Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:37

АҚШ Иран шенеуніктері мен банк өкілдеріне санкция салды

АҚШ
Фото: АР

  АҚШ билігі Ирандағы режимге қарсы наразылықты күшпен басуға қатысы бар және мұнайдан түскен қаржыны заңсыз иемденді деп күдікке ілінген ирандық жоғары лауазымды шенеуніктер мен банк жүйесінің өкілдеріне санкция салды.

АҚШ Қаржы министрлігінің мәліметінше, санкциялар 15 қаңтарда енгізілген. Шектеулер Иран билігінің наразылық акцияларын аяусыз басқаны және мемлекеттік қаржыны мақсатсыз пайдаланғаны үшін қолданылып отыр.

АҚШ-тың қаржы министрі Скотт Бессент бұл шешім президент Дональд Трамптың тікелей тапсырмасымен қабылданғанын айтты.

«Президент Трамптың бұйрығымен Қаржы министрлігі Иранның белді лидерлеріне наразылықты күшпен басып-жаншығаны үшін санкция салады. Қаржы министрлігі адам құқықтарын айуандықпен таптаған режимді жазалау үшін барлық қолжетімді әдісті қолданады», – деді Бессент.

Құқық қорғау ұйымдарының мәліметінше, 28 желтоқсанда басталған жаппай наразылықтар кезінде кемінде 3428 адам қаза тапқан. Олар бұл деректерді куәгерлердің мәлімдемелері мен жергілікті ақпарат көздеріне сүйене отырып жариялаған.

Алайда Иранның сыртқы істер министрі бұл ақпаратты жоққа шығарып, «мыңдаған адамның қаза тапқаны туралы мәлімет шындыққа сәйкес келмейді» деп мәлімдеді. Иран билігі наразылықтарды «тәртіпсіздік» деп атап, күш қолдануды ақтауға тырысып отыр.

Сарапшылардың пікірінше, бұл наразылықтар Иран ислам республикасы үшін 1979 жылғы революциядан бергі ең ауқымды әрі қауіпті саяси дағдарыстардың бірі саналады. Наразылыққа елдегі экономикалық қиындықтар, әлеуметтік теңсіздік пен билікке деген сенімнің төмендеуі себеп болған.

АҚШ енгізген жаңа санкциялар Иран экономикасына қосымша қысым түсіріп, Тегеран мен Вашингтон арасындағы қарым-қатынасты одан әрі ушықтыруы мүмкін.

Тегтер: