Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 18:07

АҚШ авианосецінде өрт: «Gerald R. Ford» Иранға қарсы соғыста қатардан шығуы мүмкін

USS «George H.W Bush
Фото: US Navy

12 наурыз күні АҚШ-тың ең үлкен авианосеці – «Gerald R. Ford»-та өрт шықты. Бұл туралы The New York Times басылымы теңізшілер мен әскери қызметкерлердің сөзіне сүйене отырып хабарлады.

Өрт кеменің кір жуу бөліміндегі киім кептіргіштің желдету жүйесінде басталып, тез таралған. Теңізшілер жалынды 30 сағаттан астам уақыт сөндірген. Мәліметтерге қарағанда, өрт толық өшкенге дейін 600-ден астам теңізші мен экипаж мүшесі жатын орындарынан айырылып, еденде және үстел үстінде түнеуге мәжбүр болған.

Сонымен қатар, көптеген теңізшілер өрттен кейін бір апта бойы киімдерін жуу мүмкіндігінен айырылған.

Басылымның жазуынша, бұл өрт – АҚШ Әскери-теңіз күштерінің ең жаңа авианосеціндегі техникалық ақаулардың соңғысы ғана. Бұған дейін кемедегі 650 дәретханаға қатысты мәселе туындаған: жүйе дұрыс жобаланбағандықтан жиі істен шығатыны айтылған.

АҚШ Әскери-теңіз күштері бұл оқиғаға қатысты ресми түсініктеме бермеді. Ал АҚШ Орталық қолбасшылығы өрт кеменің қозғалтқыш жүйесіне зиян келтірмегенін және авианосец толық жұмыс күйінде екенін мәлімдеді.

Сондай-ақ екі теңізші ем алған. Алайда NYT дерегінше, ондаған әскери қызметкер түтіннен уланған.

Бұған қоса, «Gerald R. Ford» биыл жыл басында Вирджиниядағы кеме жөндеу зауытында жоспарланған техникалық қызмет көрсетуден өтпеген. Бұл жөндеу жұмыстары ықтимал әскери операцияларға байланысты кейінге қалдырылған болуы мүмкін.

АҚШ–Израильдің Иранға қарсы соғысы басталғалы бері авианосец тәулік бойы ұшу операцияларын орындап жатыр.

Кемені ауыстыру жоспары бар

Әскери дереккөздердің айтуынша, Пентагон кеменің мүмкіндіктері шегіне жетіп қалғанын біледі. Сол себепті басқа бір авианосец – «George H.W. Bush» Таяу Шығысқа жіберілуге дайындалып жатыр. Ол «Ford»-тың орнын басуы мүмкін.

АҚШ-та мұндай ірі авианосецтердің жалпы саны – 11.

Кеме уақытша портқа кіруі мүмкін

Reuters агенттігінің хабарлауынша, «Gerald R. Ford» борттағы өрттен кейін уақытша портқа кіруі ықтимал. Бұл ақпарат 17 наурыз күні, өрт туралы хабар тарағаннан екі күн өткен соң жарияланған.

Қазіргі уақытта кеме Қызыл теңізде тұр. АҚШ шенеуніктерінің айтуынша, ол уақытша Грекиядағы Крит аралындағы Суда шығанағына баруы мүмкін. Бірақ қанша уақытқа қалатыны белгісіз.

Авианосецте 4 мыңнан астам теңізші қызмет етеді және 75-тен астам әскери ұшақ бар. Сонымен қатар ол күрделі радар жүйелерімен жабдықталған және бірнеше зымыран крейсерлері мен эсминецтермен бірге жүреді.

«Ford»-тың ұзақ әрі ауыр миссиясы

Кеме 2025 жылдың қазан айына дейін Жерорта теңізінде болған. Кейін АҚШ қорғаныс министрі Пит Хегсет оны Кариб теңізіне бағыттаған. Бұл – Дональд Трамптың Венесуэлаға қысым көрсету саясатының бір бөлігі болған.

Осыдан кейін авианосец АҚШ–Израильдің Иранға қарсы соғысына қатысу үшін Таяу Шығысқа жіберілді.

Қазір «Ford» өзінің 10 айлық үздіксіз қызмет кезеңіне кірген. Экипажға олардың миссиясы мамырға дейін ұзартылуы мүмкін екені айтылған. Бұл теңізде бір жылға жуық уақыт болу деген сөз – әдеттегі мерзімнен екі есе ұзақ.

Әдетте мұндай кемелердегі қызмет мерзімі 6 айдан аспайды. Сарапшылардың айтуынша, бұдан ұзақ уақыт қызмет ету – әрі кеме, әрі экипаж үшін өте ауыр.