Ақнәр ісі. Жалғыз бапқа сыя ма, ойлаңдаршы...

Қазақ қоғамын Шерзат Болат ісі бітпей жатып, тағы да бір жас өлім дүр сілкіндірді. 2024 жылдың шілде айында Алматыда жетінші қабаттан құлап, қаза тапқан 21 жастағы Ақнәр Хамиттің өлімі де азаптау мен қинаудан тұратын қайғылы оқиғаға айналып келеді.
Тергеу ісі бойынша бойжеткен өзіне-өзі қол жұмсаған. Бірақ марқұмның анасы Гүлістан Хамит қызының өзіне-өзі қол жұмсағанына сенбейді. Ол, керісінше, азапталып, зорлық-зомбылықтың құрбаны болған деп есептейді. Қазіргі күнде Ақнәрдің анасы тергеу органдарын салғырттық жасады деп айыптап отыр. Оның айтуынша, Ақнәрді қорлап, азаптаған екі қызды полиция жауапқа тартудың орнына «қорғануға құқығы бар куәгер» мәртебесін ғана берген.
Оқиға қалай болған?
Ақнәр Алматыдағы КИМЭП университетінде «қаржы» мамандығы бойынша оқып жатқан. Отбасымен Астанада тұратын ол шілде айында жазғы оқуына келген. Бес тіл білетін студент оқуымен қатар шетелдік компанияда жұмыс істеп, жеке кәсіппен де айналысқан. Қаза болар күні Ақнәр Алматыдағы Amir тұрғын үй кешеніндегі пәтерде университет жатақханасында бірге тұрған екі таныс қызбен бірге болған. Анасының айтуынша, қызын Дидар мен Рана есімді (қытай азаматтары) қыздар кездесуге шақырған. Себебі Ақнәр Қытайдан белгілі брендтердің өнімдерін әкеліп сатып, киім бизнесімен айналысқан. 18 шілдеде WeChat желісінде аталған екі қыз Ақнәрдан бірнеше киім таңдап алған. Ал 20 шілде күні 20:00 мен 21:00 арасында екі қыз таңдаған киімдерін алу үшін оны Дидардың пәтеріне шақырған. Әзірге жанжалдың неден туғаны белгісіз. Бірақ түнгі сағат 02:00 шамасында Қытайдағы анасына Ақнәрден бірнеше қоңырау түскен. Ұйықтап жатып телефон тұтқасын көтеруге үлгермей қалған ол кейіннен қайта хабарласқан. Бірақ қызымен сөйлесе алмаған. Сағат 02:30 шамасында марқұмның туыстарына Ақнәрді ұрып, қолын қайырып, қинап жатқан видео келіп түскен. Видеода бет-аузы көгерген Ақнәрдің «Рана Асқарқызы, екеуміз бір елден келдік» деген сөзі оған жауап ретінде «Ақнәр, сенікі қате» деген сөздер естіледі. Ақнәр ары қарай да бірдеңе айтпақшы болғанымен, қыздардың бірі оның аузын қолымен басып, сөздері анық естілмей қалған. Содан соң туыстары Ақнәрге бірнеше рет хабарласып, ала алмаған. Біраздан соң марқұмның телефонымен Дидар оның анасына хабарлама жіберген. Дауыстық хабарламада «мына қыздың шашын жұлып, қылқындырып өлтіріп жатыр. Мен әжетханаға кіріп, бара алмай отырмын, кешіріңіз» деген сөзі анық естіледі. Ары қарай пәтерде не болғаны белгісіз, тек Ақнәрдің телефонымен сағат 2:42 шамасында жедел жәрдемге 3 рет қоңырау келіп түскен. Қоңырау шалған тағы да – Дидар.
Ақнәрдің терезеден құлаған сәті ғимарат камерасына түскен. Ол жерде уақыт түнгі сағат 2:52-ні көрсетіп тұр. Марқұм бірден жан тапсырмаған. Жедел жәрдеммен ауруханаға барғанда тірі болған. Тек 21 шілдеде кешкі сағат 18:00-дер шамасында көз жұмған.
