Ақнәр ісі күрделеніп барады

Былтыр шілде айында жетінші қабаттан құлап қаза тапқан Ақнәр Хамиттің қазасы қоғам арасында резонанс тудырды. Анасы Гүлстан Хамит қызының өзіне қол жұмсағанына сенбейді.
Пәтерде бірге болған екі қызды кінәлайды. Полиция бұл істі ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы бойынша («Өзін-өзі өлтіруге итермелеу») тергеп жатыр. Қасында болған екі қыз қорғалуға құқығы бар куәгер мәртебесін алған. Алайда әлеуметтік желіде таралған видеолар жұрт арасында күмәнді күшейтіп жіберді. Анасы бірнеше рет қызының азапталып көз жұмғанын мәлімдеді. Екі қыздың бірі сұхбат берді, адвокаты мәлімдеме жасап, БАҚ беттерінде марқұмның бұған дейін де суицид жасамақшы болды деген видеосын жариялады.
Осы оқиғаға байланысты Ақнәрдің анасы Jas Alash Youtube арнасына сұхбат берді. Өз сөзінде ол, тергеудегі былықтар мен кедергілер және қызының қазасына не себеп болу мүмкін екенін айтып берді. Оқиғадан кейін көп ұзамай, Ақнәрдің анасы қолындағы дәлелдерді құқық қорғау органдарына бірнеше рет ұсынған. Бірақ соған қарамастан, іс бағыты өзгермеген. Марқұмның анасы мен адвокаты тергеу ісіндегі кей күмәнді жайттарды айта отырып, тергеу амалдарының бейтарап еместігін әрі әділетсіздіктің айқын көрінісі екенін алға тартқан. Гүлстан Хамит қызы қаза тапқан соң бастапқыда құқық қорғау органдарынан әділ шешім күткен. Алайда уақыт өте келе тергеудің созбалаңға салынып, бұрмалана бастағанын байқағаннан кейін шағымдарын түрлі деңгейдегі органдарға жолдауға мәжбүр болған. Бас прокуратураға, ішкі істер министрлігіне, тіпті президенттің атына бірнеше рет хат жазған. Бірақ барлығынан алған жауабы бір сарындас – «қатаң бақылауда, жіті қадағалауда» дегеннен аспаған.
2024 жылдың қазан айының соңында Бас прокуратурадан қалалық прокуратураға «Гүлстан Хамиттің шағымын қанағаттандыру негізінде жиналыс өткізілсін» деген нұсқау келіп түскен. Қараша айында қалалық прокуратурада бір рет, кейіннен қалалық полиция департаментінде тағы бір рет жиналыс өтеді. Ақнәрдің анасы бұл жиындарда тергеушілерге 30 нақты сұрақ қойған. Егер осы сұрақтарға нақты, дәлелді жауап берілсе, істі тоқтатуға дайын екенін жеткізген.
«Олар біз тергеп-тексеру амалын жүргіземіз, тіпті жасырын тергеу әдістерін де қолданамыз деп маған уәде берген. Кейіннен бұл уәделер орындалмағасын тағы да жоғары органдарға шағымдандым. Бас прокуратура 2025 жылы 14 қаңтарда қабылдауына шақырды. Ол жерде Самат есімді азамат қабылдады. Қасында Алматы қаласына жауапты куратор Сұлтан Баталов деген азамат болды. Біздің уәждерімізді олар ыждаһатпен тыңдады. Кейін «қатаң тексеру жүргізіп, Баталов мырза Алматыға барады» дегенді айтты. Сол кісілерден кейін тағайындалғанымен жасалмай жатқан экспертизалар, жүрмей тұрған тергеп-тексеру амалдары жүре бастады. 16 қаңтар күні қорғаушым арқылы хабарласып, «оқиға орнында кешенді экспертиза жүргіземіз» дегенді жеткізді. Ол жерге бардым. Бірақ эксперттердің қолында іске қатысты ешқандай құжат болмады. Тек тергеушінің қолында ғана қыздар мен оқиғаға қатысы бар адамдардан алынған сұрақ-жауап бар екен. Ол жерде жүріп әлеуметтік желіден қазір қоғам көріп жатқан барлық фотолар мен дәлелдерді көрсеттім», – дейді Гүлстан Хамит.
Ақнәрдің анасы аталған барлық материалдарды — оқиға орнына қарама-қарсы орналасқан Magnum сауда үйі, «Мармарис» кафесі мен көрші сұлулық салонынан алынған бейнежазбаларды өзі жинап, қорғаушысымен бірге тергеушілерге тапсырған. Алайда құқық қорғау органдары жинақталған видеоматериалдарды қабылдағанымен, оларды сараптауға жібермеген. Видеоларға тазарту жасалмаған. Берілген өтініш хаттар назарға алынбай, тергеу негізінен тек екі қыздың берген жауаптарына сүйеніп жүргізілген. Гүлстан Хамит қызының денесіндегі жарақаттарды (тістелген, жұлынған шаш, тырнақ) суретке түсіріп, Бостандық аудандық ішкі істер бөліміне жолдағанын, алайда медициналық сараптама кезінде бұл жарақаттар ескерілмеген. Сараптамада тек иық тұсының сырылғаны ғана жазылыпты.
«Қызымды өзім өлтіріп, мәйітін өзім тістеген жоқпын, тамағынан тырнап, қылқындырған жоқпын, шашын жұлған жоқпын, мынау не сұмдық» деп шағымдандым. Одан да сорақысы – біздің жазған 13 өтініш хатымыздың ешқайсысы орындалмайды, Бостандықтағы аудандық ішкі істер бөлімінде жатады, ал тергеуші осы іс кезінде «больничный» аштырып қойып, үйлену тойын жасап жүреді. Қайғыдан қан жұтып мына жақта біз жүреміз. Сол кезде медициналық экспертте екі қыздың ағзасында алкоголь бар екені, менің қызым ішімдік ішпегені анықталады», – дейді Ақнәрдің анасы.
Бұған қоса, қыздардың бірі іс тергеліп жатқанда Қытайға кеткен. Дидар Мұқияттың Қытай азаматы бола тұра, Қазақстаннан шетелге шығуға тыйым салынғанына қарамастан шекарадан өткенін растайтын деректер кейін белгілі болған. Алайда құқық қорғау органдары бастапқыда бұған сенбеген. Кейін Дидар Қытайдан шақыртылған. Гүлстан Хамит «бұл қалай шетелге шығып кетті» деп арыз жазғанымен, оған да жауап берілмеген. Бұл іс кейін қалалық департаменттің бақылауына өткен. Марқұмның анасы департамент басшысы Шәріпбековтің қабылдауында болып, қолындағы барлық дәлелдерді көрсеткен соң, тергеушілерге «іс қозғап, екі айда сотқа жіберу керек еді» деген нақты тапсырма берілген. Бірақ іс тағы да тоқтап қалған.
«Алаңдамаңыз, істі қолыма аламын» деп мені шығарып салған еді. Сөздеріне сендім, бірақ іс тағы да жүрмейді. Ешқандай жауап берілмейді. Бас прокуратураға арызданғасын ғана іс жүреді. Ол жерде де келген эксперттерге қызымның құлаған орны мен жарақаттарын өзім көрсетемін. Содан кейін ғана экспертиза тағайындалады. Оған дейін қала тағайындаған экспертизаның қаулысымен тергеуші таныстырмаған. Тергеушіге экспертизаға «осы уақытқа дейін қиындық көрмей, тек өнер-білім деп өскен қызымның КИМЭП-тегі профессорлары, әр елдегі студент достары, шетелдік алпауыт компаниялардағы әріптестері «Ақнәрдің елдің болашағы болатын еді» деп берген мінездемелерін, тергеушілер істемеген істі істеп, жинаған видео материалдарымды бердіңіз ба» десем, «бердім» дейді. Бірақ психологиялық экспертиза «қыз қарыз болғаны үшін және оқиға кезінде теледидарды шағып қойып күйзеліске түсіп, сол қадамға барған болуы мүмкін» деген қорытындымен шығады. Бірақ қорытындыда жазылған теледидар деген сылтау, тіпті ол істе де жоқ. Ал қарыз дейтін болсақ, мен қызымның банк шоттарын, қытай компанияларымен жұмыс істегенде тапқан табысының есебіне дейін апарып бердім. Қызымның бір ғана банк шотында бір жыл ішінде 29 млн теңге ақша айналымы болған. Сол күні оның банк картасында 500 мың теңге бар еді. Оның барлығын апарып бергенмін, бірақ ол материалдар психологиялық экспертизаға жіберілмеген», – дейді марқұмның анасы.
Сонымен бірге Гүлстан Хамит өзіне бейресми дерек бойынша екі қыздың құқық қорғау органдарына пара бергені туралы ақпарат жеткенін айтады. Бірі банкоматтан 8 миллион теңге шешсе, екіншісінің анасы 12 миллион теңгеге бизнесін сатып, жинаған ақшасын берген деген мәлімет алған. Ол мұны рас-өтірігін анықтаңдар деп Антикорға, прокуратураға және Президент әкімшілігіне жазған. Бірақ одан бері де 10 ай өтті, ешқандай нақты жауап берілмеген.
«Сәуірдің екісі күні Астанадағы Санжар мырзаның қабылдауында болдым. Ол кісіге де бар уәжімді айттым. Ол бәрін түсіндім, арнаулы тергеу тобы Алматыға барады деді. Марат есімді азамат Алматыға келді. Ол жерде де мен бүкіл жинаған дәлелдерімді айтамын. Тергеуші де отырды. Ол кісіге «тергеу ісі 10 айдан бері созылып келе жатыр. Күмәнім бойынша тергеушіге қандай да бір қысым көрсетіліп отырған болса, сізге айтсын» дедім. Марат мырза да «ішкі істер министрі қадағалауына алды, сіз алаңдамаңыз» дейді. Мен қосымша экспертиза тағайындаудың қажеті жоқ деп айтқаныма қарамастан, ол кісі экспертиза тағайындауды тапсырып кетіпті. Ал тергеуші тағы да бұл экспертизаның қорытындысымен де мені таныстырмайды. Бір сөзбен айтқанда, тергеу басталғалы тергеуші жәбірленуші болған менің заңды құқықтарымды белден басып келді», – дейді Гүлстан Хамит.
Ақнәрдің анасы тергеушілердің жауабын түсіну үшін ҚР қылмыстық-процестік кодексі, ҚР қылмыстық кодексі, ҚР прокурорларының заңы, ҚР конституциясы, шетел азаматтарының ҚР аумағындағы құқықтары мен міндеттері туралы заңнаманы оқыған. Астанадағы туыстары басында «қыздың қандай екенін білеміз, ішіміз күйіп тұр, қызды табытқа салып, президент әкімшілігі алдында резонанс тудырамыз» деген.
«Бірақ мен құқық қорғау органдары объективті түрде шешеді деп сендім. Президенттің «Әділетті Қазақстан құрамыз» деген жарлығына сендім. Наурыз айында жергілікті БАҚ-тан «Әділетті Қазақстан құру арман емес» деген Қошанов мырзаның президенттің елімізді Әділетті Қазақстан құру туралы реформаларына қатысты мақаласын оқыдым. Ал мен неғып жүрмін, тоғыз айдан бері әділет таппай жүрмін».
Даулы жайдың тағы бірі – оқиға орнынан түсірілген видеода Ақнәр құлаған сәтте оның артында бір адамның сұлбасы көрінеді. «Мармарис» кафесінен алынған бейнекадрда Ақнәрдің айналып құлап түскен сәті видеоға түскен. Аталған материалдарды да Г.Хамит тергеушілерге тапсырған. Аталған бейнематериалдарды қызының шетелдегі достары тазартып, әлеуметтік желіге салған. Тергеу барысында анасы қойылған сұрақтардың шалағайлығына да наразы. Екі қызға алты-ақ сұрақ қойылып, бір-ақ бетке толтырылған. Ал Ақнәрдің психологиялық жағдайы туралы оның достары мен туыстарына сұрақтар қойылып, оны «жынды қылуға» тырысқан.
«Мен тергеушілерден желіде жүрген видеоларды тексеруді талап еттім. Оның алдында тергеуші «итерген ешкімді көріп тұрған жоқпын» деп бой бермеген. Тағы бірде «Қазақстанда бұл видеоны тазарта алмайды» деді. Сондықтан оған да ресми жауап бермеді. Мен қызымды тәрбиелі әрі білімді қылдым. Ал екі қыз қалай?! Оларға сеніп отырған құқық қорғау органындағы қызметкерлер қалай? Олардың екі қыздан алған жауаптары да күлкілі. «Ол бұрын өлем деп айтушы ма еді» деп сұрапты. Өлтіріп алғандар «бұрын өлем деп айтушы еді» дейді ғой. Олар екі қызды алты сағат тергеп, алты-ақ сұрақ қойыпты. Бір парақ қана жазылған. Менің беріп жатқан факт-дәлелдерім негізінде бір сұрақ қойылмаған. Ал менің туыстарым мен Ақнәрдің достарына «оның психологиялық жағдайы қандай еді» деген сұрақ қояды. Олар менің сап-сау қызымнан жынды шығарғалы отыр. Ақнәрдің наркодиспансерден, психодиспансерден алған анықтамасы бар. Ешқандай «учетта» тұрмағаны жазылған», – дейді Ақнәрдің анасы.
Гүлстан Хамит өзінің әлі де үмітін үзбейтінін, Президент пен Бас прокурор Асыловқа сенетінін айтып, бұл істің әділетті аяқталуын талап ететінін айтады.
«Бұл менің қызымның ғана тағдыры емес. Ол мен сияқты барлық ананың, қызым сияқты барлық жастардың тағдыры, біз әділетті Қазақстан құратын болсақ, оны алдымен құқық қорғау органдарынан бастауымыз керек екен. Мен соны түсіндім. Кеше де бас прокуратураға барғанда 99-баптың 2-тармағы, 5-бөлігі бойынша іс қозғаңыздар дегенді айттым. Алматыдағы құқық қорғау органдарына сенбеймін. Бас прокуратураның қасынан тергеу тобын құрып, бұл істі өз қадағалауларына алсын. Президент соған нұсқау берсін. Талабым – сол. Қызымның жарқын болашағы текке кетті. Бірақ ар-ұжданын ақтауға тиістімін. Қыздар өз жазасын алсын. Бұл іс ары қарай да созылмай, нақты тергелсін».

Күдікке іліккен Дидар не дейді?
Ақнәрдің өліміне қатысты тергеуде аты аталған екі қыздың бірі – Дидар алғаш рет көпшілікке сұхбат беріп, пәтерде оқиға қалай болғанын айтты. Дидардың сөзінше, былтыр 19 шілдеде Ақнәрдің өзі хабарласып, ішімдік ішуді ұсынып, құрбысы Рано Асқармен бірге келуді өтінген. Үшеуі КИМЭП университетінде бірге тұрған кезден таныс болған. Сол күні кешке Ақнәр мен Рано Дидар жалдап тұрып жатқан пәтерге сағат 21:00 шамасында келген. Түнгі бірлерде қыздар қонақ бөлмеге өтіп, сыра ішіп, би билеген. Дидардың айтуынша, сол сәттердің бірінде Ақнәр байқаусызда теледидарды құлатып, экранын сындырған. Содан соң Ақнәр жылап, теледидардың ақшасын бере алмайтынын, өзінің де қарызы көп екенін, 2 млн қарызы үшін кредиторлар үйіне хабарласып жатқанын айтқан. Дидар сол сәтте көмектесуге дайын екенін «қажет болса, сол соманы өзім бере аламын» деген. Осы сөздерден кейін Ақнәр сабырға келгендей болған. Бірақ көп ұзамай қайтадан жылап, орнынан атып тұрып, өзін ұра бастаған. Артынша екі қызға да жұдырық ала жүгірген. Тіпті Раноны балағаттапты. Сол оқиға барысында Ақнәрдің өзіне, Раноға қауіп төндіріп жатқанын сезген Дидар қатты қорқып, дәретханаға кіріп, іштен бекініп алған. Ол сол жерден Ақнәрдің әпкесіне аудиохабарлама жолдаған. Дидар полицияға хабарласпағанын, көршілерден көмек сұрамағанын, терезеден айқайламағанын себеп ретінде ол қабатта ешкім тұрмайтынын және Ақнәрден қорыққанын алға тартқан. Оның сөзіне қарағанда, бұрын Ақнәр жатақханада қыздарды пышақпен қуалаған деген әңгіме естіген. Алайда КИМЭП университетінің ресми мінездемесінде Ақнәрдің ешқандай тәртіптік жаза алмағанын, «тәуекел тобындағы» студент болмағанын, академиялық көрсеткіштері де тұрақты болғаны жазылған.
Бұдан бөлек, Дидар оның терезеден секірген сәтін көрмегенін де айтқан. Себебі өзі сол кезде дәретханада болған. Оның пікірінше, Ақнәр суицид жасаған, себебі бұрын да мұндай әрекеттерге бейім болған көрінеді. Ол сұхбаты кезінде әлеуметтік желіде тараған видео – Ақнәрдің терезеден құлап бара жатқан сәтінде адамның сұлбасы байқалғанына да тоқталып өтеді. Дидардың айтуынша, Ақнәр құлаған терезе арасындағы қалқа болуы мүмкін. Ақнәр аяғымен соны іліп кетіп, сол себепті қалқа қозғалғандай әсер қалдырған.
P.S. Не десек те, Ақнәр ісі де күрделеніп барады. Бұған дейін Дидардың қорғаушысы Ақнәр өліміне себеп – жігітімен арадағы жанжал болуы мүмкін екенін де алға тартқан. Осы сәтте, Ақнәр ісі – жеке қайғы ғана емес, құқық қорғау жүйесіндегі жүйесіздік пен бейтараптыққа қатысты қоғамдық сенімнің сынағы болып отыр. Бұл жағдай — Шерзат Болат ісі, Бишімбаев процесі сияқты басқа да резонанстық істердей қылмыстық процестегі әділдікке, тергеудің сапасына күмән келтірді.
Тұрсынбек БАШАР