АҚШ Израильге ең озық F-22 Raptor жойғыш ұшақтарын жіберді
Сейсенбі күні ондаған F-22 Raptor жойғыш ұшағы Ұлыбританиядағы әскери базадан ұшып шығып, Израильге жетті.
Ашық дереккөздерге сүйенген барлау мәліметтері бойынша, АҚШ Таяу Шығыста қазірдің өзінде 300-ден астам соққы беруге қабілетті әскери ұшақты шоғырландырған.
New York Times басылымының хабарлауынша, АҚШ шенеунігі мен орналастыру туралы хабардар дереккөздің мәліметіне сәйкес, бұл қадам Вашингтонның аймақтағы әскери күшін күшейтуі жалғасып жатқанын көрсетеді. Ұшақтар Иранның ядролық бағдарламасына қатысты кезекті келіссөздер жүріп отырған кезеңде жіберілген.
Әуе қозғалысын бақылау деректері мен бейнематериалдар F-22 жойғыштарының Ұлыбританиядағы уақытша орналастыру пунктінен әуеге көтерілгенін көрсетті. Әскери авиация бақылаушылары түсірген фото және видеоларда ондаған ұшақтың Royal Air Force Lakenheath базасынан ұшып шыққаны байқалады.
Расталған мәліметтерге сәйкес, бұл ұшақтардың бір бөлігі жуырда АҚШ-тан Англиядағы аталған базаға жеткізілген. Олар сейсенбі күні түске дейін жанармай құюшы ұшақтардың сүйемелдеуімен ұшып кеткен.
АҚШ шенеуніктері кешке қарай F-22 жойғыштарының Израильге бағытталғанын және кейбірі межелі жерге жеткенін мәлімдеді. Ақпарат берген дереккөздер аты-жөнін жарияламауды сұраған.
Ұшақтар әдетте ашық әуе бақылау сайттарында көрінбейді, себебі әскери соққы беруші ұшақтар транспондерсіз ұшады. Алайда олардың Таяу Шығысқа бет алғанын көрсететін жанама белгілер тіркелген. NYT мәліметінше, F-22-лермен бірге Ұлыбританиядан көтерілген жанармай құюшы танкерлер сейсенбі күні түстен кейін Жерорта теңізі үстімен ұшқан.
АҚШ Әуе күштерінің отставкадағы генерал-лейтенанты Дэвид Дептула бұл қадамды Иранға қатысты қатаң позицияның белгісі деп бағалады.
«Бұл – Иранға қатысты неғұрлым агрессивті ұстанымға дайындық және ықтимал шабуыл кезінде Израильмен ынтымақтастықтың көрінісі. Егер Иран АҚШ шарттарына келіспесе, әскери нұсқа шын мәнінде қарастырылып жатқанын білдіреді», – деді ол.
АҚШ Әуе күштерінің сипаттамасына сәйкес, F-22 Raptor – әуеде де, жерде де нысаналарды жоюға қабілетті, әлемдегі ең озық "stealth" технологиясымен жасалған жойғыш ұшақтардың бірі. Былтыр маусымда АҚШ Иранның ядролық нысандарына соққы берген кезде F-22 жойғыштары алыс қашықтыққа ұшатын B-2 бомбалаушыларын сүйемелдеген.
Anadolu агенттігінің ашық барлау деректеріне сүйенсек, Таяу Шығыста 300-ден астам америкалық әскери ұшақ бар. Олар негізінен:
-
Қатардағы Al-Udeid базасында
-
Иорданиядағы Muwaffaq Salti базасында
-
Сауд Арабиясындағы Prince Sultan базасында
Сонымен қатар, Abraham Lincoln және Gerald Ford авианосецтеріндегі 8 және 9-әуе қанаттары да есепке алынған.
Жыл басынан бері бұл әуе күштерін орналастыру үшін АҚШ Орталық қолбасшылығы шамамен 270 логистикалық рейс орындаған. Аймаққа Patriot және THAAD зымыранға қарсы қорғаныс жүйелері де жеткізілген.
Жинақталған күш құрамында шамамен 48 F-16 және 42 F-35 жойғышы бар. Былтырғы маусым операциясында қолданылған B-2 бомбалаушыларының қозғалысы әзірге тіркелмеген.
Израильдің өзінде 250-ден астам соққы беруші жойғыш ұшақ бар. Бұл АҚШ-тың аймақтағы әуе әлеуетін іс жүзінде екі есеге арттырады.