Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:05

АҚШ Иранда наразылық білдірушілерге оқ атылса, ішкі саясатқа араласуға дайын

Иран ереуіл
Фото: ашық дереккөз

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранда болып жатқан наразылықтар кезінде қауіпсіздік күштері шерушілерге қарсы қару қолданатын болса, Вашингтонның араласуға дайын екенін мәлімдеді.

Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.

Трамп әлеуметтік желідегі жазбасында АҚШ-тың «толық дайын күйде» екенін айтып, Ирандағы наразылық білдірушілерге күш қолданылған жағдайда әрекет етуі мүмкін екенін ескертті. Reuters-тің жазуынша, бұл мәлімдеме елде бірнеше адамның өліміне әкелген жаппай наразылықтар аясында жасалған.

Иран билігі АҚШ президентінің сөзін қатаң сынға алды. Иран Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің басшысы, Жоғарғы көшбасшының кеңесшісі Әли Лариджани АҚШ-тың Иранның ішкі ісіне араласуы бүкіл Таяу Шығыста тұрақсыздық туғызатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндай қадамдар аймақтық шиеленісті күшейтеді.

Reuters дерегінше, Иранның батыс өңірлерінде бірнеше күннен бері жалғасып жатқан наразылықтар кезінде кемінде 10 адам қаза тапқан. Құқық қорғау ұйымдары мен мемлекеттік БАҚ мәліметтері бойынша, қаза болғандардың арасында «Басиж» жасақтарының екі мүшесі де бар. Наразылықтар елдегі инфляцияның күрт өсуі мен экономикалық жағдайдың нашарлауына байланысты туындаған.

Иранның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Әмір-Саид Иравани БҰҰ Бас хатшысына және Қауіпсіздік кеңесінің төрағасына жолдаған хатында Дональд Трамптың мәлімдемелерін айыптауды талап еткен. Оның сөзінше, АҚШ бұл қоқан-лоққылардың салдары үшін толық жауапкершілік арқалайды.

Reuters атап өткендей, қазіргі наразылықтар 2022 жылы бүкіл елді қамтыған, ондаған аптаға созылған жаппай толқулардан кейінгі ең ірі шеру болып отыр. Ол кезде құқық қорғау ұйымдары жүздеген адамның қаза тапқанын хабарлаған еді.

Сонымен қатар, Иран президенті Масуд Пезешкиан жағдайды жұмсартуға тырысып, наразылық көшбасшыларымен диалог жүргізуге дайын екенін мәлімдеген. Алайда құқық қорғаушылар қауіпсіздік күштерінің кейбір өңірлерде шерушілерге оқ атқанын хабарлап отыр.

Reuters дерегінше, Дональд Трамп АҚШ-тың нақты қандай қадамдарға баруы мүмкін екенін ашып айтпаған. Дегенмен Вашингтон Иранға қарсы экономикалық қысымды жалғастырып, санкциялық саясатты күшейте түскен.