Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 17:50

АҚШ азаматы Ресейде автомат бөлшектерін әкетпек болғаны үшін сотталды

Солтүстік
Фото: ашық дереккөз

Мәскеу соты АҚШ азаматы Роберт Маоны Калашников автоматы (АК) мен «Сайга» карабинінің бөлшектерін Түркия арқылы АҚШ-қа алып шықпақ болғаны үшін төрт жылға жалпы режимдегі колонияға соттады.

Мао өз әрекетінің заңсыз екенін білмегенін мәлімдеді.

ТАСС агенттігінің хабарлауынша, Солнцево аудандық сотының үкімі күшіне енген, қорғау тарапы төменгі сатыдағы соттардың шешіміне шағымдана алмаған.

Іс материалдарына сәйкес, 2024 жылғы қазан айының соңында Мәскеу-Стамбул рейсіне отырған жолаушылардың жүгін тексеру кезінде Внуково әуежайында Маоның чемоданынан автомат пен карабинге арналған дүмдер табылған. Оның ЕАЭО Кеден одағы шекарасы арқылы бұл бөлшектерді алып өтуге рұқсаты болмаған, сондықтан әрекеті қару контрабандасына талпыныс ретінде бағаланған.

Калифорния тұрғыны Мәскеуге спорттық жарысқа қатысу үшін келгенін айтқан. Ол дүмдерді интернет арқылы танысқан ресейліктерден криптовалютаға сатып алғанын, сатушылар бұл мәміле заңды екенін және бөлшектерді елден алып шығуға болатынын сендіргенін мәлімдеді. Сонымен қатар Мао Мәскеудегі «Зенит» дүкенінен қаруға арналған басқа аксессуарлар мен тюнинг элементтерін ресми түрде сатып алғанын айтты. Оның сөзінше, «қару — оның хоббиі, ол оны ұзақ уақыт бойы зерттеп, коллекциялап келеді».

Мао жазаны жеңілдетуді сұрап, кінәсін мойындағанын, өкінетінін және тергеумен ынтымақтасқанын алға тартқан. Апелляциялық шағымында ол қару-жараққа қатысты жабдықтар мен тюнинг элементтерін «арнайы әскери операцияға» (Ресейде Украинадағы соғысты осылай атайды) қатысатын әскери бөлімге бергенін де көрсеткен. Алайда апелляция қанағаттандырылмаған.

Ресейдегі америкалықтарды қудалау

АҚШ билігі өз азаматтарына Ресейге бармауға кеңес береді және елде жүрген америкалықтарды шұғыл түрде кетуге шақырып келеді. Вашингтон мұның себебі ретінде еркінен тыс ұсталу және жалған айып тағу қаупін атайды.

Соңғы жылдары Ресейде бірнеше АҚШ азаматына қатысты резонансты үкімдер шығарылды. Мысалы, 2022 жылғы тамызда баскетболшы Бриттни Грайнер есірткі контрабандасы ісі бойынша тоғыз жылға сотталды — Нью-Йорктен Мәскеуге ұшып келген спортшының жүгінен каннабис майы бар электронды құрылғылар табылған. Сол жылдың желтоқсанында Грайнер АҚШ-та қару саудасы үшін жазасын өтеп жатқан ресейлік Виктор Бутқа айырбасталды.

Тағы бір мысал — The Wall Street Journal журналисті Эван Гершкович. Ол 2024 жылғы шілдеде «тыңшылық» айыбымен 16 жылға қатаң режимдегі колонияға сотталған. Журналист Ресей өңірлеріндегі Украинадағы соғысқа көзқарас пен «Вагнер» жеке әскери компаниясына адамдарды тарту туралы материал дайындап жүрген. 2024 жылғы 1 тамызда Гершкович Ресей, Беларусь және Батыс елдері арасындағы тұтқын алмасу аясында босатылды.

Тегтер: