«Әкімдер көңіл айтпаса айтпасын, өтірік айтпаса екен...»

Жамбыл облысындағы ана мен бала өліміне қатысты жағдай қалай тексеріліп жатыр?
«Жас Алаштың» 10 сәуір күні шыққан 28-нөмірінде «Ана мен бала өлімі: Әлназарова да, Қарашөкеев те үнсіз» деген мақала жариялағанбыз.
Мақалада Жамбыл облысы Қордай ауданы Өтеген ауылының тұрғыны Ажар Тургунбаеваның «алты айлық баламды Қордайдың дәрігерлері өлтірді» деген мұң-зарына құлақ астық. Баласынан айырылған ананың өзімен тілдесіп, болған жайға қанықтық. Мақала дайындау барысында Қордай аудандық ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары Назгүл Тобышақовамен де тілдестік. Аурухана өкілі сөгіс алғандар мен жұмыстан қуылғандар бар екенін айтты. Тіпті сөз арасында Тобышақова Ажар Тургунбаеваның мәлімдемесі дәрігерлерге жабылған жала екенін, мұндай жала жабудың ақыры заңмен қаралатынын да айтқан.
Әлназарова әлі үнсіз
Өз тарапымыздан мұндай мәселе болып жатқанда жоғары ведомстволар қалай әрекет ететінін білгіміз келіп, Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевке, денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова және Жамбыл облысының Денсаулық сақтау басқармасына Е-Өтініш арқылы хат жолдағанбыз. Ол хатымызды алған денсаулық сақтау министрлігі бірауыз жауап қатпастан, өз мәселесімен өзі айналыссын деген болуы керек, сауалдарымызды Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасына бағыттап жіберіпті. Сөйтіп, ана мен бала өліміне қарсы талай стратегиялық жоспарлар құрып жүрген министрлік бұл жолы «біздің қатысымыз жоқ, одан әрі үндемей отыра береміз» дегендей кейіп танытты.
Ал Жамбыл облыстық Денсаулық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Е.Мұсабаев біздің сауалдарымызға алты айлық науқас Нұрали Әбуталиптің «Басқа вирустық энтериттер» диагнозымен ем қабылдағанын, емдеу барысында оң динамика байқалғанын, емдеудің денсаулық сақтау министрлігі тағайындаған протоколға сай жүргізілгенін тізіп, әдеттегідей жаттанды жауап беріпті. Сондай-ақ басқарма басшысы отбасылық дәрігер А.А.Мурумбаеваның тарапынан да бақылау жүргізілгенін, сол бақылау барысында анасы мен баласының Алматыға кеткені анықталғанын айтуды да ұмытпапты. Ал сол А.А.Мурумбаева мен Өтеген ауылының фельдшері Э.Т.Жасыбаеваның айтуынша, бала көпбалалы отбасынан болған, нәресте жиі ауырған. Бала 4 айлық кезінде анасы жұмысқа шығуға мәжбүр болған. Әкесі жұмыссыз отырған. Осылайша Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мұсабаев отбасының әлеуметтік статусы қандай екенін қозғауды да ұмытпаған. Мұсабаевтың мәліметінен ұққанымыз, қазір баланың өліміне қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізіліп жатыр, тексеру актісінен кейін тиісті шаралар қабылданады.
Ал облысында осындай жағдай болып жатқанда Жамбыл облысы әкімінің орынбасары С.Сәлемов жауап беріпті. Ең қызығы, Денсаулық сақтау басқармасының міндетін атқарушы Мұсабаев пен әкімнің орынбасары Сәлемовтің жауабында ешқандай айырмашылық жоқ. Жауаптар 100 пайыз ұқсас. Осыған қарап аталмыш ведомство басшылары бір жауапты бір-бірінен көшіріп беріп, жайбарақат отырғанын аңғардық.
Баласынан айырылып құса болып отырған Ажар Тургунбаева болса әкімдіктің те, денсаулық сақтау басқармасының да қате ақпарат таратып отырғанын айтады. Ажардың айтуынша, отбасының ешқандай әлеуметтік статусы жоқ.
«Бізді әкімдік көпбалалы, аз қамтылған жағдайы жоқ отбасылардың қатарында деп ақпарат беріпті. Мен әкімдіктен осы уақытқа дейін ешқандай көмек алып көрген жоқпын. Жолдасым жұмыссыз емес, жеке кәсіпкер. Өзім мұғаліммін. Балам жиі ауырған жоқ. Әкімдік пен денсаулық басқармасы неге бұлай өтірік ақпарат беріп отырғанын түсінбеймін», – дейді Ажар.
Осыған байланысты отбасының нақты статусын әкімдік неге тексермейтінін, неліктен бұл отбасын жағдайы төмен етіп көрсеткісі келетіндерін сұрап Е-Өтініш арқылы Жамбыл облысының әкімдігіне қайта сауал жолдадық.
Белгілі болғандай, қазір Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының шаруашылық жүргізу құқығындағы «Қалалық паталого-анатомиялық бюро» КМК баланың пневмониядан қайтыс болғанын анықтаған. «Өткір бронхиттен басталған ауру асқынып, екі өкпені зақымдаған, баланың тыныс алуы қиындап, содан жүрегі тоқтаған» дейді анасы.
Ажардың айтуынша, дәрігерлер арасында келесі бір әріптестерін «елші» ретінде жіберіп, 2 млн теңге пара ұсынғандары да болыпты. Сәбиінен айырылған ана «Намысымды ақшаға сатпаймын, осы істе әділдік болғанын қалаймын. Ең негізгісі, әкімдер көңіл айтпаса айтпасын, қайғымызға ортақтаспаса ортақтаспасын, тек «отбасының жағдайы болмаған, әлеуметтік статусы болған, бала жиі ауырған деп өтірік айтпаса екен» деп отыр.
Қарлығаш САЙЛАУБАЕВА