Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 17:17

Ақмолада 3000 домбырашы бір уақытта күй шертеді

1

Қазақтың қанына сіңген қасиетті домбыра – жай ғана аспап емес.

Ол – тарихтың күмбірі, халықтың жүрек лүпілі, даланың үні. Осы ұлы мұраны ұлықтау мақсатында 6 шілде күні Ақмола облысының орталығында Ұлттық Домбыра күніне арналған кең ауқымды жалпыоблыстық флешмоб өтеді.

Флешмобқа облыс орталығы мен барлық ауданнан 3000-нан астам домбырашы қатысады. Бұл бұрын-соңды болмаған ауқымды көрініс болмақ. Көкшетаудың жүрегінде шырқалатын күмбірлі күй – көрерменге тек рухани ләззат қана емес, үлкен мақтаныш сезімін де сыйлайды.

Алаңға жиналатындардың қатарында кәсіби оркестрлер, фольклорлық ансамбльдер, дәстүрлі әншілер, күй шеберлері, сондай-ақ өңірдің мәдениет ұйымдары мен домбыра үйірмелерінің мүшелері болады. Олар ел ішіндегі түрлі мектептер мен өнер ұжымдарын біріктіріп, домбыра үнін мың дауыспен шырқатады.

Шара тек мерекелік концертпен шектелмейді. Бұл – ұлттың рухани жаңғыруының көрінісі, елдіктің айнасы болмақ. Домбыраның шанағынан төгілетін күй арқылы жастар ұлттық мұраны жан-жүрегімен сезінеді. Әр тартылатын күй – ата-бабаның аманаты, әр шертілетін ішек – халықтың тағдыры.

Көкше төрінде өтетін бұл флешмоб тек өнер мерекесі емес, бұл – ұлттық идеяны ұлықтайтын, көпшілікті рухани тұтастыққа ұйыстыратын ауқымды бастама болмақ. Әртүрлі ауылдан, әртүрлі жастан жиналған 3000 домбырашының бірігіп, бір күйге түсіп, бір үнмен күй шертуі – қазақтың бөлінбес бірлігінің символы болмақ.

Бұл айтулы шара – ұлттық рух пен мәдениеттің салтанат құратын күні. Мақсат – жас ұрпақтың жүрегіне домбыра арқылы ұлттық сезім ұялату, қазақтың киелі аспабына деген сүйіспеншілікті арттыру және ұлттық бірегейлікті нығайту.

Тегтер: