Ақмола облысындағы колледждерде миллиардтаған қаржы жымқырылған

Ақмола облысының техникалық және кәсіптік білім беру (ТжКБ) ұйымдарында жүргізілген ревизиялық тексеріс нәтижесінде жүздеген миллион теңге көлемінде ұрлық пен жемқорлық фактілері анықталды.
Бұл туралы Ақмола облыстық «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысының филиалы мен Қоғамдық кеңес ресми мәліметтерді жария етті.
Аудит материалдары бойынша, бухгалтерияда жымқырылған қаржы көлемін жасыру үшін әдейі сандар бұрмаланған.
Мәселен, 3 млн теңге 3000 теңге етіп, ал 2 млн теңге 2000 теңге етіп көрсетілген.
Құжаттар қолдан жасалған, ал бір бөлігі «прокуратура тәркіледі» деген сылтаумен мүлдем «жоғалып кеткен».
Колледж ғимараты мен жабдықтары жекелеген адамдарға келісімшартсыз және ақысыз жалға берілген. Залал — шамамен 3 млн теңге.
Сол «жалға алушылар» колледждің қызметкерлері ретінде тіркеліп, жалақы алған. Ал штат кестесі жалған жұмысшылармен әдейі «көбейтірілген».
Бір оқытушыға заңсыз түрде 10 млн теңге аванс беріліп, ол қаржы ешқашан қайтарылмаған.
Колледж директоры мен бас бухгалтерінің туыстық байланысы бар екені де анықталған.
«Жаңару» қозғалысының Ақмола облыстық филиалы мен Қоғамдық кеңес:
«Бұл деректер студенттердің құқығы мен елдің білім беру саласына сеніміне үлкен соққы болып отыр. Біз Экономикалық тергеу департаменті, Бас прокуратура және Оқу-ағарту министрлігінен шұғыл бұл істі қолға алуды талап етеміз», - деп мәлімдеді.