АҚШ барлау қызметінің бұрынғы қызметкері Израильдің Иранға шабуылы туралы құпия ақпаратты жариялағанын мойындады
Орталық барлау басқармасының бұрынғы сарапшысы Асиф Уильям Рахман жұма күні Вирджиния штатының федералды сотында құпия ақпаратты жария еткені үшін кінәсін мойындады. Ол 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Орталық барлау басқармасының бұрынғы агенті Асиф Рахман Израиль әскерилерінің Иранға шабуыл жасауға дайындығы туралы аса құпия ақпаратты жариялағаны үшін кінәсін мойындады. Бұл туралы Associated Press хабарлады.
Қараша айында АҚШ үкіметі Рахманды Израильдің Тегеранға зымыран шабуылдарын жасау жоспары туралы құпия құжаттарды жария етті деп айыптады.
«Рахман АҚШ-тың аудандық сотында ұлттық қорғаныс туралы ақпаратты жария еткені үшін екі айыпты мойындады», - делінген хабарламада.
Үкім 15 мамырда шығады. Орталық барлау басқармасы бұрынғы қызметкері 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Пентагонның Израильдің Иранға шабуыл жасау жоспары туралы өте құпия ақпарат қазан айында тараған болатын. Құжаттар Израиль қорғаныс күштері шабуылда қолдануы мүмкін ұшақтар мен снарядтардың түрлерін атайды. Хабарламалардың бірінде АҚШ-тың шабуыл кезінде Израильдің ядролық қару қолдануды жоспарлағаны туралы ешқандай белгі көрмегені айтылған.
Бұған дейін 22 жастағы америкалық әскери IT маманы Джек Тейшейра өз елінің ұлттық қорғанысына қатысты құпия ақпаратты, оның ішінде Украинадағы соғысқа қатысты құпия әскери құжаттарды жария еткені үшін 15 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.