Әкімдіктің компаниясы Қасымбектің сөзін қыстырмайды

Астанада не көп, құрылыс дауы көп. Баспана үздіксіз қаптап салынып жатқандықтан, тап осы құрылыс саласында дау-шардың көп болуы да заңды.
Бірақ қаланың қақ ортасында, Қонаев пен Қазақ радиосы көшелерінің қиылысында тұрған бір ғимараттың былығы бәрінен ерекше. Өзінің тұрқы да көп көзге іліге бермейді, өйткені қасындағы көлік министрлігі, көшенің екінші бетіндегі Қазмедиа орталығының қасында аса байқала қоймайды. Дегенмен аласалау болса да сыртын әспеттеп, келісті қылып салғаны көрініп тұр.
Назарымызды ерекше аударатын себебі, осыдан бірер жыл бұрын сот шешімімен оның құрылысы тоқтау керек еді. Алайда сот шешіміне пысқырып қарамаған болу керек. Екі қызығы, сотқа беруші әкімдік болса, жауапты тұлға – әкімдіктің өз компаниясы болып отыр. Өз компаниясы деп отырғанымыз Astana әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы. Бірнеше айға созылған сот істерінде әкімдік бәрібір сөзін өткізіп, сотта ұтып шығады. Бірақ корпорация оған беріле қоймайтынын білдіріп, сотта таласқа түсіп, тіпті апелляциялық шағымға дейін барады. Осылай созбаққа түскен сот істерінің басында әкімдік пен оған бағынышты компания бір үйдің тәжікелескен екі баласындай тайталасып бақты.
Өз компаниясымен соттасқан әкімдік
Даудың басы 2019 жылдан басталады. Сол уақытта Астана қаласы әкімдігінің Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы Astana әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына екі бірдей жер телімін жалға береді. Екіжақты келісімшарт жасалып, жер аумақтары корпорацияның қарамағына өтеді. Екі жер телімінің бірінде паркингі мен коммерциялық орындары бар көппәтерлі тұрғын үй кешені салыну керек. Ал екіншісінде құр паркинг құрылысы ғана жоспарланады. Сөз қылып отырған нысанымыз да осы жер.
Бірақ корпорация паркинг салдырам деп алып, оның артын тұрғын үй кешеніне айналдырмақ болады. Бұл мәліметті әкімдік басқармасы мен әкімдікке қарасты компания арасындағы сот барысындағы іс материалдарынан аламыз. Сот құжатында жазылған мәлімет бойынша, 2019 жылы 23 мамырда Meravi ЖШС 3 млрд теңгеге «Green заманауи технологияларын қолдана отырып, коммерциялық үй-жайлары бар паркинг салу» инвестициялық жобасын іске асыру мақсатында корпорацияға өтініш білдіреді.
Сөйтіп, 2020 жылғы 27 сәуірде әлгі мердігер корпорацияға «коммерциялық үй-жайлары бар көпфункционалды паркинг салу» инвестициялық жобасын ұсынып шығады. Сөйтіп, екеуі сол жобаны жүзеге асыру үшін бірлескен қызмет туралы шартқа отырады. Оның арты үш күннен соң бұл екі ұжым арасында жер теліміне уақытша жер пайдалану құқығын беру туралы №3500-шарт жасалады. Осы шартқа сәйкес, Meravi ЖШС 2021 жылғы 15 наурызда сараптаманың оң қорытындысын алады. Ал 2022 жылғы 2 тамызда құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастауға болатыны туралы хабарлама келеді. Сол секілді тағы бір компания – Nagoya ЖШС де Astana ӘКК-ден келісімшартпен тағы бір жер телімін алып, олар да өз құрылысын бастайды.
Мәселе де осы жерден бастап күрделенеді. Себебі ӘКК учаскелерді инвестициялық жоба ретінде қолданып, жекеменшік мердігерлермен келісімшартқа отырған. Әкімдік басқармасының мәлімдеуінше, Жер кодексінің 48-бабының талаптарына сәйкес, жер телімдері конкурс немесе аукцион сияқты сауда-саттықсыз берілмейді. Ал кіріктірілген үй-жайлары және паркингі бар көппәтерлі тұрғын үй кешендерін салу инвестициялық жобаларға жатпайды. Соған байланысты әкімдік өкілдері бастапқы екі жер телімін жалға алу шарттарын жарамсыз деп тануды сұрайды.
Ал ӘКК-нің бұған келіскісі жоқ. Корпорация әкімдік өкілдерінің бұл сөзін мақұл көрмей, заң талаптарын өз беттерінше түсіндіріп көреді. Алайда Астанадағы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот бәрібір әкімдік басқармасының дәйектерін дұрыс деп тауып, шешімді солардың пайдасына шешіп береді. Сонымен сот шешімі бойынша құрылыс апелляциялық шағым түскенше, сосын оның шешімі шыққанға дейін тоқтатылуы керек болады.
Жайына қалған сот шешімі
Алайда құрылысты салып жатқан мердігерлер соттың бұл шешіміне пысқырмайды. Олай дейтін себебіміз, сол 2023 жылдың өзінде орта беліне жетіп қалған ғимарат одан әрі салына берді. Қаланың тап ортасында тұрса да құрылыс салушы мердігердің сот шешімімен ісі болмады. Бас мердігер Meravi ЖШС-ға хабарласқанымызда, сот билігін аттап өткісі келмейтінін білдіргендей, екіұшты жауап беріп, алдарқатқандай болды. Сондағы Meravi басшысының айтуынша, «тек бетоны ғана құйылып жатқан» болатын. Ал қабырғасының кірпішін қалау, терезелерін орнату, сыртын жабу сынды жұмыстары тоқтатылғанын айтқан.
Тек бір мәселе, құрылысы күрделі болғандықтан, ондағы монолит бригадаларының жұмысты тоқтатуға мүмкіндігі жоқ екенін жеткізген. Себебі олар соны істеп үйренген. Егер ол жұмысшыларды таратып жіберіп, кейін қайта бастайтын болса, ешкім келмей қоятынын айтып, себебін түсіндіргендей болған. Өйткені басқа құрылысшылар келсе, олар сызбаны түсініп болам дегенше, арматураларын қалай байлауды үйренгенше көп уақыт өтіп кетеді. Сондықтан монолит құюшылар жұмыссыз қалмасын деп 15 шақты адаммен ақырын ғана жалғастырып жатырмыз деген.
Сөйтіп жатқанда құрылыс соңғы қабатына жетті. Ал корпорацияның апелляциялық шағымы қаралып, 31 қазанда шешімі шығып, онысы қанағаттандырылмады. Сөйтіп, әкімдік пайдасына шешілген тамыздағы сот шемімі сол күйі қалдырылды. Сайып келгенде, бой көтерген құрылыс заңсыз салынып жатқандықтан қиратылуы керек еді ғой. Бірақ жеңілген тарап нені күтіп отырғанын, жеңген тарап неге қарайлап отырғаны белгісіз, ғимарат әлі сол күйі тұр.
Иә, одан бері екі жылдай уақыт өтті, сырты сары алтындай жалтылдап тұрған әдемі ғимарат көз тартып тұр. Бізге жеткен мәлімет бойынша жалпы аумағы 14 мың шаршы метрді алатын 6 қабатты құрылыс нысанына салыну барысында еш зақым келмеген. Есесіне, сот шешіміне қарамастан, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация инвестициялық жобасын сәтті жүзеге асырды деген сөз. Олай болса, жем болған әкімдік те жемісін жеген корпорация мен әлгі айтқан мердігер болып тұр.
Айта кетейік, Astana әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ өңірлік даму институты саналады. Корпорацияның қызметі экономика салаларындағы әртүрлі жобаларды инвесторлармен бірлесіп іске асыруға, еншілес және тәуелді ұйымдарды дамытып, оларды табысты деңгейге жеткізу арқылы активтерді басқаруға, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдап, дамуын ынталандыруға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. 2010 жылы құрылған компанияның жалғыз акционері – Астана қаласы әкімдігі.
Ал сөз болып отырған Meravi, сонымен бірге, екінші бір жер телімін иеленген Nagoya ЖШС-лары туралы интернетте мәлімет көп емес. Түрлі ақпарат көзіне қарағанда, құрылыспен айналысатын Meravi компаниясының жылдық табысы былтыр шамамен 169 млн теңге болған. Ал Nagoya-ның жағдайы тіпті қызық. Биылғы сәуірдегі мәлімет бойынша штатында небәрі 5-ақ адам жұмыс істейтіні жазылған. Алайда былтырғы таза жылдық табысы 417 млн теңгеге жуықтаса, биылдың өзінде 141 млн теңгеден асып жығылады.
Ербол Тұрымбет
Астана