Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:31

АҚШ Ирандағы соғысқа күніне 800 млн доллар жұмсап жатыр ма?

Иран
Фото: Atta Kenare/AFP/Getty Images

АҚШ Иранға қарсы операцияның алғашқы тәулігінде шамамен 779 млн доллар жұмсаған. Бұл — 2026 жылға арналған АҚШ қорғаныс бюджетінің шамамен 0,1 пайызы. Мұндай есепті Anadolu Agency Пентагонның ашық деректері мен АҚШ Орталық қолбасшылығының мәліметтеріне сүйене отырып жариялаған.

Пентагон операция барысында B-2 стратегиялық бомбалаушы ұшақтарын, F-22, F-35 және F-16 жойғыштарын, A-10 шабуыл ұшақтарын және EA-18G радиоэлектрондық күрес ұшақтарын пайдаланған. Сонымен қатар MQ-9 Reaper дрондары, авианосец топтары мен Tomahawk қанатты зымырандарымен жабдықталған эсминецтер, Patriot және THAAD әуе қорғаныс жүйелері тартылған.

Төрт B-2 бомбалаушысы Missouri штатындағы әскери базадан ұшып шығып, тоқтаусыз ұшу арқылы салмағы 907 келі болатын JDAM басқарылатын бомбалармен соққы жасаған. Сарапшылар олардың ұшуы, қызмет көрсетуі және оқ-дәрілері шамамен 30,2 млн доллар тұрғанын айтады.

Тактикалық авиацияның жаппай ұшуы шамамен 271 млн долларды құраған. Егер барлау, жанармай құю ұшақтары, қосымша авиация және HIMARS жерүсті жүйелерінің жұмысы ескерілсе, авиация мен жерүсті күштеріне кеткен шығын 423 млн долларға жетеді.

Шабуылға USS Gerald R. Ford және USS Abraham Lincoln авианосецтері бастаған екі соққы тобы қатысқан. Олардың тәуліктік пайдалану құны шамамен 15 млн доллар.

Сонымен қатар әскери күштер шамамен 200 Tomahawk зымыранын ұшырған. Тек осы зымырандардың өзі шамамен 340 млн доллар тұруы мүмкін.

Шабуыл басталғанға дейін Пентагон аймаққа ірі әскери күштерді жеткізген. Сарапшылар бұл дайындықтың өзін шамамен 630 млн доллар деп бағалайды. Осылайша, операцияның бастапқы кезеңіндегі жалпы шығын 1,4 млрд доллардан асып кеткен. Ал соғыс әрекеттерінің әр күні шамамен 800 млн долларға бағаланып отыр.

2023 жылдың қазан айынан бері Вашингтон Израиль еліне 21,7 млрд доллар көлемінде әскери көмек жіберген. Ал өткен жылдың шілдесінен бері аймақтағы операцияларға тағы 9,6 млрд-тан 12 млрд долларға дейін қаражат жұмсалған. Al Jazeera дерегінше, Иранға қарсы соғысқа соңғы екі жылда кеткен жалпы шығын 31 млрд доллардан асып кеткен.

Сарапшылардың айтуынша, басты мәселе қаржыда емес, қару-жарақ қорында. АҚШ зымыран қағып алу құрылғыларын өнеркәсіп өндіре алғаннан әлдеқайда жылдам жұмсап жатыр. Егер соғыс қарқыны осылай жалғасса, Пентагон бірнеше апта ішінде қару тапшылығына тап болуы мүмкін.

Тегтер: