Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 02 Ақпан 2026

АҚШ 48 сағат ішінде Иранға соққы беруі мүмкін – Вучич

Александр Вучич
Фото: Filip Stevanovic/Anadolu/Getty Images/File

Сербия президенті Александр Вучичтің айтуынша, АҚШ алдағы 48 сағат ішінде Иранға әскери соққы жасауы ықтимал.

 Ол бұл туралы Pink TV телеарнасының эфирінде мәлімдеді.

Вучичтің пікірінше, «Иранға шабуыл жасалады». Оның айтуынша, жақын уақытта тек Иранға қатысты ғана емес, өзге де ірі геосаяси оқиғалар орын алуы мүмкін.

«Алдағы 48 сағатта Иранға соққы жасалып, басқа да маңызды оқиғалар болады деп күтіп отырмын», - деді Сербия президенті.

Оның сөзінше, америкалық қаржыгер Джеффри Эпштейн ісіне байланысты жаңа құжаттардың жариялануы АҚШ-тың Иранға шабуыл жасау үдерісін жеделдетуі мүмкін. Вучич бұл жағдайды 1990-жылдардың соңында АҚШ-та орын алған Моника Левински жанжалымен салыстырды.

«Моника Левински оқиғасындағыдай, осындай мағынасыз құжаттар пайда болған кезде біреуге шабуыл жасалады. Эпштейн файлдары бұл соққыны тездетуі мүмкін бе? Бұған менің дерлік күмәнім жоқ», - деп атап өтті Вучич.

Еске сала кетейік, Моника Левински 1998 жылы АҚШ-тың 42-президенті Билл Клинтонмен болған интимдік қарым-қатынасына байланысты ірі саяси жанжалдың ортасында қалған еді. Бұл іс Клинтонға қарсы импичмент процесінің басталуына түрткі болғанымен, Конгресте жеткілікті қолдау таппай, президент қызметінде қала берген.

Джеффри Эпштейн 2019 жылы кәмелетке толмағандарды жыныстық қанауға және адам саудасына қатысты айыпталып, сол жылдың тамыз айында түрмеде өз-өзіне қол жұмсаған. 2026 жылы жарияланған Эпштейнге қатысты құжаттарда АҚШ президенті Дональд Трамптың есімі де аталады.

Айта кетейік, АҚШ президенті 28 қаңтар күні «Abraham Lincoln» әуе тасымалдаушы кемесі бастаған «ірі армада» Иран бағытына бет алғанын мәлімдеген болатын.

Ал Иранның жоғарғы рухани көсемі Әли Хаменеи АҚШ Иранға шабуыл жасаған жағдайда, қақтығыс аймақтық сипат алатынын ескерткен.