Ақпан айында Сатыбалдыұлынан бюджетке 82,6 миллиард теңге түсті
Қ.Сатыбалдыұлына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары аясында биыл ақпан айында бюджетке тағы да шамамен 82,6 миллиард теңге (185 млн АҚШ доллары) түсті. Бұл туралы Cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали мәлімдеді.
Асхат Жұмағали сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің былтыр атқарған жұмысының нәтижелері жөнінде Президентке есеп берді.
Сонымен, өткен жылы жемқорлыққа қатысты 1692 қылмыс тіркеліп, 1324 адам әшкереленген. Оның 161-і түрлі деңгейдегі басшылар. 1221 іс сотқа жіберілді.
Агенттік төрағасының айтуынша, 2022 жылдан бері мемлекетке және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне 1,02 триллион теңге (2,2 млрд АҚШ долларынан астам) көлемінде мүліктік активтер мен қаражат қайтарылған. Бұдан бөлек, Ақмола облысының Қосшы қаласындағы 942 гектар жер учаскесі мемлекетке қайтарылды. Оның нарықтық құны 13 миллиард теңгеден асады.
Сондай-ақ, ол Қазақстан 2023 жылдың қорытындысы бойынша Transparency International (Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі) рейтингінде 8 позицияға көтеріліп, 180 елдің арасында 93-орынға тұрақтағанын айтты.