпаниялардың барлығы бірдей босатылған бағытта қатынауды өз міндетіне ала бермейді. Біріншіден, көлігі жетіспейді, екіншіден, орындау аясын кеңейтуге мүмкіндіктері жоқ. Сол себептен, келу уақытын кешіктіретін немесе  жолаушыларды бірінің үстіне бірін мінгізіп, аялдама сайын сығылыстыра кіргізіп, жылдамдықты шамадан тыс арттырып жүретін қоғамдық көлік жүргізушілеріне әзірге ескерту жіберуден өзге қолдан келер қайран жоқ. Дегенмен, жиі тәртіп бұзатын «тентек» жүргізушілерге айыпппұл салу әкімдік жарғысында көрсетілмегендіктен, енді қалалық ІІБ-імен бірлесе отырып, жол полициясына олардың тізімдерін беру жайы да қарастырылып жатыр. Алғашында өздері ұстамайынша, ондай айыппұл салу шарасын қолданудан бас тартқан құзырлы органмен келісім қазір қалыпқа түсіп келеді.Осы тұрғыда қалалық ІІБ баспасөз хатшысы Елубек ОСПАНОВПЕН хабарласқанымызда автобус жүргізушілерінің тәртібін құзырлы орган да үнемі қадағалайтындығын аңғардық.-Жыл басынан бері 2 рет «Автобус» рейдтік шарасын өткіздік. Қоғамдық көлік жүргізушілерінің арасында рөлде келе жатып телефонмен сөйлесу, шылым шегу сияқты әкімшілік құқық бұзушылық фактілері бойынша жауапқа тартылған жүргізушілер бар. Біздің тарапымыздан Жолаушы тасымалдау орталығынан шағым түскен автобус жүргізушілерін бақылаудан бөлек, күнделікті жол полициясының бейнебақылау камераларына түсіп қалған жүргізушілер де назардан тыс қалмайды. Жылдамдықты арттырған, жол тәртібін сақтамағандары болса, сол жүргізуші істейтін автокомпанияға арнайы айыппұл хаттамасы жолданады. Одан бөлек, аталған кемшіліктерімен жиі көзге түскен автокомпаниялар болса, осыған сәйкес тендер жариялаған тиісті орындарға арнайы ақпарат жіберіледі,-дейді Е.Оспанов.Аялдамалар атауы жаңарту күтеді Қоғамдық көліктерге қатысты әңгіме қозғағанда көзімізге жиі шалынатын екі кемшілік және бар. Бірі аялдама атауларының жаңартылмай келе жатқаны болса, екіншісі – автобус салондарына ілінген анықтамалықтардың қазақ тіліндегі нұсқасының сақталмайтыны және оның дұрыс ілінбейтіні. Мәселен, Цемпоселок кентіне қатынайтын 38, 39, 40, 36 тағы да басқа автобус кондукторлары 12 қабаттық Шәкәрім университетінен өткеннен кейінгі аялдаманы «Технологически» деп атайды. Бұрын тап сол жерде Семей ет-сүт өнеркәсібі және технология институты болғаны рас. Алайда, ол бүгінде Шәкәрім университетінің негізгі оқу корпустарының бірі. Демек, аялдама атауы «Шәкәрім университеті» болуы керек. Жолдың екі жағындағы аялдама афишасынан «Институт аялдамасы» деген анықтамалықты алып тастайтын уақыт әлдеқашан жеткен.Жалпы, мұндай атаулар жетіп артылады. Айталық, қалалық Мәдениет сарайы тиіп тұрған тұстағы аялдама «30 гвардияшылар» аталады. Шындығында оны «Мәдениет сарайы аялдамасы» деп атаса қандай жарасымды болар еді. Затон аумағына жолыңыз түскенде «Борцов революции» аялдамасы бар. Оны сол маңға жақын көшеге сәйкес «Мәннан Тұрғанбаев көшесі аялдамасы» десе, көңілге қонымды болары хақ. Тап осы тұста «Таксомоторный парк» ЖШС-іне қарасты 35 бағыттағы автобусқа отырып, Шығыс кентіне жол тартатынымыз еске түседі. «Учелище» аялдамасынан өте салысымен келесі аялдаманы автобустағы ақпараттық хабарлама автоматты түрде «Бірінші саябақтар аялдамасы» деп  сарнап қоя береді. Тап осы нұсқадағы аялдама таулары 6 саяжай аялдамасынан өткенше «Екінші саябақтар, үшінші саябақтар т.б» атаулармен кете беретінін қайтерсіз?!Семей қалалық автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің сектор меңгерушісі Назым Жанболатованың бұл сорақылықтан хабары бар екен.-Мен осыған байланысты автобус кондукторымен де ол қарайтын серіктестік басшылығымен де сөйлестім. Білуімше, олар өздеріне тиесілі аялдама атауларының орысша нұсқасын арнайы Астанаға жөнелтіп, бір фирмаға ақысын төлеп аудартыпты. Ал аударманың дұрыстығына ешкім назар аудармаған. Аялдама саябақ емес, саяжай, яғни «Бірінші саяжай» болып басталуы керектігін ескерткенімде, осы үшін қаншама қаражат жұмсалғандықтан, қайтадан түзетуге шығын жұмсағысы келмейтіндіктерін байқатты. Расына келгенде, бұл – өз ісіне жауапсыз қарайтыны өз алдына, жаны ашымайтындығының белгісі. Әйтпесе, аударма жасатқаннан кейін оның дұрыс-бұрыстығын міндетті түрде тексеруі керек қой. Ал, қаладағы аялдама атауларының басым көпшілігі көше атаулары сияқты жаңарту күтетіні рас. Егер осыған сәйкес, өз ұсыныс, ойларын, жаңаша атау, нұсқаларын білдіргісі келетіндер болса, қуана қабылдаймыз. Мәселен, Шәкәрім даңғылы бұрылысында «Музыкалық мектеп» аялдамасы бар. Ол жерде музыкалық мектеп қазір жоқ. Есесіне су жаңа Халық банкі ғимараты тұр. Сондықтан, ол жер «Халық банкі аялдамасы» деп аталуы керек,-деген ойдамын, дейді Н. Жанболатова.Сөзіміздің басында кейбір қоғамдық көліктердің ішкі салондарындағы анықталмалықтардың дұрыс көрсетілмейтіндігін, қазақша нұсқаның көбіне «жасырынбақ ойнап» тұратындығын айтқан едік. Мысалы, 29 бағыттағы, 17 бағыттағы кейбір шағын автобустарда көліктің бағыт сызбасы төмен қаратып ілінсе, енді бірінде төлемақы бағасы көрсетілген ескертпе тігінен ілініп, астынан үстіне қарай оқылады. Н. Жанболатованың айтуынша, қоғамдық көлік қожайындары қазір бұл кемшілікке немқұрайлы қарағанымен, шағымдардың жіилеп кетуі олар үшін түбі жақсы болмайды. Яғни, өз қаласының тұрғындарына дұрыс қызмет сапасын көрсете алмаған автокомпания қожайындарының бәсекеге қабілетті қалпын сақтап қалуы да екіталай.Фотолар автордікі және 168.ru
Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 20.08.2020, 18:13
Су тазарту қондырғыларын жасап шығарады
Сайт әкімшілігі 13.08.2020, 19:15
"Доғарыңдар, ұрмаңдар!". Беларусьте сәрсенбі күні де наразылық акциялары жалғасты
Сайт әкімшілігі 13.08.2020, 16:40
Қазақстанда бір күнде 517 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды
Сайт әкімшілігі 13.08.2020, 02:00
Қазақстан ресейлік коронавирус вакцинасын толық сынақтан өтпейінше сатып алмайды
12.08.2020, 17:29
Қазақстан Ресейдің вакцинасын әзірге алмайды – ҚР ДСМ
Сайт әкімшілігі 12.08.2020, 16:48
Орталық клиникалық госпиталь соңғы науқасты шығарып салды

Аңдатпа


  • 100 жастағы әжей пневмониядан жазылып шықты
    20.09.2020, 14:39
  • Көлік кептелісінен құтылар күн бар ма?
    18.09.2020, 14:27
  • Емханаға тіркелу науқаны басталды
    18.09.2020, 14:13
  • Мегаполистің білім саласы автоматтандырылды
    20.09.2020, 13:46
  • Интернетте балаларға қауіпті тағы бір ойын пайда болды
    20.09.2020, 13:34