Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:00, 26 Шілде 2024

АҚШ аспаны астындағы алпыс күн (жолжазба)

ақш
Фото: goodfon

Астанадан беталғанымыз Ыстамбұл қаласы. Адамзат тарихында елеулі орны бар осы шаһарда кідіріс жасап, АҚШ-қа ұшатын жолаушылар қайта тіркелу мен тексеруден өткесін Туркиш эйрлайнс ұшағымен он бір сағат мұғдарында Вашингтон қаласының Дуллэсәуежайына аман-есен қондық. 

Қалта телефонымда: «АҚШ-қа, Гранд-каньон еліне хош келдіңіз!» деген орыс тіліндегі жазу шықты.

Әуежайда АҚШ-тағы Қазақстан Республикасының елшілігінде дипломат болып қызмет істейтін кенже балам келінімізбен, немерелерім күтіп алды. Сапар мақсаты – екі ай демалып қайту, біз үшін бұрын-соңды жол түспеген әйгілі елменен, жерменен мүмкіндігінше іштей танысу.

Вашингтонның жан-жағы шағын қалашықтар. Ірі мегаполистерде қызмет істейтін американдықтардың көпшілігі осындай елді мекендердегі жекежайларда тұратынын естідік. Бірқатар елшіліктердің дипломаттары, баламыз да пәтер жалдайтын тыныш, жайлы Маклин қалашығы, Вирджиния штатында, қалашықта кейбір халықаралық компаниялардың орталық кеңселері, ірі банктер, заманауи қонақ үйлерқоныс теуіпті. Вашингтонға дейін жеңіл көлікпен жиырма минуттық жер. Вашингтон қаласы қарайтын Колумбия округі дербес аумақ екен, бірде-бір штатқа тиесілі емес.

* * *

Ертеңіне отыз қабатқа жуық тұрғынжайдың жетінші қабатынан түсіп, ғимараттың жан-жағын шолып жүрмін. Ойым күнделікті таңертең бой жазатын, түрлі жаттығулар жасайтын оңаша орын іздеу. Есік алдындағы Чейн Бридж көшесін кесіп өтсеңіз, шоқы үстіндегі шағын бақ бірден ұнағанын айтқым келеді. Алыстан жидек талдарына балап жүрсем, бір заманда жапондықтар сыйлаған сакура көшеттерінің құлпырып гүлдейтін уақытысына сәйкес келіппіз. Сакура ағаштары Вирджиния штатын әлдеқашан жерсініп кеткендей.

Саябақ іші шықылықтап сайраған ұсақ құстар, кейбіреуінің қанаттары сарғыш немесе қызғылт торғайлардың сән-салтанаты ерекше, сондай-ақ ақтиін, түз қояны жүр. Кейінірек АҚШ рәмізі – ақ басты бүркітті де осы тұстан байқағанымды ізгілікке балаймын.

Әлгі бақта кішкентай, аппақ күшік жетектеген әйел жолықты, күлімсіреп, ілтипат білдіріп, сәлемдесуде. Мен де мезіреті жасағаныммен, амандасумен шектелуге тура келді, ағылшынша түсінетін сөздерім санаулы. Қарғыбауы ұзын кішкентай күшік бұрыннан білетіндей-ақ аяғыма оратылып жүр. Сол күннен бастап шоқы үстіндегі демалыс орнына қойған атым Жақсы күшік бағы.

Тұрғынжайдың көптеген лифтісінің бірімен жоғары көтеріліп, не төмен түсіп жүргенімде кездейсоқ кездескен американдықтардың бәрі дерлік сәлемдесіп жатады. Жүздері ақ жарқын, іш тартып тұрғандай көрінгенімен, білетіндердің айтуынша, шын мәнінде өскен ортасы, өмір дағдысы сондай. Көп ұзамай тұрғын үй ғимараты ішінде, сондай-ақ Жақсы күшік саябағында бейтаныс американдықтармен оң қолымды кеудеме қойып, менің де үн-түнсіз амандасуым әдетке айналып кетті. Кейбіреуі әңгімелескісі келгенімен, «Инглиш ноу» деймін шынымды айтып. `

* * *

Жетінші қабаттағы пәтерлер оң қанат пен сол қанатта. Кейбір пәтерлердің есік алдынан үлкенді-кішілі қағаз қалтадағы заттарды көресің. Күнделікті тапсырыс беретін қожайыны алып кеткенше ешкімнің онда шаруасы жоқ. Бәлкім, тұтыну заттары сияқты бұйымтайлар болуы мүмкін. Жеткізіп берушінің және қоңсы-қолаңның бір-біріне осындай сенім білдіруі сүйсіндіреді. Поштаның жөн-жосығы тіпті бөлек, Американың ұшқыр поштасы сәлемдемелерді, хат-хабарларды тұрғындардың мекенжайы жертүбінде болса да дер кезінде табыс ететіні белгілі.

* * *

Қонысжайымыз орналасқан ғимарат жаңа. Тұрғындары өздерін емін-еркін ұстауы, бос уақытын тиімді, оңтайлы өткізуі басты талап. Екінші қабатында ұзыннан ұзақ созылған кең холл. Аралары перделермен бөлінген демалыс орындары, әрқайсысында қаптаған ұзын немесе қысқа дивандар, жастықтар, креслолар, дөңгелек, сондай-ақ төртбұрышты үстелдер, сән үшін декоративті заттар қойыпты. Бір қапталында жалғыз адам ноутбукпен жұмыс істеуге есептелген бірнеше бөлмелер бар, бір цент те төлеместен өзің шай немесе кофе құйып алатын автоматты құрылғы тұр. Қабырғаларына абстрактылы сипаттағы картиналар іліпті. Жұмыс күндері күндіз адам сирек. Ара-тұра дауысы бәсең, кейбіреуі құлаққа сіңісті көрінетін әуендер қосылады. Төбетімен бірге серуендеп келгендер үлкен-кіші иттерін жуындыратын арнайы бөлме де осы қабатта.

Ортасынан ашылған қалың кітап сияқты тұрғынжай ғимаратының жапсарлас үшінші қабаты ашық аспан астындағы тоғайшық. Жас тал-терек, шыршалармен қатар жапырақты өсімдіктер, гүлдері ақ, сары, көкпеңбек, қанық қызыл экзотикалық бұталар көз жауын алады. Осы тоғайшық ішіне айқыш-ұйқыш тас соқпақтар тартылған. Қол жуатын орындары, газ отымен барбекю пісіретін мангалдар,басқа дақажетті құрал-жабдықтар есеп-қисаппен қойылғандай. Сондай-ақ төбесінде кенеп қалқасы бар бірнеше төртбұрышты отау жұмсақ орындықтармен, ұзын үстелдермен, теледидармен жабдықталыпты. Кейде күндіз, кейде кешкісін топ-топ адамдар той тойлап жататынын ара-тұра көріп жүрмін. Біз де айына екі рет балалармен бірге исінің өзі тәбет шақыратын дәмді барбекю дайындап, үш-төрт сағаттай демаламыз. Тұрғындардың бәріне ортақ тәртіп, соңынан жүрген-тұрған орнымызды бір қиқым қалдырмастан тазалап кетеміз.

Арғы басында хауыз (бассейн). Қазір ерте көктем, салқын суда шомылу маусым айына таман басталмақшы, хауыздың жағалауларына қатар-қатар жатын орындар, қолшатыр сияқты үлкен күнқағарлар қойыпты.

Тұрғынжайдың ауқымы зор спорт залында түрлі құрылғыларда жаттығатындардың жасы үлкені мен жасы кішісі аралас. Қолым бос, күнде біржарым сағат уақытты осында өткіземін. Тұрғындары үшін осыған ұқсас тартымды ахуал туғызу Американың көпқабатты қонысжайларының бәріне тән көрінеді. Шынымды айтсам, әлі күнге дейін осы іспетті тұрғын ғимаратты Алматыдан не Астанадан кездестірмеппін. Мүмкін мен көрмеген, мен білмейтін Қазақстанда санаулы адамдар игілігін көретін элиталық тұрғынжай бар да шығар.

* * *

Тұрғын ғимараттың кіреберістері тұс-тұсында. Артқы тұсынан сыртқа шығуға беталғанымда қарсы келе жатқан қара өңді екі жасөспірімнің біреуі серіппесі қатты сыртқы абажадай есікті айқара ашқан күйі ізет көрсетуде. Жанынан өтіп бара жатқанымда арқасынан қағып, ризашылығымды білдіріп жатырмын. Тегі афро-американдықтардың АҚШ-тың саяси және экономикалық өміріне, ғылымына, біліміне, әдебиеті мен өнеріне, спортына, т.б. маңызды тыныс-тіршілігіне қосатын үлесі уақыт озған сайын артып келеді. Тең мүмкіндіктер елінде әркімнің табиғи бейім-білігін танытуға кедергі жоқ.

Америка халқы нәсілдік кемсітушілік сияқты анайы, жат сорақылықты да еңсеретініне сенімді. Оның бір дәлелі – американдықтардың Барак Обаманы АҚШ президенттігіне қатарынан екі рет сайлауы. Иә, уақыт өзгереді, уақытпен бірге адамдар да өзгереді.

Бір күні тұрғын ғимараттың сол қапталындағы ұзын отырғыштардың бірінде өзіммен бірге ала барған төрт-бес кітаптың біреуін оқып отырғанымда назар салғаным, көршілес жайғасқан, ағылшын тілінде сөйлескен екі адам. Біреуі Астанада тұратын Бауыржан Омаров інімізден айнымайды, келбеті, бой бітімі, шаш қойысы, сыпайы күлкісіне дейін Бауыржанның өзі. Бір-екі рет атын дауыстап айтқаныммен, ақыры басқа жан болып шықты. Елге оралғасын Америка Құрама Штаттарында егізі тұратынын, бірақ Қаратерең елді мекенін білетініне күмәнім бар екенін Бауыржан Омаров бауырыма айтып барармын бір кездескенінде.

Тағы бірде көшебеттегі арнайы белгіленген орында темекі шегіп отырғанымда көңілсіз ой иектеп кетті. Ені тар өткінші жолдың үсті. Оның үстіне сол жерге ұзын отырғыш қойғасын қарсы кездескен екі адамның біреуі жол бермесе не әрі не бері өте алмайсың. Орнымнан көтеріліп, сол баяғы ойдың жетегінде селтиіп тұрғанымда сыртымнан әлдекімдер ағылшынша сөйлеп жатты. Ерлі-зайыптылар сыңайлы.

– Ойбай, өтіңіздер, байқамай қалыппын, – деп қазақшалап жатырмын жолды босатып.

– Сіз Қазақстаннан емессіз бе? «Ойбай» деген сөзіңізді естіп айтып жатқаным ғой, – деді жас әйел орысшалап.

– Иә! – деп жауап бердім. Жанындағы түсі игі американдық жігіт күйеуі екен, оншақты қадам жерде келіншегін күтіп тұр. Әлгі жас әйелмен біраз әңгімелестік. Өзі Қазақстаннан, Жетісу өңірінен көрінеді. Есімі – Татьяна. Тағдыр жазуымен АҚШ-қа біржолата көшіп келіп қоныстаныпты. Атлант мұхитының арғы жағындағы бейтаныс елде орыс қызы да ағайының сияқты. Ізгі тілектерімді айтып жатырмын, жылышырай сөйлеп.

* * *

Атлант және Тынық мұхиттарының ортасында жатқан АҚШ-тың Бостон, Лос-Анджелес, Детройт, Сан-Франциско, Хьюстон, Лас-Вегас, Атланта, Канзас-сити, Даллас, Филадельфия, Чикаго және т.б. атышулы қалалары көкейімізде. Туристер шұбырып баратын Иллинойстан кем емес ұлттық қорықтары, Голливуд кино индустриясы, Сан-Диегоның танымал жағажайы, Рок-н-ролл королі Элвис Преслидің Мемфис қаласындағы мұражайы, Нью-Йорктің Манхэттен ауданы, театрлар шоғырланған Бродвей көшесі сияқты көрнекі орындары да саналуан. Мүмкіндік болған күннің өзінде танысу мақсатында асықпастан жата-жастанып, ХХІ ғасырдағы штаттар орталықтарын, барғың келетін басқа да ендік пен бойлықтарын аралап шығуға менің қалған ғұмырым жетпейтіндей. Біз көрмегенді кейінгі жас ұрпақ емін-еркін көріп өссін, біз үшін орындалмастай болған арман-мұратқа білімді-білікті жастарымыз емін-еркін қол жеткізсін.

Ақиқаты – Жасағанның құзырында. Жоғарыда аталған қалалардың бірқатары – «Мың бір түн» кітабындағыдай заманында атағы жержарған ежелгі Бағдат шаһарына барабар сияқты ой келгені.

* * *

Сәрсенбінің сәтті күні Вашингтон қаласына жол түсті. Маклин қалашығы мен Вашингтонның орналасқан жері ойлы-қырлы. Жолда Арлингтон қорымының бір тұсынан өттік. Осы қорымда Америка елінің байырғы президенті Авраам Линкольн, күні кешегі президенті Джон Кеннеди, басқа да көптеген белгілі АҚШ азаматтары мәңгілік тыныштық тауыпты. Арасында әскери сарбаздар да баршылық сияқты. Көп ұзамай әйгілі Амазон ай-ти компаниясының қап-қара шыныдан соққан штаб-пәтерінің айбыны, сәулеті көңілімізді аударып әкетті.

АҚШ картасынан таныс Потомак өзені жатыр күн көзіне айнадай жарқырап. Арғыбеті Вашингтон қаласы. Үлкен көпір арқылы өткенімізде етек-жеңі кең өзенде үлкенді-кішілі кемелер жүзіп жүргенін көрдік. Көпір үстінен бір байқағанымыз, бірқыдыру тұстағы ұшталған қаламға ұқсас Вашингтон монументі. Монумент ішіндегі лифті арқылы көтеріліп, тұтас қаланы тамашалауға болатыны айтылды. Жұрт аузындағы Пентагон да пәлендей қашық емес етекке жайғасыпты.

Вашингтонға ендеп кіргесін шоқы үстіндегі қалқайған үш-төрт шатырлар үй-күйі жоқ жандардың қонысы сыңайлы. Бір жас бойжеткен ілгері жүруге рұқсат беретін бағдаршамның белгісін күтіп тұрған көліктер арасында билеп жүр. Кейбір жүргізуші немесе жанындағы жолаушысы азды-көпті ақша ұсынуда. Биі көңілді, тартымды.

Қала көшелерінде қараөңділерді, үндістандықтарды, басқа да өзімізге ұқсас азиялық ағайындарды, латынамерикандықтарды жиі кездестіресің. Бір ғажабы, АҚШ-та өмірге келген кез келген сәби ата-анасы басқа елдің азаматтары екеніне қарамастан американдық болып саналатын тәртіптің пәрмені күшті екен. Жарық дүниеге келгенінде тиісті құжат берілетін шығар, әлгі сәби он сегізге толғасын ешқандай визасыз АҚШ-қа келіп, осы елде оқуға, жұмыс істеуге, тұрақты түрде қоныстануға құқылы. Қаласа, ата-анасымен бірге келуіне жол ашық.

* * *

Конгрестің ғимараттары қатар-қатар, біреуінің кіреберісінде онға жуық полицейлер таңертеңгілік жұмысына кірісіп кетіпті. Әуежайдағы талапқа ұқсас табақшаға салған белбеуі мен қалтасындағы ұсақ-түйек заттары, өзі тиісті тексеруден өткесін конгресмен жолдастар кезекті полицейдің алдында екі қолын екі жаққа созып, тағы бір бақылау-байқаудан өтіп жатыр. Көпшілігінің сырт келбеті дегдар халық қалаулылары жұртшылыққа ортақ тәртіпке үн-түнсіз мойынсынуда. Кез келген штат тұрғындары сөзімен, ісімен ұнаған жерлестерін қайта сайлауға ерікті.

Көршілес жатқан, конгрестің түсі ақ Капитолий ғимараты Вашингтонның басты символы. Ұшар басындағы күмбездің үстінде бостандықты бейнелейтін әйел ескерткішін көрдік, осы әйелдің ескерткішін Капитолийдің ішіне де қойыпты. Бір қолында қылыш. Американдықтар үшін бостандық бәрінен қымбат. Әлгі қылыштың біз бостандығымызды қарумен қорғауға дайынбыз дегенді білдіретін мағынасы бардай. Капитолийді тамашалайтындар топ-тобымен жүр, көпшілігі бір түсті жейде киген мектеп оқушылары. АҚШ-тың түрлі штаттарынан ғана емес, Еуропа мен Азия елдерінен, Австралиядан да келетін туристердің қарасы мол.

Конгресс ­– Америка демократиясының жаны. Капитолийдегі Ұлттық мүсін залынан АҚШ тарихындағы ұлы тұлғалардың, сондай-ақ АҚШ-тың елу штатының әрқайсысы ұсынатын аса көрнекті өкілінің ескерткіштерін көрдік. АҚШ-тың ішкі және сыртқы саясатына қатысты өткір сын пікірлер Конгрестің қос палатасында да орын алып жататындай. Конгресмендер қажет болса, АҚШ президентіне импичмент жариялауға құқылы. Екібастан қоғамға жат іс-әрекеттер мерзімді баспасөзде шу туғызатыны аян. Бір сөзбен байыпты сын айту, белгілі бір шетін оқиғаға, сондай-ақ әлеуметтік алаңдаушылыққа байланысты немесе халықаралық ахуалға үн қосу мақсатында бейбіт шерулер өткізу Америкада қалыпты жағдай.

* * *

АҚШ-тың көне қалашықтарының бірі Александрия Вашингтонның жанында. Он сегізінші ғасырда шотландықтар негізін қалаған осы қалашық сүйкімді, таза, шағын дәмханалары көп. Бір тұста жігіт ағасы Шотландияның музыкалық аспаптарының бірі волынкада ойнауда. Қалашықтың орталық көшесіндегі екі қабатты, үш қабатты қонысжайларды ілгеріде көргендеймін. Тіпті ілгеріде осы жерде тұтас ғұмыр кешкендеймін. Сыйлас ағамыз бұрынғы өмірінде аты-жөні мәшһүр бір патшаның қазына кілтшісі қызметін атқарғанын түсінде көріпті. Түйсік қалтарысының бірінде сақталып қалуы ғажап емес, мен де бұрынғы өмірімде осы қалашықта өрт сөндіруші болған сияқтымын.

Сол күні АҚШ-тың әуе және ғарыш технологияларына қатысты мұражайымен таныстық. Өткен уақыт еншісіндегі және осы заманғы ұшақтарды, Сикорскийдің алғашқы тікұшағын, ғылыми ой дамуының кезекті бір белестеріндей жер серіктерін, ғарыш кемелерін тамашаладық.

Мұражайда екінші жиһан соғысының аяғында Хиросима қаласына атом бомбасын тастаған түнгі көлеңке іспетті самолет тұр. Жер бетінде баянды бейбітшілік орнату, қауіпсіз әлемде ғұмыр кешу бүкіл адамзаттың көкейкесті, ежелгі арманы. Сол арман-аңсар жүзеге асқанша тағы қанша ғасыр өтетіні бір Жасағанның еркінде.

* * *

Бірер сөз «Вашингтон пост», «Нью-Йорк таймс» газеттері туралы. Алғашқысының штаттағы тілшілері бір мыңның үстінде, екіншісінде одан едәуір көп. Екеуі де аптасына жеті күн шығады, «Нью-Йорк таймстың» жексенбі күнгі таралымы миллион дана үстінде болса, күнделікті тарайтын «Вашингтон пост» ­– 545 345, жексенбі күнгісі ­– 764 666. Қос басылым Пулитцер жүлдесімен ең көп марапатталғандардың қатарында. Жоғары билік аталған газеттердегі өзіне қатысы бар жарияланыммен санасуға мәжбүр. Бұл сондай-ақ мерзімді баспасөздің АҚШ өміріндегі беделі мен ықпалдылығын байқатса керек.

Соңғы ақпаратқа қарағанда «Атлантик», «Харперс Мэгэзин», «Плаушерс», «Нью-Йоркер» және т.б. американдық әдеби журналдар осы заманғы көркемсөз әлемінде мәртебелі орнымен ерекшеленуде.

* * *

Маклин қалашығындағы бірқатар зәулім тұрғынжайлардың шатырларында жайқалған ағаштар бой көтеріпті. Осы қалашықтағы ғимараттардың бірінің лифтісімен көтеріліп, жұртпен бірге он бірінші қабатта, шатырында орналасқан бақта демалып қайттық, сондай-ақ шағын дәмханасында немереміздің біреуінің туған күнін тойладық. Бір қарағанда қандастарымыздай көрінгенімен, ұлы мен қызы кореялық немесе жапондық болып шығатын ағайындар кездесті. Бір қазақ қызы да ұшырасты, келініміздің біраздан бері араласатын танысы екен. Есімі – Марта, дизайнерші. Гарвард университетін өз күш-жігерімен бітірген, үлкен компанияда жұмыс істеп жүрген күйеуінің діттеген мамандығы бойынша оқыған-тоқығанын іс жүзінде меңгеру. Келесі жылы елге қайту ойлары. Айтқан сөзіміз: «Жарасып, әрі ұзақ ғұмыр кешіп, өмірден бақ-берекет табыңдар!».

* * *

Екі ай ішінде Америка Құрама Штаттарын ұзынынан және енінен зерттеп-зерделеп алғанын ешкім айта қоймас. Американың қатпар-қатпар сыры, таяу және ұзақмерзімді мақсаттары түпсіз тереңде. Біздің жолжазбамыз өтіп бара жатқан жолаушы пойызының терезесінен қарағандай әсер-пайымдар. Бірақ еркіндік, демократиялық өмір салты бала кезінен американдықтың бойында қалыптасатын сияқты. Өркениеттің бір алыбы Америка байтағы амандықта өсіп-өркендей берсін.

АҚШ-тың алуан сипаттағы жетістіктерін санап тауыса алмайсыз. Американың қайнаған өмірі ­– әлемнің түкпір-түкпірінен толқын-толқын эмигранттарды тартуда. Бәрібір соңғы бір апта бойы әлдене жетіспейтіндей, көңіліміз қоңылтақсып жүретін. Оны ұшағымыз Астана әуежайына қонуға беталып төмендей бастағанда түсінген сияқтымын. Астана төңірегінің көк орай алқабы, шоқ-шоқ тоғайы көрінгенде көп жылдардан кейін көзіме бір түйір жас келді.

Иә, әркімнің Меккесі – өзі туып-өскен елі мен жері.

Азат ӘКІМ

Тегтер: