Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:37, 05 Мамыр 2023

Әкімнің жиналысына шақырылмайтын ауыл

None
None

Редакцияға сонау Солтүстік Қазақстан облысының Мағжан Жұмабаев ауданынан оқырманымыз хабарласты.

Телефон тұтқасын көтергеніміз сол «Сұлушоқының тағдыры қыл үстінде тұр» деп шырылдасын. «Қандай Сұлушоқы, қыл үстінде тұрғаны қалай, асықпай айтыңызшы» деп жатырмыз. Бұрын да көші-қон түйткілдерін айтып қоңырау шалып тұратын. Мағжан Жұмабаев ауданына Шымкенттен көшіп барған. Қоныс теуіп, тұрақтағалы да он жылға жуықтап қалыпты.

– Мағжан Жұмабаев ауданында «Сулышоқ» деген ауыл бар. Ел ішіндегі атауы, әрі тарихи аты – Сұлушоқы. Осыдан жеті-сегіз жыл бұрын ауылдағы жалғыз білім ошағы Қызыл Қазақстан мектебінің тағдыры тұманданып, білім ошағы жабылғалы жатқанда, айғайлап-аттандап, жан-жақтан адам жинап, мектепке оқушы, ауылға ағайын толтырғанбыз. Аудандық білім басқармасы енді сол білім ошағын жауып тастап, оқушыларды Успен ауылдық округінің орталығына апарып, орыс мектепке қосып жібермекші, – дейді.

Қазақ мектебінің тағдырын айтып шырылдаған оқырманымыздың өз өтініші бойынша аты-жөнін құпия қалдырғанды жөн көрдік. Ал бізге ақпарат берген кісі Сұлушоқы ауылында тұратын, мектептің жайын бірінші болып көпшілікке жайып салған Гүлнұр Ақаеваның телефон нөмірін тауып берді. Мәселенің жай-жапсарын Ақаева толық айтып береді деген соң, хабарластық. Сабақ өтіп жатқан жерінен дәрісін үзіп, бізбен әңгімелесті. Өзі 2017 жылы Талдықорғаннан көшіп барыпты. Жабылғалы тұрған Қызыл Қазақстан орталау мектебін құтқарып қалған алғашқы отбасының бірі.

Гүлнұрдың айтуынша, Сұлушоқы ауылына адам, мектепке оқушы керек деп, сол ауылдағы кәсіпкер Қайрат Жәнібеков жан-жаққа сауын айтқан көрінеді. Отызүйлі Сұлушоқының мектебі ғана емес, ауылдың тағдыры да тұманданып тұрған. Содан не керек, көштің басын 2017 жылы Ақаева бастапты. Кәсіпкер 5 үй салған, мемлекет 15 үйдің құрылысын аяқтапты. Сөйтіп, әне-міне мектеп жабылады, ауыл статусынан айырылады деген елдімекенге жан біткен.

  •  24 отбасы көшіп келіп орналастық. Ол кезде ауылда отыз түтін ғана бар еді. Қазір елу үйге толды. Біз көшіп келгенде Сулышокта 76 тұрғын болған, қазір 262 адамға жетті. Мектепте 7 оқушы ғана болған, қазір 77 бала оқиды, дайындық сыныпты қоссақ 95 бала бар. Қайрат Жәнібековке рақмет, біздің басымызға үй, алдымызға мал салып берді. Мысалы, маған 1 сиыр, 4 тайынша, 24 қой берген. Төлі менікі, басы Жәнібековке тән. Үш жылдан кейін тұяғын санап тұрып қайтардық. Ол малды бізден кейін келген отбасыларға да берді, – дейді Ақаева.

Ақаеваның әңгімесінен түсінгеніміздей, Сұлушоқыға көшіп барғандардың дені – Шымкент, Түркістан, Қызылорда, Тараз, Талдықорған жақтың адамдары екен. Әр үйден бес-алты бала мектепке барады. Кейіпкеріміздің өзінде асырап алғаны бар, өзінің балаларын қосқанда 17 бала ауылдағы мектепте оқиды. Өзі де, күйеуі де сонда мұғалім. Ол туралы алдағы сандарда толықтырып жазамыз.

  •  Сулышоктың балалары тозығы жеткен төрт бөлмелі мектепте екі ауысыммен білім алады. Мектеп тозып, құлауға шақ тұрған болатын. Содан ауылға мектеп салады деген әңгіме шықты. 800 миллион теңге бөлінді деп естідік. Бірақ соның соңы сиырқұйымшақтанып, мектеп салынбайтын болды. Не керек, ауылдағы жалғыз кәсіпкеріміз Қайрат Жәнібеков 18 миллион теңге ақшасын шығарып, білім ошағын күрделі жөндеуден өткізіп берді. Қайтсін, балаларымыздың тағдырына бей-жай қарап отыра алмайды ғой. Бірақ бұл білім ошағы 95 балаға тар. Мектеп жабылса, ауыл жабылады. Біз мектеп жабылып қалмау үшін келдік мұнда, – дейді.

Кәсіпкер ауылға мектеп қана емес, мәдениет үйін салып беріпті. Оның ішіне оқушыларға арнап теннис залын, концерт қоятын сахнасын жасап берген. Ауылда бұған дейін балабақша болмаған, биыл отыз орындық балабақша құрылысын бастапты. Ауыл мешіті де салынып жатқан көрінеді. Жарайды, ол бөлек әңгіме...

–Биыл қыста Успен ауылдық округінің орталығында әкімнің есеп беру жиналысы өтеді. Бірақ Сулышоктан бірде-бір адам шақырылмаған. Сол жиында әкім Сұлушоқыдағы жоғары сынып оқушыларын Успен ауылындағы орыс мектебіне әкеліп оқытамыз дегенді айтыпты. Ал ауылдың өзінде бастауыш сыныптары ғана қалады деген. Оны көрші ауыл тұрғындары айтып жүрді. Кеше аудандық білім бөлімінен біздің мектеп директорына қоңырау шалды. Директордың қасында отырған едім, бәрін өз құлағыммен естідім. «Мектептеріңізде өзгерістер болады, бастауыш сыныптары қалады, ал жоғары сынып оқушыларын Успен ауылына ауыстырамыз. Сондықтан Сулышокта «Д» категориясы бар көлік жүргізе алатын адам болса, сөйлесе беріңіз, күзден бастап оқушыларға арнайы автобус бөлінеді» деді. Төбемізден жай түскендей болдық бәріміз. Бар мектепті жауып тастайтын болса, бұл жаққа не үшін көшіп келдік? – деп шырылдайды көпбалалы ана.

Ақаева ата-аналарды жинап, хат жазғызып, «бәріне қарсымыз» деп қол қойдырған. Оның сөзінен түсінгеніміздей, егер жоғары сынып оқушыларын жылы орындарынан қозғаса, көшіп барған 24 отбасы түгелдей буынып-түйініп бұрынғы ауылдарына қайтуға дайын отыр. Өйткені көшіп барған отбасылардың дені мектепте жұмыс жасайды. Бәрінің нәпақасы жалғыз мектеп. Мемлекеттен егін егіп, мал бағуға жер берілмеген. Азын-аулақ мал-жанды ауыл іргесіне жайып, жем-шөбін дайындап алады екен. Сұлушоқыда жол мәселесі де күйіп тұр. Ауыл тұрғындары қыста қалың қарда аудан орталығына жете алмай қалады. Көктемгі жауын-шашында ауылдан ұзап шыға алмайды. Одан бөлек, балаларға арнап қыстық және жаздық стадион салу жоспарланып қойған. Әуелде ауданнан ақша бөлінеді деген уәде болыпты. Кейін аудан атқамінерлері қу шөппен ауыз сүрткен. Ауылдың жалғыз медеуі – мектебі ғана. Оны орыс мектебіне қосып жіберсе, теріскейдегі тағы бір қазақ ауылы Қазақстан картасынан өшеді деген сөз.

Шекара шебіне қазақ керек

Алаш қайраткері, ақын Мағжан Жұмабаевтың атын алған ауданның қазіргі хәлі қалай? Тәуелсіздіктен кейін қанша қазақ мектебі, қанша қазақ ауылы жабылды? Тағдыры қыл үстінде тұрған қанша білім ошағы бар? Ауданда қанша халық тұрады, басқа аймақтардан қанша адам көшіп барды? Осы сұрақтарымызға М.Жұмабаев ауданындағы халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Ғабит Сақтағановтың өзі жауап бере алмады. Өзі жауап бере алмағанымен қоймай, аудан әкімінің орынбасарына сілтеді. Аудан әкімінің орынбасары біздің телефонды көтермеді, арнайы хатқа ғана жауап беретінін айтып, Сақтағановтан сәлем жолдапты.

Аталмыш аудандағы – 41 мектептің оны аралас, бесеуі ғана таза қазақ мектебі қазір. Тәуелсіздігімізге – 32 жыл. Ал теріскейдегі ауылдар мен мектептердің жайы Кеңес одағы кезіндегіден бір мысқал өзгермеген. Ресми мекемелерден қайран болмаған соң, ауданындағы ауыл мен мектептердің тағдыры туралы үнемі шырылдап жүретін белсенділердің бірі – Нұржамал Тамбетованы таптық. Тамбетова Түркістан облысынан қоныс аударған, теріскейге бағытталған ішкі көші-қонның алғашқы қарлығаштарының бірі.

–Теріскейді қазаққа толтыру керек. Бұл уақыт күтпейтін мемлекеттік бағдарлама болса ғой, шіркін! Мәселен, Жұмабаевта бес қазақ мектебі ғана бар. Аудан орталығында Жұмабаев атындағы мектеп, содан кейін Сарытомар орта мектебі. Беняш орта мектебі мен Қызыл Қазақстан орталау мектебі, Сұлушоқыдағы Еңбекшіқазақ мектебі. Осылар ғана таза қазақ тілді білім ошақтары. Ал аралас мектептің саны – 10. Сол онның ішіндегі қазақ сыныптарына оқушы саны жетпейді деген сылтаумен қазақ кластары жабылып жатыр. Ал екі қазақ мектебінің жағдайы тіптен мүшкіл. Беняш орталау мектебі 1950 жылдары салынған бір қабатты үйде отыр. Жабылып қалуы мүмкін. Сұлушоқыдағы мектептің тағдырын өзіңіз естіп жатырсыз. Дүйсеке ауылында қазақ мектебі бар еді, ол жабылып қалған. Қазақ ауылдарындағы мектептердің есігіне құлып салынбау үшін оңтүстіктен қаншама қазақ отбасыларын көшірдік. Сонда да қазақ ауылдарын жабу туралы кері саясат жүретін сияқты көрінеді бұл жақта, – дейді ол.

Теріскейдегі мектептердің жабылуының бір себебі, мемлекеттен мектепті қаржыландыруға кететін шығын Қазақстан бойынша теріскейдегі білім ошақтарына көп қаржы жұмсалады екен. Өйткені мектептердің көбі үш қабатты, ал оқитын балалар саны аз. Әр сыныпта бестен-алтыдан ғана оқушы отырады. Мектепті жылыту, жарықпен қамтамасыз ету керек. Бұл жағынан келгенде бір балаға кететін шығын бірнеше миллион теңгеге түседі. Әрине, мектепті балаға толтырмай, білім ошағын ұстап отыру қиын.

Жұмабаев ауданындағы тағы бір түйткіл – шекара бекеттеріндегі мектептердің жайы. Тамбетованың айтуынша, Қазақстан шекарасын күзететін әскерилердің бәрі баласын орыс мектебіне беруге мәжбүр. Өйткені шекара бекеттерінде бірде-бір қазақ мектебі жоқ. Көшіп барған қазақтар шекара бекеттеріне қоныстанғысы келгенімен, онда қазақ мектебі болмаған соң, амалсыз басқа ауылдарға баратын көрінеді. Шекарадағы елдімекендерді қазақыландыру саясатына келгенде аудан әкімдігі шаруаны кері тартып отырған сияқты.

–Шекара дегеніміз – мемлекеттің ұлттық, географиялық қауіпсіздігі. Онда неге біз шекарамызды қазаққа толтырмаймыз? Мәселен, Жұмабаев ауданында Коников деген шекара заставасы бар. Орыс мектебі ғана салынған. Қазақтар көшіп барғысы келгенімен, баласы үшін амалсыз басқа ауылдарға барады. Қарақоға, Қарағанды деген заставаларда да сондай жағдай. Қысқасы, бұл жақта орыс ауылдары мен орыс мектептеріне ғана жақсы жағдай жасалған. Мысалы, Сұлушоқыда неге бір қабатты мектеп салынады да, ал оның қасындағы Успен ауылындағы орыс мектебі не үшін үш қабатты болу керек? Осының өзінен үлкен сұрақ тумай ма? Сонда Жұмабаев ауданын білмейтін біреу бұл жақта кілең орыстар тұрады екен, қазақтар аз демей ме? Әрине, ондай ойдың туатыны ақиқат. Сондықтан теріскейдегі Жұмабаев ауданының дамуы мен елдімекендерді қазақыландыруға мемлекеттің айрықша ұлттық саясаты керек, – дейді белсенді мұғалім.

Мағжан Жұмабаев ауданын қайдам, ғаламторға жүгініп отырып Петропавл қаласындағы қырық шақты мектептің 8-і ғана қазақ мектебі екеніне көз жеткіздік, оның тең жартысындағы қарым-қатыныс тілі – тағы да орысша. Осыдан кейін теріскейді қазақыландыру деген әңгіменің бүгін-ертең орындалмайтын арман екенін амалсыз мойындайсың.

Мағжан Жұмабаев ауданына осы уақытқа дейін 300-ге жуық отбасы көшіп барып қоныстаныпты. Олардың арасында мұғалім, дәрігер, мал дәрігері, жеке кәсіпкерлер де бар. Кері көшіп кеткендер де жоқ емес. Аудандық Октябрь орта мектебі директорының орынбасары Нұржамал Тамбетова ондайлардың саны 1 пайыздан аспайды дегенді айтты.

–Қазақта «Бір құмалақ, бір қарын майды шірітеді» деген сөз бар. Мағжан Жұмабаев ауданына келіп, жерсіне алмай көшіп кетіпті деген адамды маған көрсетіңізші! Ондайлар менің көлеңкемді көрсе қашады. Өйткені олар алаяқтар. Банктен несие алып төлей алмай, бақай есеппен теріскейге көшіп келіп, мемлекеттен ақша алған соң табандарын жалтыратқандар. Олардың саны 1 пайыздан аспайды.

Теріскейге келіп табандап, тұрақтап қалғандардың арасынан әкім де, мектеп директоры да шығып жатыр. Мысалы, Түркістан облысының Шаян ауданынан келген Нұркен Нұрсейітов деген жігіт бар осында. Өзінің төрт баласы бар еді, оған қосып, бес бала асырап алды. Жағдайы өте жақсы. Қазығұрттан көшіп келген Мақсат Есжанов деген азамат бар, қазір Аққайың ауылдық округінің әкімі. Сегіз баласымен Сарыағаштан көшіп келген Мұрат деген жігіт те елге үлгі болып жүр. Сарыағаштан келген Балабек деген жігіт аудан орталығынан «Шайхана» деген кафе ашып алды. Көлік және кілем жуатын орталықтары бар. Есіме түскендерін ғана айтып отырмын. Ондайлар өте көп.

Қостанай, Павлодар облыстарында жерге, руға бөлу, оңтүстіктен келгендерді түртпектеу сияқты пендешіліктер бар дегенді естіп жатамыз. Алайда ондай мінез біздің Мағжан Жұмабаев ауданында жоқ. Өзіміз де ондайға жеткізбейтін шығармыз. Бұл жақта «Ал балық, аузыма сал балық» дейтін жалқаулар мен алаяқтарға ғана орын жоқ. Әйтпесе, мұнда бәрі бар. Тек еңбек ету керек! – дейді бізге сұхбат берген Нұржамал Тамбетова.

Теріскейді қазақыландыру мемлекет саясатының бір тармағы. Алайда кедергі көп пе, жұмыс қарқыны баяу. Оның үстіне, жер егіп, мал бағамыз деген қаншама шаруа ұлтарақтай жер ала алмай, көштің басын кері бұруда. Өйткені жердің иесі қазақтар емес, Ресейге көшіп кеткен орыстар деген дерек бар. «Жас Алаш» теріскейдегі қазақ жерінің қожайындары туралы зерттеу материал дайындап жатыр, алдағы сандардың бірінен оқисыздар.

Бет қатталып жатқанда

Мағжан Жұмабаев ауданындағы Успен ауылдық округінің әкіміне хабарластық. Сұлушоқы ауылындағы жалғыз қазақ мектебінің тағдырын тәлкекке айналдырған басшының телефоны алғаш қосылып тұрған, кейін «байланыс аясынан тыс жерде» болып қалды. Ал аудандық білім бөлімі әлеуметтік желіге «Сулышокы мектебінде ешқандай өзгеріс болмайды, бәрі бұрынғыдай қалады» дегенді айтып, пікір қалдырыпты. Бірақ бізге ақпарат берген сенімді өкіліміздің айтуынша, бұл «жаңалық» облыстық білім басқармасынан шығып отырған көрінеді. Сұлушоқыдағы мектеп жабылмайды деп әңгімені жылы жапқанымен, Успен орта мектебіне қосып, қайта құрылымдау (реорганизация) жасайтындары анық екен. Сонда бұлар кімді алдап отыр? Мектепті жабу мен қайта құрылымдаудың айырмасы неде?

Тегтер: