Ақмола облысында әкім мен аппарат басшысы төбелесті

Ақмола облысында аудан әкімінің орынбасары мен аппарат басшысының арасында төбелес болды.
Ақмола облысы Шортанды аудандық сотында аудан әкімінің орынбасары А және аппарат басшысы бір-біріне қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер қаралды.
2024 жылдың мамырында «А.» мен «Б.» әкімдік ғимаратында жұмыс орнында бола тұра, сөздік жанжал тудырып, арты өзара төбелеске ұласты.Сарапшының қорытындысына сәйкес, олар бір-біріне жеңіл зиян келтірген.Сотта екеуіде өз кінәсін мойындаған жоқ, делінген хабарламада.
Сот қаулысымен аудан әкімінің орынбасары мен аппарат басшысы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-1-бабының 1-тармағы бойынша (құқық бұзушылық жасалған сәттегі редакциясында) әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды және олардың әрқайсысына 55 380 теңге мөлшерінде айыппұл түрінде әкімшілік жаза қолданылды.
Сот қаулылары заңды күшіне енген жоқ.