Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 18:00

АҚШ Гренландияға басып кіруі мүмкін – бұл ресми түрде расталды

Трамп
Фото: zhasalash.kz

АҚШ-тың қорғаныс министрі Пит Хегсет әлемдегі ең үлкен арал – Гренландияны бейбіт жолмен алу мүмкін болмаса, әскери күшпен басып кіру жоспары барын іс жүзінде растады.

The Telegraph басылымының жазуынша, 12 маусымда Конгресс отырысында Хегсет пен Демократиялық партия өкілі, Өкілдер палатасының мүшесі Адам Смит арасында қызу пікірталас болды. Конгрессмен министрден: «Панама мен Гренландияны, қажет болса, күшпен басып алу жоспары бар ма?» – деп сұрады.

«Меніңше, америкалықтар президент Трампқа дауыс бергенде, Гренландияға басып кіру үшін емес, басқа мақсатта дауыс берген», – деді Смит.

Оған жауап ретінде Пит Хегсет Пентагонның кез келген жағдайға арналған жоспарлары барын, оның ішінде Гренландияға әскери интервенция сценарийі де барын тұспалдап жеткізді.

«Біздің Қорғаныс министрлігіндегі жұмысымыз – кез келген жағдайға дайын болу. Бүкіл бір ғимарат толы жоспарлау мамандары сол үшін жұмыс істейді. Қажет болған сәтте біз тиісті ұсыныс беруге дайынбыз», – деді министр.

Өкілдер палатасының тағы бір мүшесі Майк Тёрнер Хегсеттен нақтылауын сұрап: «Бұл сіздің аралды күшпен аннексиялау жоспарын растап тұрғаныңыз ба?» – деді.

Министр тағы да: Пентагонда түрлі жағдайларға арналған түрлі жоспар бар екенін қайталап, ведомство Гренландияны «потенциалды қауіптерден қорғауға» дайын екенін айтты.

Айта кетейік, наурыз айында Дональд Трамп Гренландияны аннексиялау жоспарын ашық мойындаған болатын.

«Меніңше, бұл міндетті түрде болады. Ол халықаралық қауіпсіздік үшін керек», — деді АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйдегі Овалды кабинетте НАТО-ның бас хатшысы Марк Рюттемен кездесу барысында. Бұл туралы NBC News хабарлаған еді.

Ал Марк Рютте өз кезегінде Альянстың бұл мәселеге араласқанын қаламайтынын мәлімдеді.

The Wall Street Journal басылымының жазуынша, Трамп Гренландияны бейбіт жолмен ғана емес, әскери жолмен алуды да қарастырып отыр. Басылым дереккөздеріне сүйенсек, АҚШ әкімшілігінің өкілдері Даниямен аралға америкалық әскери контингентті көбейту және кен өндіруші компаниялармен келісімшарт жасау жөнінде келіссөздер жүргізуге дайын екенін айтқан. Алайда Трамптың өзі Гренландияны әскери жолмен иемдену мүмкіндігін жоққа шығармайтынын бірнеше рет мәлімдеген.

Ақ үйдегі дереккөздердің айтуынша, қазіргі уақытта АҚШ билігі Гренландия секілді стратегиялық маңызды өңірді иеленудің ықтимал тетіктерін қызу талқылап жатыр.

Сондай-ақ WSJ деректері бойынша, АҚШ Панама каналын бақылауға алу мәселесінде Панамаға қысым жасауды жалғастыруда. Ел билігі су жолы үстінен өзінің егемендігін сақтап қалуға тырысып жатыр, алайда Трамп бұл каналды «АҚШ құрамына қайтаруды» көздейтінін жасырмайды. Ақ үй Панама тарапынан кейбір жеңілдіктерге қол жеткізгеніне риза болғанымен, Трамп бұл аймақта Вашингтонның ықпалын арттыруды көздейтінін ашық айтқан.

Бұған дейін де Дональд Трамп Панама каналы мен Гренландияны бақылауға алуға ниетті екенін бірнеше рет айтқан. Оның пікірінше, бұл АҚШ-тың экономикалық қауіпсіздігі үшін маңызды.

Тегтер: