Әкім орынбасары Қуат Ақшабаевқа қатысты тергеу басталды
Алматы облысы Іле ауданы әкімінің орынбасары Қуат Ақшабаев ірі көлемде пара алғаны туралы күдікпен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қолына түскен еді. Енді тергеу ісі басталды.
Қауіпсіздік комитеті ақпаратты растады.
«Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Басқа ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес жариялауға жатпайды», – делінген комитеттің баспасөз қызметінің хабарламасында.
Айта кетейік, 18 қаңтар күні Қуат Ақшабаевтың ұсталғаны туралы мәлімет таралды. Бірқатар БАҚ оны 28 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікпен ұстағанын жазды.
Алайда Egov.press Telegram-арнасының хабарлауынша, заңсыз сыйақының нақты көлемі бұдан әлдеқайда жоғары болуы мүмкін. Аталған дереккөз пара сомасы шамамен 323 миллион теңгені құрауы ықтимал екенін жазды. Қазіргі уақытта ресми органдар параның нақты мөлшерін әлі растаған жоқ.