АҚШ Иран жағалауы маңына әскерін шоғырландырып жатыр
АҚШ 2003 жылы Иракқа басып кірер алдында Таяу Шығыста қанша әскер жинаса, қазір де Иран маңына шамалас көлемде әскери күш шоғырландырған.
Жиналған күштер, егер тиісті шешім қабылданса, Иранға қарсы бірнеше аптаға созылатын әуе соғысын жүргізуге мүмкіндік береді.
Meduza басылымының мәліметінше, өңірде қазірдің өзінде «Авраам Линкольн» авиатасушы соққы тобы орналасқан, ал «Джералд Форд» авиатасушы тобы жақындап келеді. Араб теңізінде, Иранға тікелей жақын аймақта, сондай-ақ Қызыл теңіз бен Жерорта теңізінде кемінде 13 кеме бар. Олардың қатарында баллистикалық зымырандарды тосып алуға және Tomahawk қанатты зымырандарымен соққы жасауға қабілетті жеті «Арли Бёрк» эсминці бар.
Бірнеше ондаған ұшақтан тұратын авиациялық топ құрамына бесінші буындағы F-22 және F-35 жойғыштары кіреді. Радиолокацияға байқалмайтын бұл ұшақтар Иранның әуе қорғаныс жүйесіне қарсы тиімді әрекет ете алады. Олар 2025 жылдың жазында АҚШ-тың Иран ядролық нысандарына жасаған соққылары кезінде B-2 стратегиялық бомбалаушыларын алып жүру үшін қолданылған.
EA-18G радиоэлектрондық күрес ұшақтары Иранның зымыран жүйелерін басуға арналған. Ал F-15E және F-16 жойғыштары жауап соққыларын тойтару, соның ішінде Израиль мен АҚШ базаларына шабуыл жасалған жағдайда Иран әуе күштерін ұстап қалу үшін дайындалған.
Ұшақтар Қатар мен Бахрейндегі америкалық базаларда, Парсы шығанағы арқылы Иранға тікелей қарама-қарсы орналасқан нысандарда және Иорданиядағы базада шоғырланған. Сауд Арабиясындағы бірнеше базада да ірі күштер бар. Алайда корольдік АҚШ-қа өз әуе кеңістігін Иранға соққы жасау үшін пайдалануға рұқсат бермеген. Сондықтан бұл күштер жақын резерв ретінде қарастырылуда.
Сонымен қатар Үнді мұхитында, Иранның орталық бөлігінен шамамен бес мың шақырым қашықтықта орналасқан АҚШ–Ұлыбритания бірлескен авиабазасында B-2 және B-52 стратегиялық бомбалаушы ұшақтары бар. Олар 2025 жылы Иранның Фордо ядролық нысанына қарсы аса қуатты бункерге қарсы бомбалар тастаған.
Қосалқы күштер құрамына кемінде 39 KC-135 жанармай құю ұшағы, алыс радиолокациялық анықтау ұшақтары, кемінде 29 көлік ұшағы (C-17 және C-5), сондай-ақ қамтамасыз ету кемелері кіреді.
Базалар мен одақтастарды қорғау үшін АҚШ өңірге қосымша THAAD және Patriot зымыранға қарсы қорғаныс жүйелерін орналастырған. Әуе қорғанысы бригадасы орналасқан Форт-Худ базасынан кемінде бір бөлімше Иорданияға жеткізілген.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, АҚШ әскері Иранға қарсы ауқымды әскери операцияға дайын. Сонымен қатар Иранның жоғары лауазымды тұлғалары мен қолбасшыларын жоюға бағытталған дәл соққылар жасау мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Кейбір мәліметтерге сәйкес, АҚШ президенті Дональд Трамптың бұйрығымен Ирандағы билік ауысуы мәселесі де талқылануда.