АҚШ әкімшілігіндегі жік: Стив Уиткофф пен Марко Рубионың текетіресі
АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф пен АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио арасында келіспеушілік пайда болды.
Бұған себеп – Ресей мен Украина арасындағы соғысты қалай аяқтау керегі жөніндегі көзқарастардың түбегейлі айырмашылығы. Бұл туралы NBC News бірнеше шенеуніктермен жүргізілген сұхбаттарға сүйене отырып хабарлады.
NBC дерегінше, президент әкімшілігінде түрлі фракциялардың болуы – қалыпты құбылыс. Алайда сыртқы саясаттағы ең маңызды бағыттардың бірінде мемлекеттік хатшының шетке ығыстырылып, дипломатияда тәжірибесі аз арнайы өкілдің негізгі келіссөз жүргізушіге айналуы алаңдатарлық жағдай.
«Келісім шебері» ме, әлде «Ресейге тиімді тұлға» ма?
Президент Дональд Трамп Стив Уиткоффты «келісімдер жасаудағы үздік маман» деп санайды. Ал Конгрестегі сыншылар, Еуропадағы одақтастар және тіпті Ақ үйдің өз ішіндегі кейбір қызметкерлер оны Ресей талаптарын тым оңай қабылдайтын дилетант деп бағалайды.
Америкалық шенеуніктер Уиткоффтың Ресей-Украина соғысын тоқтату жөніндегі келіссөздерде Рубионы бірнеше рет айналып өтуге тырысқанын айтады. Ол мемлекеттік хатшыны хабардар етпей, бейбіт келісімге қатысты халықаралық кездесулер ұйымдастырған.
2025 жылдың сәуірінде Марко Рубио Украина мәселесі бойынша келіссөздерге қатысу үшін Парижге баруы тиіс еді. Бірақ сапар алдында оның командасы Уиткоффтың Франция президенті Эммануэль Макронмен жеке кездесу белгілегенін біледі. Рубио бұл келіссөзге қосылуға рұқсат сұрағанда, француз тарапы «алдымен Уиткоффпен сөйлесіңіз» деп жауап берген. NBC мұны Рубио үшін «қорлау сипатты бетбұрыс сәт» деп сипаттайды. Ақыры, Рубио кездесуге қатысқанымен, бұл оқиға оның мәртебесінің төмендегенін көрсетті.
Қарашада мемлекеттік хатшы Швейцарияда украин өкілдерімен келіссөз өткізуді жоспарлаған. Алайда Уиткофф Женеваға алдын ала барып, департаментті ескертпей әрекет еткен. Бұл оның Рубионы тағы да шеттетіп, келіссөздерді жеке бақылауына алуға ұмтылғаны ретінде бағаланды. Рубио кейін Женеваға жетіп, келіссөз өз қатысуынсыз өтуіне жол бермеді.
Осыған ққсас жағдай бірнеше күннен кейін Флоридада да қайталанды: Уиткофф украин делегациясымен кездесу ұйымдастырған, ал Рубио бұл туралы Киев өкілдері арқылы ғана білген. Ақ үйдегі жоғары лауазымды дереккөздердің бірі: «Бұл процесті дәл Рубио басқаруы тиіс еді», - дейді.
Негізгі қайшылық: соғысты қалай аяқтау керек?
Журналистердің пайымынша, басты келіспеушілік – соғысты тоқтату стратегиясында.
-
Уиткофф Трамптың нұсқауын орындап, мейлінше тез келісімге келуді, тіпті Украина тарапынан аумақтық ымыраны қарастыратын жоспарды ұсынады.
-
Ал Рубио мен әкімшіліктегі басқа да шенеуніктер Ресей президенті Владимир Путинді ымыраға мәжбүрлеу үшін экономикалық және әскери қысымды күшейту қажет деп санайды. Еуропалық одақтастар да осы көзқарасты қолдайды.
Қауіпсіздік пен құпиялыққа қатысты күмән
Мемлекеттік департаменттегі алаңдаушылық Уиткоффтың Ресейге сапарлары кезінде қауіпсіздік пен құпиялық талаптарын сақтамауына да байланысты. Ол кейде қорғалмаған байланыс құралдарын қолданған. NBC дерегінше, департамент қызметкерлері Уиткоффтың жеке ұшағымен ұшуы мен онда қауіпсіз байланысты қамтамасыз ету мәселесінде онымен ертеден-ақ келісе алмаған.
Мамырда тексеріс жүргізілген соң, оның ұшағына қосымша күзет пен қорғалған байланыс жүйесі орнатылған. Соған қарамастан, шенеуніктер Уиткофф үнемі мемлекеттік қауіпсіз байланыс арналарына жүгінбейді деп қауіптенеді.
Бұл күмәндер Уиткофф пен Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков арасындағы әңгіменің стенограммасы сыртқа тараған соң күшейе түсті. Стенограмманы Bloomberg жариялаған, ал ақпараттың қайдан шыққаны белгісіз. Ушаков кейде Уиткоффпен WhatsApp арқылы сөйлесетінін мойындаған.
Ақ үйдің ресми жауабы
Мемлекеттік департамент пен Ақ үй бұл келіспеушілік туралы ақпаратты жоққа шығарады. Департамент өкілі Томми Пиготт NBC-ге:
«Рубио мен Уиткофф арасында ешқандай жанжал жоқ. Олар бірге жұмыс істейді және президенттің соғысты аяқтау жөніндегі мақсатын толық қолдайды», - деген.
Марко Рубио да 19 желтоқсандағы баспасөз мәслихатында АҚШ тарапы келіссөздерде қатаң әрекет етіп жатқанын айтып, Уиткоффты «ақысыз жұмыс істейтін, феноменал, дарынды әрі өте ақылды адам» деп сипаттады.
Соған қарамастан, NBC-дің жазуынша, Вашингтондағы ішкі жік сақталып отыр, ал Ресей-Украина соғысын аяқтау жолындағы басты стратегия төңірегіндегі тартыс АҚШ дипломатиясының болашағына тікелей әсер етуі мүмкін.