Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:00

Ақмарал Байдлаева, философ: Көрермендер қоғамы қалыптасып жатыр

Ақмарал Байдлаева

Қазіргі қоғам Ги Дебордың «Спектакль қоғамында» айтылғандай, медиа-спектакль логикасында өмір сүреді. Яғни, оқиғаның мәні емес, оның көпке әсері мен жаппай талқылануы, ел аузында жүргені маңызды.

 Әлбетте, кейіннен, бұл спектакльдерді мықты монетизациялауға да болады. Былайша айтқанда, ақшаның, қаралымның көзі осы медиа-спектакльдер. Отбасылық жанжалдар, ажырасу, опасыздық, туыстық конфликтілер жалпы медиа үшін тамаша, таптырмас «өнім» екені рас. Себебі де түсінікті. Әдетте мұндай контент эмоцияға толы боп келеді, түсінуге жеңіл, көңілді толқытып жіберетіні бар әрі қоғамда тез таралып, қызу талқыланады, дау тудырады. Бұрын, біз, мысалы, жеке өмір, адамның жеке шекарасы деп саналатын нәрсе бүгінде жалпы тұтынуға, ел боп тамашалауға арналған медиа контентке оп-оңай айналып кетті. Мұндай құбылысты жақсы не жаман деп бағалауға болмас. Бұл жай факт қана. Оңаша, біз жасыратын, ішкі қақтығыстар, әр адамның жеке өмірі мен жаппай жария болатын дүниелердің шекарасы жойылып бара жатыр. Мұны тек цифрлық технологияның дамуы деп қана жылы жаба салуға келмес, анығында, бұл мәдени трансформацияның да нәтижесі. Бізге ұнасын-ұнамасын қоғамда жүріп жатқан процесс, оны сынай бергеннен, не болмайды, «бәрің ақымақсыңдар» деп байбалам сала бергеннен себебін түсінуге тырысқан абзал деп ойлаймын.

Қоғам неге мұндай әншілердің ажырасуы, отбасылық мәселелер, жеке өмір деген тақырыптарға не үшін сонша құмар десек, үш негізгі себеппен түсіндіруге болатын сияқты. Біріншіден, бұқара психологиясы. Адамдар өз проблемасын шешкеннен гөрі басқаның эмоциясын бақылап, талқылауды жеңіл деп көреді. Көпке сол ұнамды. Басқа біреудің отбасылық дауын талқылаған адам эмоциялық тұрғыда жеңілдейді, ішіндегісін шығаратын қауіпсіз жол табады. Әрі өзгенің мәселесін жаппай талқылаған адам өз мәселесін, бар проблемаларын уақытша ұмытады ғой. Басқаға пікір айту әлдеқайда оңай. Ешқандай ақылды, шеберлікті не жоғары білім мен терең ойды талап етпейді. Өзгенің өмірін бақылаған, ақылын айтып, пікір жазған адам бейсаналы түрде «бағасын беруші», «үкім шығарушы» рөлін алады, сондай сезімді бастан кешіреді. Ал бұл психологиялық тұрғыда қолында бір билік тұрған сияқты сезім сыйлайды. Жалпы билік – өте тәтті сезім ғой, одан рақат алу адамды іштей толтырады, ерекше күйге бөлейді. Кім билеуші болғысы келмейді дейсің?!

Екіншіден, адамдар нақты қоғамдық не саяси процестерге араласпаса да, мұндай талқылауға, дәл осындай дауларға қосылу, пікір білдіру арқылы өзін қоғамдағы «белсенді азамат» сезінеді. Неміс философы Хельмут Плесснердің мұндай құбылысқа берген пікірі бар. Яғни, философтың айтуынша, қоғам шынайы маңызды мәселелерді талқылаудың орнына, оларды эмоциялық, бірақ мағынасыз тақырыптармен алмастырады. Солай өзін қоғамға араласып жатқан, ешкімнен қалып қоймаған, «толық» адам сезінеді. Дегенмен мұның ар жағында бірқатар әлеуметтік ащы шындықтар мен өзекті мәселелер де бар екенін де ескеруіміз қажет. Әрі қоғамдық резонанс тудыратын мәселелер әдетте үнемі билікке халықтың жанына бататын дүниелерді айқындап береді.

Үшінші себеп, әрине, медианың стратегиясы. Медианың басты мақсаты – қоғамның назарын өзіне аудару. Бүгінгі күні назар, яғни, біздің бір нәрсеге, жаңалыққа бөлген уақытымыз, көңіліміз – тауар. Неғұрлым эмоциялық контент болса, соғұрлым көп қаралым болады, ал қаралым қашан да жарнама, ақша алып келеді. Маклюэн айтқандай, «медиа шындықты көрсетпейді, ол шындықты жасап шығады». Біз тақырыпты маңызды болғаны үшін ғана емес, оны бізге маңызды етіп көрсеткендіктен де талқылаймыз. Медиа үнемі адамдар қалайтын ғана контентті көрсетеді демес едім, керісінше, медиа жұрттың назарын басқарып, не нәрсені маңызды санау керегін қалыптастырады. Жаңа құндылықтар жасайды. Қазіргі медиа мәдениет ақпарат тарататын құрал емес, эмоция өндіретін индустрияға айналып кетті. Міне, негізгі себептері осы. Осылай жалғаса берсе, шынайы қоғамдық проблемалар «уақытша маңызды» проблемалармен алмасып кетуі әбден мүмкін. Яғни, экономика, құқық, білім беру, институттар реформасы сияқты түпкілікті, жүйелі проблемаларды шешудің орнына қоғам «кім-кіммен ажырасты», «бұған кім кінәлі» деген мәселені талқылаудан аспай қалады. Бұл қоғамдық ойлаудың құлдырауына әкеп соғады дер едім. Яғни, өз позициясы бар азаматтар қоғамы емес, көрермендер қоғамы қалыптасады.