«Ақсарағат» деген не сөз?
Әуелгіде «ақсарағат» деген сөз ойландырып қойды. Мақалада оған түсініктеме бермеген. Бірақ статусы жағынан жаңа заманның төбе биіндей болған заңгерге телініпті. Ол жай адам емес, Абай өлшеміне сай адам. Сонда «ақсағарат» деген сөз не болуы мүмкін?
Соңғы кездері «Арыстар тобы», «Алыптар тобы» деген атауларды айтпай кеттік. «Дала академиктері» деген де атау болған. Бәріне бірдей ат қоя беру шарт емес, әрине. Бірақ, олардан кейінгілерді «Аңыз адамдар» деп тізімді ұзартуға да болар еді. Олар, тағы, бірнеше буын. Кейінгілерінің өзі үлкен бір шоғыр.
Орыстар «плеяда», «легенда» деп жатады. Осының екеуі де орыстың төл сөзі емес екен. Міндетті түрде сол екеуіне аударма табайық деп отырғанымыз жоқ. Алайда «бетке ұстарлар», «жақсы-жайсаңдар» деген сөздер мағына жағынан соларға шен болмай тұр-ау.
Тіпті соған әуре де болмай-ақ қояйықшы. Айтпағымыз, біздің заманымызда бір шоғыр аңыз адамдар өмір сүрді. Бір уақыттың адамдары, былайша айтқанда, «плеяда»! Біз соларды көрдік, сұхбаттар алдық, қолдарына су құйдық. Олар үлкен мектептен өткен адамдар ретінде тәуелсіздіктің іргетасын қалады.
Санап көрейікші: Өзбекәлі Жәнібеков, Салық Зиманов, Төрегелді Шарманов, Камал Ормантаев, Оразақ Смағұлов, Манаш Қозыбаев, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Қалтай Мұхаметжанов, Қасым Қайсенов, Амангелді Айталы, Әбіш Кекілбайұлы, Мұхтар Мағауин, Шерхан Мұртаза, Мұхтар Шаханов, бәрі аңыз. Бұл тізімге әлі де талай тұлғаның аты-жөні қосылмай қалғанын түсініп отырмын. Әркім өзінің есіне түскенін қоса берсін.
Осы ағалардың он бесі қоғам және мемлекет қайраткері Мұхтар Құл-Мұхаммедтің «Менің ағаларым» деген кітабына еніпті. Өзім мұқабадан Шот-Аман Уәлиханның суретін көріп қуандым. Тірісінде хан тұқымы деп құрметтеп, өмірден кеткен соң, ұмытып кеткендей едік. Осы кісілердің әрқайсы туралы солай айтуға болады. Аяулы есімдердің көп аталмай жүргені еріксіз ойлантады.
Әйтпесе ана бір жылдары олардың комментарийінсіз газет шықпайтын. Ашық хаттардың бәрінде солардың аты-жөндері тұратын. Тәуелсіздіктің алғашқы кездерінде олардың қатысуынсыз мәселе де шешіле бермейтін.
Мұхтар Құл-Мұхаммед жасының кішілігі мен биік лауазымына қарамай, сол кісілерге үйірсек болды. Олардың сыйластығы туралы әңгімелер біздің де құлағымызға тиіп жататын. Әрине, оларға қамқорлық жасаған басқа да адамдар бар ғой. Бірақ Мұхтар Құл-Мұхаммедтің ағаларымен аралас-құраластығы тамыры тереңге кеткен рухани сыйластық болатын.
Жалпы, Мұхтар Құл-Мұхаммед – сөздік қоры мол, тілдік қоры терең, тілдің түрлік қоры жан-жақты ұлт интеллектуалы. Бір анықтамада «Интеллектуалдар – өз интеллектін мәдени маңызы бар жұмысқа пайдаланатын білімді адамдар» деп көрсетіпті. Сол қалыпқа салсақ, оның басқа қызметін айтпағанда, біраз дүниені шамалап қаламыз. Ал оның мына жазған кітабы жай ғана тұлғатану емес, пассионарлық еңбек.
Мысалы, кітаптағы «Ақсарағат» деген мақаласында Салық Зиманов тұлғасы академиялық тұрғыдан зерделенеді. Оның өмірінің маңызды кезеңдері елдік, ұлттық идеялардың аясында сараланады. Ел тарихына да, ұлт тағдырына да, мемлекет тәуелсіздігіне де жарығын шашқан нұрлы тұлға ретінде суреттеледі.
Өз басым өмірде көзін көріп, сұхбаттасқан Салық Зимановты мүлдем жаңа қырынан таныдым. Өмірлік жолы, ғылымдағы еңбегі, азаматтық ұстанымы, ұлттық көзқарасы, қала берді мемлекетшілдігіне дейін қат-қабат деректермен ұштастырылған.
Автордың үлкен қайраткерлер өміріндегі интригаларды ашып жазуы да қызығушылық тудырады. Дінмұхамед Қонаевтың басқа әйелден көрген қызы Райса Қонаеваның тағдырына да жақсы тоқталыпты. Оны жұмысқа алып, аспирантураға жіберіп, сол үшін қызметінен босатылған Салық Зимановтың адами қасиетін де жақсы ашыпты. Салық Зимановтың жеке өмірі де қоғамдық-саяси интригаларға толы екен.
Кітаптағы басқа материалдардың да саяси салмағы мен қоғамдық маңызы бұдан бір мысқал да төмен емес. Қай-қайсын алып қарасаңыз да академиялық білім мен энциклопедиялық ыждағаттылықтың нышанын анық көресіз. Әсілінде, бұл, ұлылардан қалған дәстүр, үлкен мектеп. Мұны Мұхтар Құл-Мұхаммедтің: «Иә, біздің буынға Сәтбаев пен Әуезов сияқты ұлт ұлыларына қызмет көрсету жазбаған екен. Солармен бір қатарда тұрған Салық Зимановтай ақсарағат тұлғаның атын ерттеп, саф алтынға малынған үзеңгісінен ұстау мәртебесі бұйырды. Біле білген адамға бұл да бір маңдайға жазылған зор бақыт екен...», – деген сөзінен де аңғаруға болады.
Мұхтар Құл-Мұхаммедтің «Менің ағаларым» кітабында тақырып етіп алынған бір сөзбен әр кейіпкер әдемі әдіптеліпті. Сондағы «Алашұлы» Рымғали Нұрғалиев болмысына үйлесіп-ақ тұр. «Арыстан» Өмірбек Жолдасбековтің түр-тұлғасына келеді. «Ханзада» Шот-Аман Уәлиханға, «Жаужүрек» Рақымжан Қошқарбаевқа, «Қаһарман» Қасым Қайсеновке бек жарасады. Қолданыста жоқ «Ақсарағат» деген бір сөз тәуелсіз елдің қара қылды қақ жарған биі Салық Зимановтың болмысын да жақсы ашқандай! «Би деген бір шарағат, бүтін елдің біреуі ғана табатын» деген қанатты сөз бар екен. «Батыр деген бір барақ ит, екі қатынның бірі табады, би деген ақсарағат, ілуде бір-ақ қатын табады» деп те айтатын көрінеді. Бір әріп олай-бұлай ауысқанмен, «ақ шарағат» пен «ақсарағаттың» бір сөз екені дау тудырмас.
Бұл жөнінде әлеуметтік желіде біздің сұрағымызға әркім әртүрлі жауап беріп жатты. Рухани тақырыпқа жазған жазбамызды он мыңнан астам адам оқыды. Ол жерде қарап өте шыққандарды тіркемейді. Егер ұшынтқан пікір айтсаңыз, әрине, көп адам қарайды. Ал рухани тақырыптағы жазбаны, оның үстіне ол кітап туралы болса, он мың да аз емес. Бір өзі бір газет боп жүргендер рухани тақырыпқа жазып жүргендердің арасында да бар. Десе де, дәстүрлі газеттің орны бөлек қой деп, түйінді сөзді өзімнің сүйікті «Жас Алаш» газетімнің бетінде айтқанды дұрыс көрдім.
Мұхтар Құл-Мұхаммедтің өзі де жады мықты адам ғой. Ол да бір өзі бір архив, бір энциклопедияның жүгін еңсеріп кете алады. Мұқаң жаңағы сөзді тақырыпқа жай келтіре салмаған, қолында мынандай дерек болған соң келтірген.
Оның қолындағы деректе оқымысты Дінше (Дінмұхаммед) Сұлтанғазин былай деп жазыпты: «Батыр мен биді салыстырғанда, биді қатты артық көретінін білдіретін сол мақалы мынау: «Батыр деген бір барақ ит, екі қатынның бірі табатын, би деген бір ақсарағат, бүтін елден біреуі ғана табатын» («Дала уәлаятының газеті», 1888 жыл, ғ.51).
Мұқаң сонымен бірге бұл сөздің басқа емес, Ыбырай Алтынсариннің «Әділдік» деген әңгімесінде де бар екенін келтіреді: «Сол уақытта екінші тіленшінің өздері де үйге кіріп келіп, үстіндегі ескі киімдерін тастап, біреуі айбатты дауыспен ақырды:
– Қазы, мен сені қазы қойғанымда: жұртқа қайырлы, байға, жарлыға бірдей, ақ-сарағат би болар ма екен? – деп үміт етіп едім, бұл жаңылысыма тоба қылдым. Жапар! Мынау оңбаған құртты алып, әділдікпен жазасын бер, жұртым көріп-білсін патша құрығы ұзын екенін, ерте ме, кеш пе, қылған жамандық патшаға білінбей қалмайтынын, білінсе үлкен-кішілікке қарамай, жаза тартатынын, – деп.
Жиылған қонақтар бұларды танып, аяқтарына құлап жығылысты. Тіленші болып келіп жүрген Һарунрашит деген қалипа патшасы, қасындағы Жапар деген уәзірі екен».
Ал біз бұл сөзге неге сонша қадалып қалдық? Әдетте энциклопедия тілін қасаң тіл сияқты елестетіп қалғанбыз. Студент кезімізде профессор Тауман Амандосов: «Мықты болсаң, аннотация жазып көр! Мықты екеніңді көрейін, энциклопедияға мақала жазып көр!», – деуші еді. Сол айтқандай, өз басым осы уақытқа дейін энциклопедияның тіліндей анық та қанық, көркем де сұлу тілді көрген жоқпын. Әдебиетімізде архаизмдерді қолдануға тыйым салынып жатқанда, біраз сөзді осы энциклопедия сақтап қалды. Міне, Мұхтар Құл-Мұхаммед бұл кітабын әдеби көркем һәм көсемсөз тұрғысында, біртұтас монолитті энциклопедиялық тілмен жазған. Естігенде құлағыңның құрышы қанады, оқығанда миыңа құйыла кетеді.
Біз біресе мақала, біресе академиялық еңбек деп отырмыз. Шын мәнінде, бұлардың бәрі де көркем эмоциялар араласқан гибридті туындылар. «Асылзада» деген атпен берілген, әкесі Абрар Құл-Мұхаммедке арнаған жазбасында эмоция шегіне жеткендей ширай түскен. Кітапты «Жолаушы» деген тақырыппен аға тұтып жазған Мұрат Әуезов туралы эссемен аяқтауында да бір мән бары анық. Мұрат Әуезовпен кітап қана аяқталып қоймай, алыптар тобынан кейінгі аңыз-адамдар шоғыры да келмеске кеткендей күй кешесің.
Соңғы түйінін айтсақ, бұл да жай кітап емес, ағалар рухымен қауыштырған ақсарағаттық кітап дер едік.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК,
жазушы.