Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:00, 21 Қыркүйек 2024

Ақын Бердібек Соқпақбаев

Б. Соқпақбаев, С. Мұратбаеков, Т. Ахтанов

«Әдебиетке менің әуел баста ақын ретінде келгенімді қазіргі жас оқырмандар біле қоймауы мүмкін. Қожа айтқандай, мен өлеңді мектепте оқып жүріп жаздым. 1942 жылы Қарағандыда ФЗО-ның оқуына кетіп бара жатып:

Нарынқол, туып-өскен ауданым-ай,

Көркем жер болмас сенің аумағыңдай.

Кетерде сенен ұзап көзім қимай,

Қызыл тіл өлеңдетіп зауладым-ай! –

деп жырлаған едім. Жас, албырт кезде басымнан кешкендерді өлең етіп жазып, жұрт бас қосқан жерлерде тақпақтап айтып беріп отыратын әдетім болатын. Әзіл-оспақ өлеңдерді де көп жазғанмын. Баймұқан секілді теңтұс достарым сол кездегі өлең-жырларымды ұмытпай, ел арасында айтатын көрінеді».

Бұл – Бердібек Соқпақбаевтың 1981 жылы «Қазақ әдебиеті» газетіне берген сұхбатынан үзінді. Осы ойларға мысалдар келтіріп көрейік.

Иә, өзі айтқандай, болашақ жазушы әуелі тәп-тәуір ақын болып жүрді. «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат» шығармаларында жазғанындай, бала кезден өлеңге құмартты. Өзінің айтуынша, Абайдың көп өлеңін, «Батырлар жыры» жинағындағы бірнеше дастанды жатқа білген.

Студент Бердібек Қаз-ПИ-де оқып жүргенде әдебиет үйірмесін басқарады. Үйірмеде Мұхтар Әуезовтен бастап, белгілі қаламгерлер лекция оқиды, шығармашылық кездесулер өтеді. Сондай жиындардың бірінде Бердібек алғашқы өлеңдерін сол кезде аты дүркіреп тұрған, әйгілі Қасым Аманжоловқа оқып береді. Оны Бердібек былай баяндайды:

«Әр өлеңді оқимын да, Қасымның жүзіне қараймын. Үлкен ақын қандай әсер алды, не айтар екен? Оның әр сөзі мен үшін үкім еді. «Тышқан мен қандал» атты ұзақтау мысал өлеңімді оқи бастадым. (Менің өлеңдерімнің бәрі дерлік балаларға арналған).

Үй иесі шықты да,

Бекітіп кетті есікті.

Сандықтың жатып астында,

Тышқан бәрі есітті...

– Тоқта! – деп Қасекең қолын созды. Мен кілт тоқтадым. Қасекең бетін отырған жұртқа бұрып, қолын маған қарай әлі де соза тұрып:

– Міне, өлең осылай жазылу керек! Бірде-бір артық сөз жоқ. Бәрі орын-орнында, – деді. Менің төбем көкке жетті. Біраз өлеңдерім ақынға ұнамады...»

Осы жиын соңында Қасым Бердібекке «жинағыңды шығаруға ұсынып көр, Әбу Сәрсенбаевқа сен туралы айтамын» деп, баспаға жол сілтейді. Сөйтіп ешқандай бөгеліссіз, 1950 жылы мұқабасына өзінің суреті жарияланған, шағын ғана «Бұлақ» жинағы өмірге келеді. Жинақта негізінен балаларға арналған өлеңдер топтастырылған. Ол жинақтың ішінде кейін елге тарап кеткен, ел арасында жатталып қалған өлеңдер бар. Мысалы – «Саққұлақ» өлеңі.

Күшігім менің Саққұлақ,

Келеді әне шапқылап.

Сақтығыңды көрейін,

Қойшы атайға берейін», –

деген шумақты білмейтіндер кемде-кем. Бір қызығы – бұл өлеңнің жалғасы бар екен. Былай жалғасады.

Колхоз малын күзетіс,

Қасқыр келсе ала түс.

Қасқыр – малдың қас жауы,

Азуыңды сала түс.

Ақ балтаны ала сап,

Мен де жетіп барайын.

Сен екеуміз ортаға ап,

Тарттыралық сазайын.

Қазақ әдебиеті Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсіреповтер кезеңімен жаңа сатыға көтеріліп, аудармалар қолға алынып, әдебиетке көңіл бөліне бастағанымен, балалар әдебиеті қадамын тәй-тәй баса бастаған кез еді бұл. Сол өлшеммен қарағанда, 26 жастағы Бердібектің «Бұлағы» ерекше жинақ.

«Жүріңдер, балалар,

Сырғанақ тебеміз.

Құрыспай,

Құрыштай,

Шынықсын денеміз», –

деген секілді шумақтар кейін талайлардың көкейінде жатталып қалды.

Енді өзі айтқан әзіл өлеңдерге келелік. Оған мысал ретінде замандасы Серік Қирабаевтың естелігінен үзінді келтірсек де жетіп жатыр.

«Бердібек белгілі ақындардың өлеңдерін өзгертіп айтуға шебер еді. Студент кезінің өзінде оның Абайша жырлаған:

Көңілім қалды арақтан, шараптан да,

Ауыртпаған бірі жоқ таң атқанда.

Сосын тағы кіржиіп, қиналасың,

Қалтадағы тиынды санатқанда.

Арақтан көңіл шіркін аянған ба,

Кім тұрар милиция таянғанда.

Жатасың кең көшеде мол көсіліп,

Пальто да, кәстөм де жоқ оянғанда, –

деген сияқты өлеңдері болатын. Бірақ ол ішкіштердің қатарына қосылмайтын. Достармен бас қосып қалғанда ел қатарлы көңілді отырғаны болмаса, артық мінез көрсеткен емес. Өлеңдегі жолдар жалпы шындықты айтқаны да.

Біздің студент кезімізде қазіргі «Алтын алма» ресторанының орнында «Алматы» деген ресторан тұрды. Соның кең бір залында сырттан келген ерлі-зайыпты екі адам Алматы жастарына бал билерін үйретті. Сол үйірмеге қызығушылық танытып, бәріміз бардық. Кейде сабақтан шыға сала, асығыс би сабағына жүгіретінбіз. Сондай бір күндері Бердібекке соқсам, ол қасындағы балаға:

– Сен Әкімбайға айт –

Бердібек асықты де!

Жумай кетті

Тарелка, қасықты де, –

деп Сәбитше тапсырма беріп жатыр екен. Асығып айтылса да, өлең жолдарын өзгертіп, жаңа жағдайға икемдеу оның айрықша қабілетін танытатын еді».

Жоғарыда үзінді келтірген «Қазақ әдебиетінде» Бердібек мынадай ой айтады. Оның өлеңге қайта оралмау себебі де осы болса керек:

«Өлеңдеріңізді сұрыптап, жинақ етіп беріңіз дейді кей жолдастар. Ол да ойымда жоқ емес. Бірақ құнттай алмай келемін. Проза саласындағы шаруамды тындырып болған адамша поэзияға қайта оралуым жараса ма деп те жүрексінем. Осындай ой толғанысы үстінде өзімнен өзім міңгірлеп, сыр шертемін.

Жазып та көрдім мен де өлең,

Жазып та көрдім, қара сөз.

Ерте ме, кеш пе, мен де өлем,

Өлмейтін тек дана сөз...

Осы өлмейтін дана сөз қолға оңайдан түспейтінін салауатты ақын-жазушы түгел біледі. Бәрі де арман етеді. Ал арманына жететіндер – мыңнан біреу...»

Асылан ТІЛЕГЕН