АҚШ Иранға соққы жасауға қайта дайындалып жатыр – БАҚ
АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қарсы жаңа әскери соққы жасау мүмкіндігін қарастырып жатыр.
Бұл туралы CNN хабарлады.
Бұған Тегеранмен ядролық бағдарламаны және баллистикалық зымырандар өндірісін шектеу жөніндегі алдын ала келіссөздердің нәтиже бермеуі себеп болған.
АҚШ шабуылы
Телеарна дереккөздерінің мәліметінше, ықтимал соққылар Иран басшылығына, наразылық акциялары кезінде адамдардың қаза табуына қатысы бар лауазымды тұлғаларға, сондай-ақ ядролық нысандар мен үкіметтік мекемелерге бағытталуы мүмкін. Әзірге түпкілікті шешім қабылданған жоқ.
Сонымен қатар Трамп әскери мүмкіндіктердің артқанын атап өтті. Бұл Үнді мұхитына АҚШ-тың USS Abraham Lincoln кемесінің келуімен байланысты.
АҚШ Иран тарапынан болуы ықтимал жауапқа дайындық ретінде әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерін орналастырып жатыр. Атап айтқанда, Patriot зениттік-зымыран кешендері мен THAAD жүйелері іске қосылуда. Сонымен бірге АҚШ Әскери-әуе күштері Таяу Шығыста күрделі жағдайда әрекет етуге бағытталған оқу-жаттығулар өткізіп жатыр.
Келіссөздердегі қиындықтар
Бұған дейін АҚШ пен Иран Оман арқылы және дипломатиялық арналармен хабар алмасқан. Сондай-ақ Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф пен Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи арасында байланыс болған.
Тараптар жеке кездесу өткізу мүмкіндігін талқылағанымен, ол жүзеге аспаған. Бұған Трамптың әскери соққы жасау туралы қоқан-лоққылары себеп болған. Келіссөздердегі басты түйін – АҚШ-тың Ираннан баллистикалық зымырандардың ұшу қашықтығын шектеуді талап етуі. Ал Иран тарапы тек ядролық бағдарламаны талқылауға дайын екенін мәлімдеген. Бұл ұсынысқа АҚШ әзірге жауап бермеді.
Иранға соққы жасаудың қиындығы
АҚШ барлау қызметінің мәліметінше, Иран режимі АҚШ пен Израильдің ядролық нысандар мен ғимараттарға жасаған соққыларынан, сондай-ақ ел ішіндегі жаппай наразылықтардан кейін әлсіреген. Бұған дейін Трамп Ирандағы жоғарғы биліктің ауысуы мүмкін екенін де меңзеген.
Алайда сарапшылар Әли Хаменеи биліктен кетсе де, режимнің автоматты түрде құлайтынына кепіл жоқ екенін ескертеді. Иранның баллистикалық зымырандары, әуе қорғаныс жүйелері, соққы беретін дрондары мен жойғыш ұшақтары дәл әрі шектеулі соққы жасауды қиындатады.
Еске салайық, бұған дейін Дональд Трамп АҚШ-тың әскери кемелері Иран бағытына бет алғанын мәлімдеп, Тегеран келісімге келеді деген үмітін білдірген. Осыдан кейін АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы USS Abraham Lincoln авианосецінің Үнді мұхитындағы аймағына жеткенін растаған. БАҚ мәліметінше, авианосец Иранға қарсы соққы жасауға бір-екі күн ішінде дайын болуы мүмкін.