Ақырғы аманат
Қажығұмар Шабданұлының 2010 жылы «Жас Алаш» газетіне берген сұхбаты
«Қажығұмар Шабданұлы! Осы бір есімді естіп білмеген қазақ баласы, әй, жоқ шығар-ау. Оны қазақ әдебиетінің классигі, Шыңжаңдағы жаңа әдебиеттің негізін салушылардың бірі ретінде танымаса да, дүниежүзілік рекордтар кітабына енген адам ретінде жақсы біледі. Рекордтар кітабы... Қай саладан қара үзіп шықты дейсіз ғой? Абақтыда ең ұзақ отыру жағынан. Шабданұлы қазір 84 жаста. Арадағы үзілістерді есепке алмағанда, ол осы жылдардың тең жарымын түрмеде өткізіпті. Осылай боларын сезгендей, тағдыр оған біршама ұзақ ғұмыр сыйлады. Сексен төрт жыл жазуға да, қапаста отыруға да молынан жетіп тұр...».
Бұл – Қажығұмар Шабданұлының алты томдық «Қылмыс» романының бірінші томындағы алғысөз. Қажекеңнің жоғын жоқтап, барын түгендеп жүрген Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов жазған алғысөз.
«Қылмыстың» бірінші бетін аша салғанда-ақ, басыма бір «қылмысты» ой сап ете қалды. «Шәуешекке баруым керек. Аңыз адам – Қажығұмар Шабданұлына. Көзі тірісінде Қажекемді бір көрейін, батасын алайын. «Қылмысын» көрсетіп, сүйіншісін сұрайын. Мыналардың қимылдайтын түрі жоқ тіпті. Қазақтың Қажығұмарының аманатын алып келсем, биліктегілер де оянар, бәлкім.
«Сап-сап сабазым, сап-сап! Кеңес өкіметінің «тыңшысына», Қытайдың «халық жауына» қалай жолықпақсың? Сен түгілі Қабдеш ағаның өзі Шәуешекке барып тұрып, Қажекеңді көре алмай кетті емес пе?!» дейді ішкі бір дауысым менің әлгі «қылмысты» ойымнан шошып кетіп. Нартәуекел! Тарттым Шәуешекке. Қажығұмар иісі қазаққа қажет. Сол қазақтың бірі – менмін. Қазақтың жаны қазақтан артық емес. Жолықсам, жолығармын. Әйтпесе, сәлемдеме беріп жіберермін...».
Бас редактор ниетімді бірден құптады. «Арнайы іссапармен барып қайт. Абай бол. Дұғай сәлем айт», – деді. Сонымен, ертеңінде құжаттарымды құнттай бастадым. Үш күннен соң ұшаққа билет алып, дәп бір саудагерге ұқсап әуежайда тұрдым қалқайып. «Кеңестер одағының тыңшысымен» тілдесуді мақсат етіп, бірінші «қылмысқа» бел бусам, әуежайға келгенде екінші «қылмысым» есіме түсіп, жүрегім зу ете қалды. «Қылмыстың» бірінші томын салып алғам сөмкеме. «Өзіміздікілерден амалдап өтермін-ау, қытайларды қайтем? «Қылмысымды» біліп қойып, келген ұшағыммен қайтарып жібермей ме? Қайтарып жіберсе жақсы ғой...» деп қоям іштей. Алматыдан Үрімжіге дейін ұшақ бір сағат он минут ұшады екен. Мінген ұшағымыз зікір салған бақсыдай дігірлеп келіп Үрімжінің әуежайына қонғанда көз байланып қалған кез-тін. Ұшақтан түсіп, қытайлық кеденшілерге беттедік. Біркиер киімдер ғана салынған жеңіл сөмкем зілдей қара тас салып қойғандай құдды. Маңдайымнан шып-шып суық тер шықты. Мені көп саудагердің бірі деп ойлады ма, әлде басқа мәселемен бас қатырып жатты ма, әйтеуір, қысық көз «туысқандар» сөмкемді ашқызбады. Сөйтіп, оп-оңай өте шықтым арғы бетке.
Ұйғыр ағайындардың өткен жылдың жазындағы бүлігінен кейін Үрімжіде тәртіп күшейген. Бірінен-бірі күдіктенеді. Ұйғыры да, қазағы да, дағұры да. Жолсерік қазақтан Жанәбілді сұрадым. Шыңжаң ұйғыр автономиясын талай жыл басқарған атақты Жанәбілді. Қазақстандағы қазақтар Димекеңді, Дінмұхамед Ахметұлын қалай құрметтесе, Қытай қазақтары Жанәбілді дәл солай құрметтейді. Жолсерігімнің досы Жәкеңнің туысы болып шықты. Бекер обалы не керек, менің көзімше ол кісіге тікелей телефон соқты. Бірақ, Жәкеңнің қолы босамай қалды. Оған өкпелегеміз жоқ. Негізгі мақсатым басқа. Даңғазалатпай, екі елдің арасын дүрліктірмей қайтсам, Жәкеңе тағы келермін...
Үрімжі мен Шәуешектің арасы шамамен алты жүз шақырымдай. Қытайдың көп жүргізушілерінің бірін «майлап» алып, Шәуешекке тартып кеттім. Құдай оңдағанда әлгі қытайым қазақша «әліпті таяқ деп біледі» екен. Өзі Шәуешектен. Қазақ достары көп көрінеді. Арқа-жарқа боп қалдық. Менің Қазақстаннан екенімді естіген әлгі қытай жата кеп жабысты маған. «Хаупың иу (жақсы дос болайық – Е.Р), маған қасқырдың асығы мен тісін әкеліп берші», – деп. Кейін білдім, қытайлардың қасқырды қатты құрметтейтінін.
Жолай қыртысын тессең мұнай атқылайтын Қарамай қаласына бір соғып, Шәуешекке түннің бір уағында жеттік. Қонақүйге орнығып алған соң ойға алған «қылмысымды» қалай іске асырудың жоспарын жасамақпын. Ең алдымен жақсылап тынығып алу керек. Одан кейін тамыр-таныс, дос-жаран арқылы Қажекеңнің алыс-жақын бір туысын тауып алғаным жөн. Ол Қажекеңнің үйіне емін-еркін кіріп-шығып жүретін адам болуы тиіс...
Шәуешектегі достар ертеңінде қаланың шетіндегі отбасылық асханаға шақырды. Отбасылық асхана – емін-еркін саясат соғатын жер. Қытайды қан қақсатқан Мао Цзедун туралы небір қызық һәм күлкілі әңгіме де осы жерде айтылады. Қуғын-сүргінді көп көрген қандастарымыз амалдап жүріп шер тарқатысудың ретін осылай тауыпты. Қонаққа шақырған достарым менің өтінішім бойынша Қажекеңнің бір туысын ерте келіпті. Әрі ақын, әрі әнші екен өзі. Ә дегенде маған күдікпен қарады. Арғы беттегі қазақтар жайшылықта Қажығұмар Шабданұлының атын атауға қорқады. Мұнысы түсінікті де.
Бір күн отбасылық асханада, тағы бір күн қонақүйде жата-жастана әңгімелескен соң әлгі жігіт (ақын, әнші-композитор Қайрат Кәмейдің аты-жөнін сол тұста белгілі себептермен атай алмаған едік, қазір ол Қазақстанда тұрады – Е.Р) көнді ақыры. Бірақ, мына жайтты қадап ескертті: «Ақсақалдың туысы болғаным үшін ғана талай қуғынды бастан өткергем. Артымда адам жүр. Соншама жерден не үшін арнайы келгеніңізді түсініп отырмын. Мен де бір азаматтық жасауым керек-ақ. Сізді Қажекеңмен жолықтырайын, бірақ, ол кісі әлі күнге дейін аңдуда. Үйіне тыңдайтын құрал орнатқан. Бейнетаспаға түсіре ме деген күдігім де бар. Өйткені, кірген-шыққан адамның бәрін біліп отырады. «Әу» деп әңгімемізді бастағаннан-ақ сіз екеумізді ұстап әкетуі мүмкін. Ұстамаған күнде де ол кісімен сүтпісірім уақыт қана тілдесіп, тездетіп шекарадан шығып кетуіңіз керек. Бір күн қалсаңыз, оп-оңай тауып алады. Ал мені біраз әурелейтін болды. Қажекемнің туысы болғаным үшін мен кінәлі емеспін. Сол үшін қамаймын десе, оған да көндім. Ал сізге мұнда ұзақ қалуға болмайды. Көнесіз бе осыған?»
Көнбегенде ше?! Соншама жерден келгендегі мақсатымыз осы емес пе еді? «Тыңшымен кездесуге келген сен де тыңшысың» деп ұстап алса, оны көрерміз. Ұстамаса, бір амалын табармыз.
Дегенмен де, іште үрей бар. «Осы саған қажет пе еді? Сау басыңа сақина тілеп...» дейді пендешілігім. Кәсиби желік пен азаматтық ар-ождан пендешілікті жеңді ақыры.

Қажығұмар ШАБДАНҰЛЫ: Мені өлтірмей жүрген – қуаныш пен үміт
...Қажекең Шәуешектің шетіндегі көпқабатты үйлердің бірінде тұрады екен. Кемпірі екеуі ғана. Үйге жақындағанда төменгі қабаттағы қылтимадан қарап тұрған қара шалды көзім шалды. Қажекең осы кісі екен. Жүрегім атқақтап аузыма тығылды. Жан-жағымызға алақ-жұлақ қарап, үйге кірдік. Жұпыны үй, жүдеу шал мен кемпір. Қысқа ғана аман-саулық сұрасқан соң төргі бөлмеге жайғастық. Құйрық басқанымыз сол еді, біреу есікті қақты. «Ойпырым-ай, бұл кім болды? Біліп қоймаса жарар еді. Мен сізге ескерттім ғой, Ереке!», – деп күбірледі Қажекеңнің туысы. Жасыратын несі бар, төбемнен біреу сұп-суық су құйып жібергендей тұла бойым дір етті.
Құлпының сырт-сырт ашылғаны естіліп, үйге мұрты қияқтай бір қазақ жігіт кіріп келді де, Қажекеңе көңіл айтып жатыр. Ух!.. Бұрнағы күні Қажекеңнің бір туысы қайтыс болғанын кездесуге келе жатқанда естігем. Әлгі жігіт ақсақалға көңіл айтуға келген бір ағайыны екен.
Өмірінің жартысын суық түрмеде өткізген жазушы ып-ыстық алақанымен менің қолдарымды қайта-қайта қысып, кемсеңдеп ұзақ жылады. Не жұбатудың ретін таппай, не әңгімені бастаудың жөнін келтіре алмай біз отырмыз қиналып.
Біршама үнсіздіктен соң, қойныма тығып әкелген кітапты ұстата салдым қолына. Сасқан үйректің кері ғой мұным. Алғашында кітапты аударып-төңкеріп қараған Қажекең, мұның өз кітабы екенін түсінген соң кеудесіне басып отырып, тағы жылады. Қарт адамның жылағаны мұнша ауыр болар ма! Тамағыма ащы өксік тығылды...
«Ат-көлік аман жеттің бе, балам? Елдің жайы қалай? Мына жаман шалды ұмытпағандарыңа рахмет», – деп Қажығұмар ақсақал етек-жеңін қымтап, әңгімелесуге дайынмын дегендей ыңғай білдірді.
– Халық сізді ұмытқан жоқ, ата. Сол халқыңыздың аманатын арқалап, елден келген бетім. Қолыңыздағы – жақында шыққан алты томдық «Қылмыс» романыңыздың алғашқы кітабы. Сізге арнайы әкелдім.
– Ойпырмай, ә! Мұны шекарадан қалай алып өттің? «Қылмыскердің» қылмысты кітабын қалайша өткізді бұлар? Етек-жеңге дейін шұқшиып тексеруші еді ғой. Әлде «өлмелі шалдан енді қандай тыңшы шықсын» деп қайыс ноқтасын босатайын деді ме? «Мына Қажығұмар не жазды екен?» деп қытай тіліне аудартып жатқан да болар, бәлкім.
Рахмет, қалқам, мынаны әкелгеніңе! Кітабымның шыққанын елдегі қызым хабарлап айтқан. Бірақ әлі қолыма тие қойған жоқ еді.
– Ата, денсаулығыңыз қалай?
– Денсаулық жақсы емес, нәугінсай (бас қантамырларының кеңеюі – Е.Р.) деген бір ауруым бар. Оң жақ самай тұстан келетін ауру дейді білетіндер. Ондай дерт менде бар ма, жоқ па, өзім де нақты білмеймін. Бар дейді, әйтеуір.
– Қажымаңыз, ата. Сүйегі асыл адамсыз ғой. Қырығына шыдадыңыз. Енді қырық біріне де шыдаңыз. Сізді халқыңыз күтіп отыр. Өзіңізді елге қайтару үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Жасап та жатырмыз. Бұл жөнінде «Жас Алаш» бірнеше мәрте мәселе көтерген. Қабдеш ағаны білесіз. Ол кісі де тыныш жатқан жоқ. Сізді қайткен күнде де елге қайтарып аламыз...
– Рахмет ниеттеріңе. Туған жеріме жетпей, жат елде, жат жерде өлуге хақым жоқ менің. Адамның дегені бола бере ме? Кәрілік жеңбей қоймайды бәрібір. Осыдан қорқам.
Бұрынғыдай емес, Қазақ республикасы құрылғаннан кейін сүйінішім көбейді. Мені өлтірмей жүрген де сол қуаныш пен үміт. Мына өкімет не істетем десе де, қолынан келеді. Бұлармен менің ымырам жоқ.
– Бұған дейін сіздің жағдайыңызды сұрап, елден біреу-міреу келді ме?
– Мені көргісі келетіндер көп қой ел жақта. Рахмет айтуға болады. Бірақ көрсетпейді ғой мыналар. Сенің қалай келіп қалғаныңа таңданып отырмын. Өкіметтің дұрысы да, бұрысы да мен үшін бірдей боп барады. Қамаймын десе, қамайды, елге қайтарам десе, қайтарады…
– Соңғы уақытта не жазып жүрсіз?
– Мен әбден қажыған, қартайған адаммын. Қажыған адам не жазушы еді? Қазақ халқына менің септігім тиген жоқ. Оның есесін қайтармақ едім. Мына құрып қалғыр нәугінсай пайда болып, күш-қайрат кеткелі жазуды қойдым.
Жазып бастағаным бар еді. Оным аяқсыз қалды. Тәп-тәуір бастап жазған сияқты едім. Амал қанша.
– Не жазып бастап едіңіз?
– Қазақтың қырсығын түгендеп шықпақ болып, «Төте қырсық» деген шығарма бастағам. Қырсық деген көне сөз ғой.
– Сонда қазақтың қырсығы не екен?
– Өзің күнде көріп жүрген қырсықтар. Ең жаман жау. Мен оның басты төртеуін жаздым – рушылдық, жікшілдік, жалқаулық, көреалмаушылық. Қажыр-қайрат болса, аяқтап тастайтын-ақ едім. Ауру жабысқалы бері міне, отырмын омалып. Қайратым болса, бұл төрт қырсықтың быт-шытын шығарар едім. Оның үстіне ілім-сана жағынан да жетіліп қалған кезім еді.
Қазір мен ауысып кеткен сияқтымын. Ауысқаным, ақыл-ес жағынан емес. Бір қисынды ойды ойлап аламын да, артынша ұмытамын. Нәугінсәйі осы болса керек, сірә.
– Шығармаңыздың қай тұсына келдіңіз?
– Ол былай... «Төте қырсықты» төрт түрлі қағазға төрт рет қайтара жазып шыққанмын. Бет сандары дұрыс емес. Жаңылып қалдым. Қорытындылап, бет санын реттеуге шама жоқ.
– Сіз қазаққа көп нәрсе бердіңіз. Әлі де береріңіз мол...
– Рахмет, қазақ халқы барда мен өлмеймін. Сенетінім де сол. Бұрынғыдай опырып-жапырып шыға келетіндей қауқар жоқ менде. Әйтеуір бір күн болса да тірі жүрейін деген ой ғана бар. Дүние деген қызық қой. Бір күн олай, бір күн былай. Ойламаған жерден бір пәле кездесе кетеді, ойламаған жерден бір үміт пайда болады. Қазір мен пәледен қорықпаймын. Тірі болсам болды. Тірі болғаныммен күннен-күнге үмітім әлсіреп барады. Бұрын сенімім күшті еді. Қазір ол да жоқ. Пушкиннің айтатыны бар ғой:
Ақыным, елпеңдеме екі сөйлеп,
Өткінші өтер кетер гуілдеп... бос
Менің өмірім де осылайша гуілдекпен келе жатыр. Көп нәрсеге ызаланамын. Менің көрген қорлығым өте қиын. Ем қонбайды. Маған ем қондырам деген үміт жоқ. Адамзат осылай қатыгездене бере ме дейсің кейде. Әр нәрсенің шегі болады ғой...
Дүниенің қасиеті үміттенуде. Үміт жоқ жерде ештеңе жоқ. Менің бар үмітім – өз елімнің бір төбешігін томпайту ғана. Қазақ өкіметіне үмітпен қараймын әлі. «Бір жаман шалын елге қайтара алмай отырған қандай өкімет бұл?» деп қынжыламын кейде. Жамандық атаулының бәрі менің өміріммен бірге келе жатқанына күйінемін. Ең болмаса, өлер шағымда туған елімнің топырағын бір иіскеп барып өлсем деймін. Ол арманыма жете аламын ба, жете алмаймын ба, оны білмеймін. Бәрі өкіметтің қолында ғой.
Өкімет демекші, Ленин деген болды ғой. Мен оны жақсы көрдім. Данышпан екен деп жүрдім. Сөйтсем, бір ит екен. Кейін көзім жетті бұған. Лениннің қазаққа ешқандай жақсылығы өтпепті. Қазір Лениннің өкіметі жоқ қой. Қазақтың өзінің өкіметі бар. Қазақ ел болам десе, шетте жүрген қазақтардың бәрін қайтаруы қажет. Соның бірі – әбден қажыған, шаршаған мына мен.
– Қазақ елі тәуелсіз мемлекет қой. Ата заңы, президенті бар. Президент Назарбаевтың өзіне тікелей хат жаздыңыз ба?
– Жазғанмын. Бір емес бірнеше рет. Ол хатым жетті ме, жетпеді ме, ол жағы маған белгісіз. Дегенмен де, қырық жыл түрмеде отырған мені ол білмей отырған жоқ. Біліп отыр ғой бәрін.
Менде күнә жоқ. Күнәға ерікті-еріксіз ортақ болғаннан кейін ақтала берем. Күнәні баяғы мінезімнен табам. Мен өте бауырмал болдым. Бауырмалдығымнан да күнә таптым. Осы уақытқа дейін бірде-бір қытай менімен бетпе-бет келген емес. Ұстап беретіндер – сол баяғы өзім бауырмалдық жасаған жаман қазақ пен жаман ұйғыр.
«Шпионсың» деп ұстайды. Шпион екенімді өзім де білмейтін болып шығам. Мал бауыздағаннан қорқатын адамнан қандай шпион шығатынын түсінбеймін.
Мен әбден шаршағанда келдің, балам. Талай нәрсені айтқым келіп-ақ отыр. Бірақ, мына тілі құрғыр күрмеле береді, күрмеле береді. Шаршап та қалдым.
– Елге не сәлем айтасыз, ата?
– Айтарым да, арманым да көп. Қайсыбірін айта берейін. Ішкі саясат, сыртқы саясат дейді. Кейде тілім жеткенше боқтағым келеді. «Бүйткен ішкі-сыртқы саясатыңды сенің...» деп.
Мені тездетіп елге қайтарыңдар. «Дүниені былғамай, тезірек өлсе екен осы» деп тілеп отырғандар көп қой. Өлсем, еліме барып өлейін. Ақырғы аманатым бұл. Мына қалжыраған шалдан енді зиян да, пайда да жоқ...
Сұхбаттасқан Ерік РАХЫМ.
Алматы – Үрімжі – Қарамай – Шәуешек – Алматы