Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 13:51

АҚШ Иранның жоғарғы рухани жетекшісі Хаменеидің көзін жоюуы мүмкін – сенатор Линдси Грэм

Хаменеи
Фото: irna.ir

АҚШ-тың республикашыл сенаторы Линдси Грэм Иран билігі жаппай наразылық акцияларына қатысқан азаматтарды қырып-жоюды жалғастырған жағдайда, Вашингтон елдің жоғарғы рухани жетекшісі Әли Хаменеиге қарсы ең қатаң шараларға баруы мүмкін екенін мәлімдеді.

Fox News телеарнасына берген сұхбатында Трампқа жақын сенатор Иранда болып жатқан жаппай наразылықтар мен оларды күшпен басуға бағытталған әрекеттерге тоқталып, АҚШ Иран халқын қолдайтынын айтты.

«Біз сіздерді өлтіріп, бүкіл әлемге қауіп төндіріп отырған діни-нацистік аятолла режимінен еліңізді қайтарып алуыңызды қолдаймыз», – деді Линдси Грэм Иран халқына үндеу жасап.

Сонымен қатар ол Иран басшылығына тікелей қоқан-лоқы жасады.

«Егер сіздер жақсы өмір талап еткен адамдарды өлтіруді жалғастыра берсеңіздер, Дональд Трамп сізді өлтіруі мүмкін екенін түсінуіңіз керек. Иранға өзгеріс келе жатыр. Бұл – Таяу Шығыс тарихындағы ең ірі бетбұрыс болады. Иран халқы, көмек жолда», – деді сенатор.

Айта кетейік, Иранда желтоқсан айынан бері құрғақшылық, халықаралық санкциялар, сондай-ақ Израильмен қақтығыстағы сәтсіздіктер аясында ұлттық валютаның күрт құнсыздануы мен экономикалық дағдарысқа байланысты жаппай наразылықтар жалғасып келеді.

Тәуелсіз дереккөздердің мәліметінше, наразылық шерулерін басу кезінде ондаған адам, оның ішінде кәмелетке толмағандар да қаза тапқан, жүздеген азамат қамауға алынған. Ресми Тегеран бұл ақпараттардың бірқатарын жоққа шығарып отыр.