Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:15

Ақмола облысында "жайлы мектептердің" күйі жайсыз болып тұр

жайлы мектеп
Фото: ашық дереккөз

Ақмола облысында 12 200 оқушыға арналған тоғыз жаңа "жайлы мектептің" шығынын жабу мәселесі әлі шешілмей келеді. Бұл мектептер ұлттық жоба аясында салынған болатын.

"Жайлы" мектептердің жағдайы "жайсыз" болып шықты, мәселе облыстық мәслихаттың экономика және бюджет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының талқысына шығарылды.

Бастапқыда шығындар республикалық бюджеттен қаржыландырылады деп жоспарланған. Жыл сайын қажет сома аз емес – шамамен 9 млрд теңге. Алайда әзірге орталықтан бір теңге де бөлінген жоқ. Соның салдарынан барлық шығындар облыстық бюджетке жүктеліп, басқа салалардан үнемделген қаржы есебінен жабылып жатыр.

Депутаттар мұндай жағдай ұзаққа созылмайтынын айтады, үнемдеудің де шегі бар.

Айта кетейік, барлық жоспарланған комфортты мектептерді уақытында салып біткен жалғыз өңір – Ақмола облысы болды.

Целиноград ауданының Қараоткель, Қаражар, Қабанбай батыр, Қоянды және Ақмол ауылдарында бір-бірден мектеп ашылды. – Талапкер ауылында және Көкшетау қаласында екі-екіден жаңа мектеп пайдалануға берілген.

"Республикадан әлі жауап жоқ. Мектептер тамаша, бұл – болашақ. Бірақ онымен бірге күтіп-ұстау проблемасы пайда болды. Басқа өңірлерге де мұндай жағдай алда кездеседі", – дейді облыстық мәслихат депутаты, комиссия төрағасы Марат Қойшыбаев.

Денсаулық сақтау нысандары да кезекте тұр

Депутаттар болжамынша, дәл осындай қиындық жақында "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту"  жобасы аясында салынған 38 амбулатория мен фельдшерлік пунктке (ФАП) қатысты туындайды.

Яғни, қағаз жүзінде ауылдық медицина «жаңғыртылған» болып көрінгенімен, оларды кім және қандай қаражатқа ұстап тұратыны әлі белгісіз күйінде қалып отыр.

Тегтер: