АҚШ Иранда құрлық операция бастау үшін әскерін жедел тасымалдауда
АҚШ Таяу Шығысқа десанттық кемелер мен теңіз жаяу әскерін жедел түрде жөнелтуді жеделдетті.
Бұл туралы NBC және Newsmax телеарналары дереккөздеріне сілтеме жасап хабарлады.
Бұған дейін Вашингтонда Иранға қарсы құрлықтағы әскери операция бастау мүмкіндігі талқыланып жатқаны белгілі болған еді.
АҚШ-тың Батыс жағалауынан жоспарланған мерзімнен бір тәулік бұрын USS Boxer кемесі бастаған десанттық топ жолға шықпақ. Оның құрамында кемінде 2200 адамнан тұратын 11-экспедициялық теңіз жаяу әскері корпусы бар. Сонымен қатар, USS Portland және USS Comstock десанттық тасымалдау кемелері де Иран бағытына бет алады.
Бұл кемелер жойғыш ұшақтар (F-35), зымырандар және құрлыққа десант түсіруге арналған техникаларды жеткізеді. NBC мәліметінше, жалпы алғанда бұл операцияға 4000-ға дейін әскери қызметкер тартылуы мүмкін.
АҚШ Иранға қарсы құрлық операциясын бастауы мүмкін
Қосымша күштердің Таяу Шығысқа жіберілуі бұған дейін БАҚ-та жарияланған мәліметтермен сәйкес келеді. Reuters агенттігінің хабарлауынша, Дональд Трамп әкімшілігі Иранға қарсы әскери операцияны кеңейту мәселесін қарастырып жатыр. Оның ішінде аймаққа тағы бірнеше мың әскер жіберу мүмкіндігі бар.
Вашингтонда түрлі сценарийлер талқылануда:
Иранға қарсы толыққанды құрлық операциясын бастау;
Иран бақылауына өткен Ормуз бұғазын әскери жолмен ашу;
Парсы шығанағындағы Иран мұнай экспортының негізгі орталығы саналатын Харг аралына әскер түсіру.
Айта кетейік, бұған дейін Дональд Трамп қосымша әскер жібермейтінін мәлімдеген еді.
«Егер әскер жіберетін болсам, оны сіздерге айтпас едім. Бірақ біз әскер жіберіп жатқан жоқпыз. Жағдайды бақылауда ұстау үшін қажет нәрсенің бәрін жасаймыз», – деді ол.
АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы
АҚШ пен Израиль Иранға алғашқы әуе соққыларын 28 ақпанда жасаған. Бұған жауап ретінде Тегеран Парсы шығанағындағы елдерге, сондай-ақ Израильге зымырандар мен дрондар арқылы соққы бере бастады.
Сондай-ақ Иран шабуылдарынан Әзербайжан мен Еуроодақ құрамындағы Кипр де зардап шеккен.
Соғыс жағдайында Тегеран стратегиялық маңызы зор Ормуз бұғазын іс жүзінде жауып, «толық бақылауда ұстап отырғанын» мәлімдеді. Бұл өз кезегінде әлемдік энергия ресурстары бағасының өсуіне әкелді.