Тергеу бойынша марқұм өзі секіріп қайтыс болған. Ал Дидар мен Рана – қорғалуға құқығы бар куәгер. Қазір іс 105-бап, яғни өзін-өзі өлтіруге итермелеу бойынша жүріп жатыр. Алайда оған марқұмның туыстары қарсы. Анасының айтуынша, екі қыз алдымен Ақнәрді ұрып, азаптаған. Себебі марқұмның тырнағы мен шашы жұлынған. Қолы мен мұрны сынған. Мойнында, бетінде көгерген іздер көп. Дидар мен Рана бойжеткенді әбден азаптап, ес-түсінен айырған соң, өліп қалды деп қорқып, жедел жәрдемге бірнеше рет хабарласқан. Кейін жетінші қабаттың терезесінен лақтырып жіберген.
«Қызым өлетіндей емес еді. Не үшін өледі? Оған дейін сөйлесіп жүрдік, көңіл күйі көтереңкі болатын. Екі қыз оны әбден азаптаған. Оның балконға өзі жүріп барып, секіріп кететіндей физикалық күші болмаған», – дейді марқұмның анасы.
Бірақ тергеу бұл нұсқаны ресми растамаған. Кейіннен Ақнәрдің спирттік ішімдік ішпегені, екі қыз алкоголь ішкені анықталған. Ал оқиғаға куә болған адамдар сол күні екі қыздың наркотик қабылдағандай күйде болғанын айтқан.
Тергеуде күмәнді жайттар өте көп
Гүлістан Хамит қолда бар барлық видео, дыбыстық хабарламаларды дәлел ретінде тергеуге тапсырған. Бірақ тергеу Ақнәрдің құлағының арты ғана сырылған деген қорытынды шығарыпты. Марқұмның туыстары тергеу органдарының іске салғырт қарағанына наразы. Себебі Ақнәр құлап кеткен үйден оның киімдері мен сөмкесі, 1,5 млн-дай ақшасы бар банк картасы, қымбат әшекей бұйымдары табылмаған. Тіпті Ақнәр қаза тапқан пәтер қылмыс болған орын ретінде де мөрленіп, жабылмаған. Г.Хамит қызының жеке заттарын іздеп пәтерге барғанда үйді түгелдей тазалап тастағанын көрген. Қызының бірде-бір затын таба алмаған. Тек қоқыс шелегінен бір уыс шаш қана табылған.
«Тергеуші бұл материалдарды медициналық-сараптамаға өткізбеген. Қызым саудамен айналысып, тапсырыс алып жүрген еді. Ақшасы болды. Оған дейін сөйлескенімізде бизнестен түскен 1 млн теңгені долларға ауыстырып қойғанын айтты. Содан кейін шетел компаниясынан түскен ақшасын мен 500 мың теңгеге айналдырып, өзіне салып жібердім. Оның ешқайсысы табылмады», – дейді марқұмның анасы.
Тергеу ісінде тағы бір күмәнді жайт – қорғалуға құқығы бар Дидар осы оқиғадан соң емін-еркін шекарадан өтіп, Қытайға барған. Іс барысында құқық қорғау органдары екі қызға тергеу біткенше ешқайда шығуға рұқсаты жоғын айтқанымен, кейіннен Г.Хамит Дидардың не үшін Қытайға кетіп қалғанын тергеушілерден сұрағанда олар ештеңе айта алмапты. Ал іс жүріп жатқанда Рана осы жылдың қаңтарында Қазақстан азаматтығын алған. Тағы да марқұмның анасы «қай заңнамаға сүйеніп, іске қатысы бар қызға азаматтық бердіңіздер?» деп құзырлы органдардан сұрағанмен, жауап ала алмаған. Бұдан бөлек, Г.Хамит екі қыз полиция мен тергеушілерге 20 млн теңге бергенін айтады. Оны ортақ таныстары арқылы 8 млн теңгені банкоматтан шешіп алғанын, қалғанын таныстарынан жинағанын білген. Бұл факті бойынша да Г.Хамит құзырлы органдарға, Бас прокуратураға арыз жазған. Оған да жауап келмепті.
Ал екі қызға келетін болсақ, Дидар КИМЭП-те оқыған, бірақ 2-курсында тәртібіне байланысты оқудан шығарылған. Ал Рана әлі де осы оқу орнының студенті.
Жәбірленуші тарап пен адвокаты не дейді?
Ақнәр ісін қорғап жатқан заңгер Инга Иманбайдың айтуынша, марқұм қаза таппай тұрып әбден азапталған. Адвокат бұл іс 105-бап бойынша емес, 99-баппен («Адам өлтіру») тергелуі тиіс деп есептейді. И.Иманбай марқұмның азапталып жатқан айғақтары, видеолары барын, бұл оның өз еркімен секірмегенін көрсететін басты дәлел екенін айтады.
«Менің түсінгенім, құзырлы органдар қолда бар дәлелдің біреуін де қаперге алып отырған жоқ. Фото-видеолар Ақнәрдің секіріп кеткенге дейін азапталғанын көрсетеді. Бірақ осындай дәлелдер бола тұра неге іске азаптау бабы қосылмағаны үлкен сұрақ. Адам 7-қабаттан құлаған кезде тырнағы жұлынып құламайды ғой. Тырнақтары алдын ала жұлынып, азапталған. Денесінің барлық бөлігінде тістің ізі бар. Азаптау іздері денеде анық көрініп тұр. Оны медициналық сараптама да растап отыр. Көзі көгерген, әр жері тырналған. Тергеу орындары бізге «сынайсыңдар, жұмыс істеуге мүмкіндік бермейсіңдер» дейді. Бірақ неге осы уақытқа дейін іс бір ғана баппен тергеліп келе жатыр? Неге осы дәлелдер еленбей келеді?! Видеода тұншықтырып тұрған қолдың иесі бар ғой. Неге ол бостандықта жүр?!» – дейді заңгер.
Ал анасы Гүлстан Хамитпен сөйлескенімізде көңіл күйінен үмітсіздік барын байқадық. Бір жылға жуық уақыт әділдік іздеп шаршаған ананың кейпін көрдік. «Біз де шулаймыз-шулаймыз, қаламыз! Қаншама істер бар! Әскерден де, басқадан да қаншама жас кетті...» дейді марқұмның анасы.
Құзырлы органдар не дейді?
Аталған іс бойынша «Жас Алаш» Алматы қаласы полиция департаментіне де хабарласты. Г.Хамиттің айтқан сөздерінен қорытынды шығарып: «тергеу тобына ақша беру арқылы істі жабу әрекеті болған» деген мәлімдемеге байланысты сыбайлас жемқорлық фактісі бойынша қандай да бір тексеру жүргізіліп жатыр ма, тергеу неге адам өлтіру фактісі бойынша жүрмей жатыр» деген сынды бірнеше сауал жолдады.
Қалалық ПД-ның жауабы былай болды:
«Бұл дерек бойынша Алматы қалалық ПД тергеу басқармасы қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта болған оқиғаның толық көрінісін анықтау үшін жан-жақты тергеу жүріп жатыр. Тергеу шеңберінде материалдар жинақталып, талдануда, куәлерден жауап алынуда, бейнежазбалар зерделенуде, заңда көзделген басқа да іс жүргізу әрекеттері орындалуда. Тергеу барысы департамент басшылығының ерекше бақылауында. Оның қорытындысы бойынша қолданыстағы заңнама аясында шешім қабылданатын болады».
P.S. 21 мамыр күні Ақнәрдің анасы Гүлстан Хамит Бас прокурордың қабылдауында болатынын айтты. Бүгінде ұрандатып айтатын әділетті Қазақстанда әділдікке жету – қарапайым ана үшін қол жетпес арманға айналған. Бұл тек бір отбасының трагедиясы емес. Бұл – мемлекеттің заңмен адам өмірін қаншалықты қорғай алатынына байланысты үлкен сынақ. Жақында марқұмның терезеден секіріп бара жатқан тағы бір видеосы әлеуметтік желіде жарияланды. Видео көрші көпқабатты үйдің камерасына жазылған. Видеода Ақнәрдің секірген сәтінде оның артында тұрған адамның сұлбасы байқалады. Әзірге бұған қатысты ресми органдар қандай да бір түсініктеме берген жоқ.
Тұрсынбек БАШАР