Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:54

Ақын Темірхан Медетбек өмірден озды

Темірхан Медетбек
Фото: ашық дереккөз

Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Темірхан Медетбек 80 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.

Ақынның қазасы туралы  Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары, ақын Қасымхан Бегманов әлеуметтік желіде хабарлаған. Ол Темірхан Медетбектің соңғы күндері ауыр халде жансақтау бөлімінде жатқанын жазды.

Темірхан Медетбек 1945 жылы 6 наурызда Түркістан облысының Аманкелді ауылында дүниеге келген. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының филология факультетін тәмамдаған. Шығармашылық жолын радиода бастаған ол кейінірек газет-журнал редакцияларында, Жазушылар одағында, Мемлекеттік кеңесте, мәдениет мекемелерінде түрлі лауазымды қызметтер атқарды.

Ақынның алғашқы жинағы – «Жанымның жас құрағы» 1970 жылы кітап болып басылды. Содан бері ондаған жыр жинақтары, әдеби-сын еңбектері мен публицистикалық мақалалары жарық көрді. 

2000 жылы жарық көрген «Тағдырлы жылдар жырлары» жинағы үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілді.

Сонымен қатар, «Жанымның жапырақтары», «Сапар алдында», «Алыс шақырымдар», «Мәртебе», «Әуедегі толқындар», «Дауыс», «Көгершін қауырсындары», «Аңқа кептірген аңызақ», «Сырым бар саған айтатын», Көк түріктер сарыны», ІІІ томдық «Таңдамалы жыр жинағы» секілді оннан астам жыр жинақтарының авторы. «Менің Абайым», «Баба дәстүрдің мұрагері кім?», «Сегіз қырлы сексен сырлы әлем бұл» атты сын кітаптары, «Толғауы тоқсан дүние» атты публицистикалық ой-толғаулар мен эсселер кітабы жарық көрген.

Өлеңдері қырғыз, өзбек, украин, орыс, қытай, татар тілдеріне аударылған. Пушкин, Лермонтов, Якуб Колас, Янка Купала, Леся Украинка, Радован Загович, Бодлер, Верхарн, Пабло Неруда, Незвал, Эркин Вахидов, Кулаковский сияқты ақындардың өлеңдерін, сондай-ақ Генрих Бельдің «Иесіз үй» романы мен Владимир Набоковтың бірнеше шығармаларын тәржімалаған.