АҚШ Иранның энергетикалық нысандарына соққы жасауды тағы 10 күн кейінге қалдырды
АҚШ президенті Дональд Трамп Иран үкіметінің өтініші бойынша елдің энергетикалық нысандарына жасалатын соққыларды тағы 10 күнге шегеру туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді.
Бұл уақыт келіссөздер өткізуге берілмек.
«Иран үкіметінің өтініші бойынша […] мен электр станцияларына соққы жасауды 10 күнге, яғни 6 сәуір, дүйсенбі күні сағат 20:00-ге дейін (Астана уақыты бойынша 7 сәуір таңғы 05:00) тоқтатамын», — деп жазды Трамп өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Оның айтуынша, «жалған ақпарат тарататын БАҚ-тың мәлімдемелеріне қарамастан, келіссөздер жалғасып жатыр және олар өте жақсы өтіп жатыр».
Өткен демалыс күндері Трамп Тегеран Ормуз бұғазын 48 сағат ішінде ашпаса, Иранның электр станцияларын «жойып жібереміз» деп мәлімдеген еді. Алайда дүйсенбі күні АҚШ пен Иран «соғысты тоқтату жөнінде нәтижелі келіссөздер жүргізіп жатқанын» айтып, соққыларды бес күнге тоқтатуға бұйрық берген.
Сәрсенбі күні бұқаралық ақпарат құралдары АҚШ Иранға 15 тармақтан тұратын бейбіт жоспар ұсынғанын хабарлады. Бірақ Тегеран бұл ұсынысты қабылдамай, оның орнына бес тармақтан тұратын өз жоспарын ұсынған.
Сонымен қатар Израиль Иран аумағына шабуылдарын жалғастыруда. ЦАХАЛ мәліметінше, соңғы бір тәулікте Израиль әскери-әуе күштері Иранның батыс бөлігіндегі «зымыран ұшыру нүктелеріне» шамамен 20 соққы жасаған.
Израиль әскері әлеуметтік желідегі мәлімдемесінде авиация баллистикалық зымырандарды сақтау және ұшыруға арналған нысандарға, сондай-ақ әуе қорғаныс жүйелеріне шамамен 70 оқтұмсық тастағанын хабарлады. Бұл нысандарда болған әскери қызметкерлердің «жойылғаны» айтылған.
Бұған қоса, бейсенбі күні Израиль Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусының теңіз күштері қолбасшысы Әлиреза Тангсиридің көзін жойғанын мәлімдеді. Ол Ормуз бұғазын бұғаттау операциясына жетекшілік еткен.