Ақырзаман Ақ үйден бастала ма?

Украина президенті Владимир Зеленский Вашингтонға келіп қонғанда сирек кездесетін минералдарды игеру бойынша келісімге қол қойылады, бұған дейін Дональд Трамп тарапынан айтылған бопса мен ала-құла сөздер жылы жүздесу мен ілтипатты қол алысудан кейін жұмсарып сала береді, Украина да керек көмегін алады, келіссөз үстеліне келгенде артында АҚШ тұрады деп күткенбіз.
Бірақ жағдай мүлде қарама-қайшы сипат алып кетті. Бұл бір бүкіл әлемнің назарын Вашингтонға байлаған, бірнеше күнгі талқылауға арқау болған тарихи кездесу болды.
Ақ үйде емес, ас үйде отырғандай
Бәрі жап-жақсы басталған. Зеленскийдің кортежі келіп тоқтардан бір минут бұрын Ақ үйдің алдына шығып, күтіп тұрған Трамп Зеленскийді арқадан қағып, киімін мақтап («ол бүгін жасанып алыпты»), әзілдеп қарсы алған. Мұның алдында ғана Макронмен кездесіп, Стармерді қабылдап тастаған. Еуропалық әріптестері оны Украинаға көмекті тоқтатпау туралы келісімге көндіруге жақын қалғаны айтылған. Зеленскийдің де Трампқа қарсы айтқан сөздерін жуып-шайып, құжатқа қол қоюдан қашпайтынын айтып қалғаны және бар. Содан да болар, келіссөз басталар алдында Трамп сирек кездесетін минералдарды игеру туралы құжатқа бүгін қол қойылады деп сенімді сөйлеген. Оны «әділ айырбас» деп атады. Және «Сіздің генералдарыңызға, сарбаздарыңызға, өзіңізге ризашылық білдірем. Жауынгерлеріңізбен мақтанатын жөніңіз бар» деп, жақын тарта сөйлеген.
Осыдан кейін-ақ істің оң сипат аларына ешқандай күмән қалмаған.
Украина журналисінің «қару бересіз бе» деген сұрағына «берем, бірақ көп берудің қажеті де бола қоймас» деп жауап берген Трамптың жайма-шуақ ләмі бірте-бірте қатая берді де, ақыры «рақметі жоқ адамға» «ойнап жүріп Үшінші дүниежүзілік соғысқа жақындап қалдың» деген қатаң айыптауға ұласты. «Мұхиттың ар жағында отырып біз неге көп көмек беруіміз керек?» деп, Зеленскиймен қоса НАТО-дағы еуропалық әріптестерін де түйреп өтті. Қысқасы, Трамптың сөзі «бізсіз күнің қараң» дегеннің айналасынан ұзамауға айналды.
Әңгіменің ширыға түсуіне АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнстің қайта-қайта килігіп, Зеленскийге шабуылдай сөйлегені де көп әсер етті. Сарапшылар бұл алдын ала ұйымдастырылған сценарий болуы мүмкін екенін айтып жатыр. Бір-біріне рақмет айтпадың, айттым деп, бет жыртысардай болып отырған екеудің әңгімесіне Трамп та араласып, Зеленскийдің сөзін бөліп, «сіз онсыз да көп сөйледіңіз», «сіздің еліңіз қиын жағдайда тұр» деп, жабыла кетіп отырғанына қарап, бұл болжамға сеніп қалуға да болады. Расында, Ақ үйде емес, ас үйде болатын әңгімеге ұқсайтын текетіреске қарап, бүкіл бір елдің тағдыры талқыға түсіп жатқанына сену қиын еді.
Атақты сопақ кеңседе өткен кездесудің ақырында Трамп Украинаға ультиматум да қойып жіберді. Не осы келісімге қол қоясың, не келісімнен шығасың деген кеп. Өзі Мексикаға әскер кіргізіп, әскери операция ұйымдастырам деп доқ көрсетіп отырған Трамп, тіпті Зеленскийді Путинді сұмдық жек көреді деп те сөгіп жіберді.
Ақ үйдегі кездесудің негізгі бір фактісі – эмоция. Қос тарап та дипломатияны ысырып қойып, салғыласып кетті. Бірақ бұл «кімнің басынан өтпеген кеп» деп қоя салатын жағдай емес, бүкіл бір соғыстың тағдыры талқыланған тарихи кездесу еді. Зеленский Ақ үйден шұғыл аттанып кетті – қол қойылмай құжат қалды, ішілмей түскі ас қалды, өтпей баспасөз жиыны қалды. Соңыра Зеленскийдің делегациясы Ақ үйден өз еркімен кетпеген, АҚШ тарапы оның шығып кетуін сұрағаны туралы ақпарат тарады.
Трамп көп өтпей әлеуметтік желіде «Зеленский АҚШ-қа құрметсіздік танытты. Ол соғысты аяқтауға дайын емес, дайын болғанда қайтып келсе болады» деп жазды. Зеленский де сабасына түскенде X желісінде «Рақмет саған, Америка, қолдауың үшін рақмет, осы сапар үшін рақмет! Президентке алғыс, Конгресс пен АҚШ халқына алғыс. Украинаға әділетті әрі мәңгі бейбітшілік керек. Осының бәрін сол үшін істеп жатырмыз», – деп жазды. Одан кейін Fox News-ке берген сұхбатында да Трамппен ат құйрығын кесісіп кеттім деген сөз айтқан жоқ, барынша тігісін жатқызып, жоғары қысымда өткен кездесуде айта алмаған сөзін айтып қалуға тырысты.
Қырық кісі кім, қыңыр кісі кім?
Ақ үйден шыққан сөз алты құрлыққа тез тарады. Алғашында Трамптың мұнысы несі, Зеленскийдікі неғылған доңайбат, Вэнске не жоқ деп аңтарылып қалған әлем ұлардай шулап сала берді. Саяси тұлғалар да, саяси сарапшылар да, бүкіл БАҚ атаулы, тіпті мессенджерлерде қарапайым азаматтарға дейін осы оқиғаны талқылап жатты. Бұл жерде әлем бас қатырған негізгі мәселе – Украинаның ендігі күні не болады деген тақырып болды. АҚШ-тың шынымен теріс айналғаны ма? Украина несіне сеніп мұнша тепсініп кетті? Соғыстың тағдырын енді кім шешеді? Путин мен Зеленскийді келіссөз үстеліне кім әкеледі? Трамп неге мұнша өзгерді?..
Трампқа берілер мінездеме – ол бұған дейін жасаған даулы мәлімдемелер кезінде-ақ түсінікті болған, содан ұзап кете қоймады. Ал Зеленскийге қатысты «есірік пе, ер ме» деген мәселеде біраз жұрт тосылып қалғандай болды. Біреулері кінәнің бәрін Вэнске жауып жатты – Зеленскийді итермеледі, бопсалады дейді. Ал Зеленский бопсаға шыдай алмай, жарылып кетті, егер елінің мүддесін ойласа, ұстамды болуы керек еді... «Ер болсаң бопсаға шыда», Зеленский ер екен, қайтпады, қаймықпады, Вашингтонның төрінде отырып, Ақ үйдің қожайынына дауыс көтерді, мұндай гәп тарихта болмаған деген қарама-қайшы дақпырт желдей есіп тұр.
Даудың басы – Вэнс дейтіндерді де жоққа шығаруға болмайды. Негізгі қақтығыс Зеленский екеуінің арасында басталды. Соғысты дипломатиямен аяқтау туралы айта бастағанда Зеленскийдің шекесі тырысты да қалды (бұған дейін журналистің киіміне қатысты сұраққа шамданып қалғаны тағы бар). «Қандай дипломатия» деп қарсы сұрақ қойды. Осыдан кейінгі диалог нәтижесінде Вэнс «құрметсіздік» туралы айтты. Оның соңы не болғаны белгілі, Вэнстің «құрметсіздік» туралы месседжі сол сәтте Трамптың айыптай сөйлеуіне арқау болды, тіпті «жақсылықты білмейтін президент» атанып кеткен соң жасаған мәлімдемесінен бір-ақ шықты.
Айтпақшы, америкалықтар вице-президенттерін «қабаған ит» деп атады. Вэнс демалыс күні шаңғы тебуге бара қалыпты. Оны көрген америкалықтар едел-жедел ұйымдаса қалып, Вэнске «шаңғыңды Путинге барып теп» деп, плакат ұстап, шеру түзіп, пикет ұйымдастырды.
Зеленскийдікі ерлік пе, есерлік пе деген мәселе Украина азаматтары арасында да аз талқыланған жоқ. Дегенмен олардың көбі АҚШ-тың көмегінсіз соғыстағы позиция әлсірей түсетінін түсіне отырып, негізінен президенттерін қолдап шықты. Және үміт үзбейтінін айтып, бұл жағдайдың реттелетініне сенім білдіріп жатты.
Осы тұста Украинаның соншалық жалғыз қалмағанын білдіретін жағдай – Еуропа елдері басшылары жұбату сөз айтып, Зеленскийге, Украина халқына қолдау білдірді. Зеленский Ақ үйден ұзамай жатып Польша премьері Дональд Туск пен Франция президенті Эмманюэль Макрон «сендер жалғыз емессіңдер», Ресейге қарсы санкцияларды, Украинаға қолдауды жалғастырамыз» деп мәлімдеді. Германия да «қолдауды тоқтатпайтынын» айтты. Ұлыбритания, Испания, Литва бастаған өзге елдер де осындай мазмұнда мәлімдемелер жасап жатты. Басқасын айтпағанда, Трамптың бұрынғы кеңесшісі Джон Болтон «Трамп пен Вэнс Ресей жаққа шығып кетті. Бұл АҚШ қауіпсіздігі үшін үлкен қатер» деп жазды. АҚШ-тың демократтары, тіпті Трамп пен Вэнстің ұстанымы – Америкадағы демократияны, бейбітшілікті қалайтын азаматтардың көзқарасын білдірмейтінін жазды.
Кәрі құрлықтың оянуы
АҚШ-тың тосын мінезінен секем алғанмен, оны Трамптың ойыны деп есептейтін саясаттанушы-сарапшы атаулы айтарға сөз таппай қалған бір кезең болды бұл. Тіпті «америкалық арманға» жасалған ең ауыр соққы болғандай бір күй. Бүкіл әлем бейбітшіліктің қорғаушысы, әлсіздің жақтаушысы деп үмітпен қарап келген АҚШ-тан елі шапқыншылыққа ұшыраған, соғыс біткенше кәстөм кимеймін, галстук тақпаймын деп жүрген президенттің қорланып, түңіліп аттануы, қалай айтсаңыз да, әлемдік саясаттағы дағдарыстың басталғанын көрсететін қорқынышты көрініс еді. Сол үшін де сарапшылар ғана емес, қарапайым азаматтар да қызу талқыға араласты. Ресейдің агрессиясына көзі үйреніп қалған әлем АҚШ-тың зорлығын миына сыйдыра алмай, таңданыспен қарап, бір сәтке мелшиіп, қатты да қалды.
Трамп осы соңғы қызыл кеңірдек дауда өзі айтып жүрген бір мақсатына күмәнсіз қол жеткізді – Еуропаның өз қотырын өзі қасуы. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін тыныштыққа гарант болып келген АҚШ-қа арқа сүйеп, қару-жарақ өндірісін шектеп, тіпті әскерге шақыруды міндеттеуден бас тартқан Еуропада осы күні қорғаныс мәселесі күн тәртібіне шықты. Әскерге міндеттеу, қару-жарақ өндірісін мықтап қолға алу, әскери бюджетті арттыру туралы әр елде-ақ талқыланып жатыр. Дегенмен оған дейін әлі қанша уақыт керек, сондықтан Ұлыбритания премьері Кир Стармер мен француз Макрон Трампқа кезек қоңырау шалып, қысымды түсіріп, от шығып кетпеуіне барынша күш салып жатыр.
Трамппен келісе алмай, тауы шағылып қайтқан Зеленский АҚШ-тан тура Ұлыбританияға ұшып, Стармердің ыстық құшағына сүңгіп кетті. Стармер оны «Ұлыбритания Украинамен қанша керек болса сонша бірге болады» деп жұбатып жатты.
Украина үшін ең бір дәтке қуат етерлік жиын жексенбі күні Лондонда өтті. Еуропа елдері, Канада, НАТО өкілдері қатысқан Украинаға көмек бойынша өткен саммитте тараптар бір ауыздан Украинаға қарумен де, қаржымен де көмектесуге сөз байласты. Ол ғана емес, жалпы Еуропаның ауызбіршілігі, сөзден іске көшетін сәт келгені, қорғаныс бойынша шығынды арттыратын уақыт келгені жайлы айтылды.
Стармер саммиттен кейінгі баспасөз жиынында негізгі төрт бағыт бойынша жұмыс істелетінін айтты:
- Соғыс бітпейінше Украинаға қарулы көмекті тоқтатпау, Ресейге экономикалық қысымды арттыру;
- Кез келген бейбітшілік туралы келісім Украинаның егемендігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек және келіссөз үстелінде Украинаның орны болуға тиіс;
- Бейбітшілік туралы келісім жасалған жағдайда Еуропа көшбасшылары Ресейдің Украинаға жасауы мүмкін кез келген басқыншылығының алдын алуға күш салады;
- Украинаны қорғау және бейбітшілікті қамтамасыз ету бойынша коалиция құрылады.
Бұл саммиттің тағы бір миссиясы – Трамптың бетін бері бұру болған сияқты. Өйткені саммиттен кейін Стармер де, Еуропалық комиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен де Трампқа арнайы сәлем жолдап, халықаралық заңдар мен демократияны бірігіп қорғауға шақырды.
Бүгін Трамп Конгресте сөйлейді. Батыс сарапшылары оның Украинаға көмекті (әскери, қаржылай) тоқтату туралы мәлімдеме жасайтынын болжап жатыр. Егер бұл болжам расқа айналса, Трамп Байден кабинеті бекіткен, ақшасы төленген қаруды да бергізбей қоюы әбден мүмкін.
Ал Зеленский Стармер уәде еткен 2,84 млрд долларлық несиені қару жасауға жұмсайтынын айтты. Оңтүстік Кореямен бірігіп қару жасау туралы қос тарап кездесіп те тастады. Ресей шапқыншылығына қарсы қолданып жатқан қарудың 40 пайызы Украинаның өз өнімі екенін айтып жүрген Зеленскийде бұдан басқа амал да жоқ сияқты. Оянған Еуропа Трампты иліктіре алмаса да уәделерін бұзбаса Украинада ғана емес, түгел Еуропада қару-жарақ өндірісінің көрігі қыза түсетін түрі бар.
Олжас Сламжан