Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:29

АҚШ әскери қолбасшылығы Ирандағы соғыс басталғалы бері 8 әскери қызметкердің қаза тапқанын растады

АҚШ әскері
Фото: Ken Cedeno/REUTERS

Иранға қарсы әскери операция басталғалы бері қаза тапқан америкалық әскери қызметкерлер саны сегіз адамға жетті.

Бұл туралы АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) хабарлады.

8 наурызға қараған түні тағы бір америкалық әскери қызметкер Иран шабуылынан алған жарақаттарының салдарынан қайтыс болды. Ол “Epic Fury” (Эпикалық қаһар) операциясы барысында қаза тапқан жетінші әскери қызметкер болған.

Қолбасшылық мәліметінше, ол 1 наурыз күні Сауд Арабиясындағы америкалық күштерге жасалған шабуыл кезінде ауыр жараланған.

Кувейттегі шабуыл

Сол күні – 1 наурызда, Кувейтте ұшқышсыз аппараттардың шабуылы салдарынан тағы алты америкалық әскери қызметкер қаза тапқан.

7 наурыз, сенбі күні АҚШ президенті Дональд Трамп Делавэр штатындағы Довер әскери әуе базасында осы сарбаздардың мәйітін тапсыру рәсіміне қатысты.

Тағы бір әскери қызметкердің өлімі

CENTCOM сонымен қатар АҚШ Ұлттық гвардиясының тағы бір әскери қызметкерінің қаза тапқанын хабарлады. Қолбасшылықтың мәліметінше, ол 6 наурыз күні Кувейтте “денсаулыққа байланысты оқиға” салдарынан, оған шұғыл медициналық көмек көрсетіліп жатқан кезде қайтыс болған.

Әзірге оның өлімінің нақты себебі анықталып жатыр. Сонымен қатар қолбасшылық бұл жағдайдың АҚШ-тың Ирандағы әскери операциясымен тікелей байланысты екенін нақтыламады.

Әскери операциялар

АҚШ пен Израиль 28 ақпаннан бері Иранға қарсы әскери операция жүргізіп келеді. Бұл операцияны америкалық әскери күштер “Epic Fury”, ал Израиль “Lion’s Roar” (“Арыстанның айқайы”) деп атайды.

Бұған жауап ретінде Иран Израильге және Таяу Шығыстағы АҚШ одақтастарына дрондар мен ракеталар арқылы шабуыл жасауда. Тегеранның айтуынша, бұл соққылардың негізгі нысанасы – аймақтағы АҚШ әскери базалары.

Иранға жасалған соққылар барысында Ислам Республикасының жоғарғы жетекшісі Әли Хаменеи және елдің бірқатар жоғары лауазымды тұлғалары қаза тапқаны хабарланған.