АҚШ-қа барып келгелі ауыс-түйісі көбейген Ақорда

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йоркке сапарынан кейін биліктің жоғарғы эшелонында бірқатар кадрлық өзгеріс жасады. Әсіресе президент әкімшілігіндегі ауыс-түйістің ауқымы үлкен.
Тоқаев үш көмекшісі мен үш кеңесшісін қызметінен алды. Сондай-ақ Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі мен Женевадағы тұрақты өкілі креслосымен қоштасты. Бұдан сәл ертерек Алматының экс-әкімі Ерболат Досаев ПӘ басшысының орынбасары болған. Ал осы аптаның басында оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев орнын босатты.
Осы өзгерістердің ішінде ел назарын ең көп аударғаны – сыртқы істер министрі әрі вице-премьер Мұрат Нұртілеудің отставкасы болды. Өткен апта ғана президентпен бірге АҚШ-қа барып, халықаралық кездесулер өткізіп жүрген Нұртілеу елге келген бетте креслосын босатып берді. Ол енді президенттің инвестициялар және сауда жөніндегі көмекшісі болады. Оның орнын премьер-министрдің тағы бір орынбасары Ермек Көшербаев басты.
Мұрат Нұртілеудің отставкасын басқалардан неге ерекшелеп отырмыз? Мұның екі себебі бар. Біріншіден, ауыс-түйіс АҚШ сапарынан кейін болып отыр. Оның үстіне қызметінен кеткендердің көбі халықаралық блоктың өкілдері – сыртқы істер министрі, АҚШ-тағы елші, БҰҰ-дағы тұрақты өкіл және президенттің халықаралық мәселелер жөніндегі көмекшісі. Жұрт осыған қарап, президенттің АҚШ-қа сапары сәтсіз болды немесе сыртқы саясатта кемшілік байқалды деп топшылаған.
Екіншіден, қыркүйек айының басында БАҚ-та Нұртілеудің ұсталғаны жайлы ақпарат тарап, экс-министрге үлкен танымалдық әкелген. Ең қызығы, ақпарат үлкен резонанс туғызса да, Нұртілеу жұрт алдына шығып, істің жөнін айтқан жоқ. Кейін президент жолдауын тыңдау үшін Мәжіліс залына келгенде қаумалаған журналистерге «аққа Құдай жақ» екенін айтып, бұл істі «өзіне берілген сынақ ретінде» қабылдағанын жеткізді. Бірақ не үшін екені белгісіз, «аққа күйе жаққандарды» сотқа бермеді. Оның мұндай «кеңпейілдігі» қоғамның көкейіндегі сауалды көбейтіп, репутациясына теріс әсер еткені анық.
Экс-министр сол кезде бұл даудан сүрінбей өткендей көрінгенімен, араға үш апта салып, бәрібір қызметімен қоштасып отыр. Әрине, абақтыға емес, Ақордаға кетті. Кейбіреу үшін мұның өзі үлкен жеңіс шығар. Бірақ саяси мансабы мінсіз өріліп келе жатқан шенді үшін бұл қадам қызметте өсу ме, әлде құлдырау ма?

Мұрат Нұртілеу кім?
Мұрат Әбуғалиұлы – Қаңтар оқиғасынан кейін лауазымы күрт өскен шенділердің бірі. Еңбек жолында бірнеше мәрте президент Тоқаевпен бірге жұмыс істегеніне қарап, көпшілік оны мемлекет басшысының сенімді серігі санайтын. Тіпті кей сарапшы оны елдегі ең жоғары билікке ізбасар ретінде көрсетіп жүрді.
Әділін айту керек, БАҚ-та ұсталғаны жайлы ақпарат тараған 4 қыркүйекке дейін Мұрат Нұртілеу «саяси сүйкімін» жоғалта қоймаған шенді еді. Ешбір дау-дамайға шатылмаған, жемқорлық немесе қылмыстық іске қатысты аты аталмаған. Жеке басы мен отбасына қатысты да ақпарат аз болатын. Осының өзі оның атына саяси салмақ қосып, жоғары биліктен үміткерлердің қатарына қосатын. БАҚ-та оны мадақтаған мақалалар жазылып, кейбірі қыза келе «Ақорданың джокері» деп айдар таққаны есімізде.
Мұрат Нұртілеу 1976 жылы 11 наурызда Алматыда дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың халықаралық қатынастар факультетін тәмамаған соң өзге шенділер сияқты шетелде білім алып, уақыт шығындамай, бірден сыртқы істер министрлігіне жұмысқа орналасқан. 1999 жылдан бастап 4 жыл бойы Қазақстанның Малайзиядағы елшілігінде қызмет етті. Елге оралған соң жұрт айтып жүргендей Тоқаевпен қызмет жолы түйісе бастаған. Сыртқы істер министрлігінде, Сенатта, Женевада қазіргі президенттің қарамағында еңбек етті.
Ал 2019 жылдан бастап президент көмекшісі, 2021 жылдан бастап президент әкімшілігі басшысының орынбасары болды. Қаңтар оқиғасынан кейін қысылтаяң сәтте, 2022 жылғы 5 қаңтарда Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалды. Бірақ бұл қызметте көп отырмай, сол жылы ақпаннан бастап президент әкімшілігін басқарды. 2023 жылғы сәуірден бастап вице-премьер әрі сыртқы істер министрі атанды. Әдетте дипломаттардың жұмысы көзге көрінбейді, бірақ ол өте маңызды қызмет. Нұртілеу осы салада ұзақ жыл ың-шыңсыз жұмыс істеп келген, биыл қыркүйекте бәрі өзгерді.
2025 жылғы 4 қыркүйекте отандық Orda сайты Нұртілеу мен кәсіпкер Гаджи Гаджиевтің ұсталғанын хабарлады. Ресми органдар ақпаратты теріске шығарса да сайт редакторы Гүлнәр Бажкенова айтқанынан қайтпады. Министрлік 5 қыркүйекте Нұртілеудің Harvest Group төрағасымен кездескенін хабарлап, сурет жариялаған. Бірақ журналистер оның шілде айындағы сурет екенін анықтады. Мұның бәрі көпшіліктің күдігін күшейте түскен. Екі тарап 4 күн бойы ырғысып, ақыры жолдау өтетін 8 қыркүйектен бір күн бұрын ғана Бажкенова «мен жеңілдім, вице-министр Парламентке барады» деп мәлімдеді.
Одан әрі не болғанын жоғарыда айттық. Суық жымиып журналистер алдына шыққан Нұртілеу «мені сағынып қалыпсыздар ғой» деп әзілдегені болмаса, ақпарат таратқандарды сотқа беріп, абыройымды қорғаймын деп тепсіне қойған жоқ. Керісінше, «көктем мен күзде кейбір адамдарда осындай болып тұратын шығар» деп, бас дипломат статусына сай келмейтін мәнерде сөйледі. Яғни ол өзі туралы ақпарат таратқан журналистің психологиялық саулығына сенбейтінін меңзеп отыр. Заңды түрде сотқа жүгінбей, орынсыз мысқылдағаны Нұртілеудің имиджін тіптен төмендетіп жіберді.
Қоғам белсендісі Ғалым Байтук Мұрат Нұртілеу саяси қызметте қатты құлдырады деп санайды.
«Мұрат Нұртілеудің отставкаға кетуі – қызметте көтерілуден гөрі жазаға ұшырағанға көбірек ұқсайды. Оның президент әкімшілігіне ауысуын «құрметті жаза» деп атауға болады: атын сақтап қалды, бірақ маңызды позициясынан айырылды. Кеше ғана елдің атынан президенттермен, мемлекеттік хатшылармен сөйлесіп жүрген вице-премьер әрі сыртқы істер министрі енді инвесторларға телефон шалып, қағаз-құжат дайындаумен айналысатын көмекшіге айналды. Бұл – үлкен кеменің капитанын моторлы қайыққа отырғызып қойып, «есесіне, ендігі миссияң өте маңызды» дегенмен бірдей. Оның отставкаға кету себебін табу қиын емес: беделді журналистік зерттеулер, бизнес-байланыстар төңірегіндегі күмәнді жайттар және халықаралық алаңдардағы кейбір дипломатиялық қателіктер», – дейді сарапшы.
Ақордадағы ауыс-түйіс
Жоғарыда жазғанымыздай, президент экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі Қанат Шарлапаевты, ғылым және инновациялар мәселелері жөніндегі кеңесшісі Күнсұлу Закарияны, халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі Зүлфия Сүлейменованы, кеңесшісі Ернар Баспаевты, көмекшісі Тамара Дүйсенованы қызметінен босатты.
Сондай-ақ Ержан Қазыхан президенттің халықаралық мәселелер жөніндегі көмекшісі лауазымынан босатылып, Женевадағы (Швейцария) БҰҰ бөлімшесі мен басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілі қызметіне тағайындалды. Бұған дейін осы қызметті атқарған Ерлан Әлімбаев отставкаға кетті. Одан бөлек, Ержан Ашықбаев Қазақстанның АҚШ-тағы төтенше және өкілетті елшісі қызметінен босады.
Ашықбаев 2021 жылдан бері АҚШ-тағы елші қызметін атқарып келе жатқан. Оның аяқ астынан қызметтен кеткені де ел арасында сұрақ туғызып отыр. Осы жолғы сапарында Тоқаев АҚШ президенті Дональд Трамппен тікелей кездесу өткізген жоқ, тек телефон арқылы сөйлесті деген ақпарат бар. Жоғары деңгейлі осы кездесуді ұйымдастыра алмағаны үшін елші мен министрдің қызметіне сын айтылған болуы мүмкін. Сондай-ақ Қазақстан билігі Вашингтонға үлкен делегация болып барғанымен, аса маңызды келісімшарттаға қол жеткізе алған жоқ. Тек АҚШ-тың Wabtec компаниясынан 4,2 млрд долларға 300 локомотив сатып алуға келісті. Мұның өзі көпшілік арасында сынға ұшырады, баға өте жоғары, Қазақстан тарапы тиімсіз келісімге қол қойды деп сынап жатқандар бар.
Сарапшылар АҚШ-қа Қазақстаннан құрамында ірі кәсіпкерлер жоқ, тек шенділерден тұратын «бюрократ» делегация барғанына назар аударып отыр. Осы фактор экономикалық келісімдердің аз болуына әсер еткен болуы мүмкін. Көршілес Өзбекстанның АҚШ-пен 8 млрд долларлық сауда келісіміне келгені де, ол елдің президенті Шавкат Мирзиеевтің Трамппен тіке кездескені де жұрт назарынан тыс қалған жоқ.
«Ақордадағы ауыс-түйістерге келер болсақ, бұл Нью-Йорк сапарының сәтсіздігіне байланысты емес, сыртқы саясаттағы жаңа ұстанымға байланысты деп есептеймін. Алда Тоқаевтың Вашингтонға ресми сапары бар, соған дайындалу үшін арнайы жаңа команда жасақталып жатыр. Сондай-ақ президент БҰҰ-ны қайта жаңарту жайлы айтты, мұндай міндеттерді жүзеге асыру үшін де жаңа адамдар қажет. Сондықтан бұл ауыс-түйістерді сыртқы саясаттың тұйыққа тірелгені деп есептемеймін, керісінше, жаңарту мен жаңа шешімдер іздеу процесі жүріп жатыр», – дейді Ғалым Байтук.
Бұдан бөлек тағы бірнеше тағайындау болды. Атап айтқанда, Бақытжан Сапиев президент кеңесшісі қызметіне, Ернар Лазар президенттің халықаралық мәселелер жөніндегі кеңесшісі қызметіне, Әлихан Жамсатов президент әкімшілігінің мемлекеттік бақылау бөлімінің меңгерушісі қызметіне кірісті. Сондай-ақ Жаслан Мәдиев жаңадан құрылған Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің басшысы әрі вице-премьер лауазымына тағайындалды. Мұндай министрлік пайда болатыны биылғы жолдауда белгілі болған. Бірақ су жаңа министрлік құрылған жоқ, бұрынғы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің орнын басты.
Ал оқу-ағарту министрлігін 2 жыл 9 ай басқарған Ғани Бейсембаевтың орнына мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова тағайындалды. Парламент мінберінде министрлікті де, министрдің өзін де талай рет сынға алған Сүлейменова енді сол қателік-кемшіліктерді түзетуге өзі мүмкіндік алып отыр.
Министрлер өзгеріс әкелмейді, үміт сыйлайды
Қазақстанда білім саласына айтылар сын көп. Қанша министр ауысып, қанша бағдарлама жасалса да даңғыл жолға түсе алмай келеді. Тіпті саланы екіге бөліп, Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігін құрса да, ештеңе өзгермеді. Әлі баяғы жартас – сол жартас. Білім сапасы төмен, мектеп жетіспейді, екі ауысымды, үш ауысымды мектептер азайған жоқ, оқулық сапасы мен оқу бағдарламалары да сын көтермейді. Мұғалімдердің біліктілігі де күмән туғызады. Ол аздай, білім саласы елдегі ең жемқорлық жайлаған сала атанып келеді. Қаржы жымқырып ұсталған есепшілер, директорлар аз емес.
Ғани Бейсембаев министрлік тізгінін 2023 жылы қаңтарда ұстаған. Ол саланы белгілі мөлшерде реттей алған, қоғам тарапынан салыстырмалы түрде оң баға алған Асхат Аймағамбетовтің орнына келген. Сондықтан Бейсембаевтың алдында қолда барды төкпей-шашпай, жүріп жатқан жұмысты жалғастыру міндеті тұрған. Бірақ сала мамандарының айтуынша, оның қолынан бұл келген жоқ. Бейсембаев жұрт есінде уәде бергіш, тез айнығыш, көп сөйлейтін, сөзінде тұрмайтын министр ретінде қалды.
«Жас Алаш» газеті Оқу-ағарту министрлігінің қызметіне қатысты көптеген мақала жазды. Ғани Бейсембаев кезінде министрлік орден-медаль таратумен, жаңа бағдарлама жасаумен аты шықты. Мысалы, «Тәрбие бесігі», «Балақайлар мектебі», «Ауыл мектебі – сапа алаңы», «Цифрлық ұстаз», «Біртұтас тәрбие», «Адал азамат», «Тілге бойлау», «Мақсатты мектеп» сияқты түрлі бағдарлама-жобалар бірінен кейін бірі пайда болып, мұғалімдерді әбден әуреге салды. Мұның көбі жоспардағыдай жүзеге аспай, орта жолда қалған. Оған жұмсалған бюджет қаржысы да ақтала қойған жоқ. Әсіресе «Мақсатты мектеп» жобасына мұғалімдер қарсы шығып, 1 200-ден аса педагог қол қойып, президентке ашық хат жолдады.
Тіпті Бейсембаев белсенді мұғалімдерді сотқа беріп, айды аспанға шығарған. Бір жылдары елдегі ең қадірсіз мамандыққа айналған педагогика саласы дәл осы белсенді ұстаздардың арқасында аяққа тұрып, «Педагог мәртебесі» туралы заң қабылданған. Бейсембаев өзі тізгін ұстаған тұста мұғалімдерді осы мүмкіндігінен айыруға тырысып бақты. Сала мамандары бұл министр тұсында қағазбастылық көбейгенін, түрлі форум-жиналыстар жиілеп, білім беру ақсағанын айтады. Сондай-ақ «Педагог мәртебесі» туралы заңды елемей, ұстаздарды түрлі жұмысқа жегетін басшылар көбейген.
Білім саласы былыққа батқанын батыл айтып жүрген Жұлдыз Сүлейменова министр атанып отыр. Бірақ ол Мәжілісте айтқан ойларын министрлікте жүзеге асыра ала ма? Сену қиын. Біздің елде министр ауысқанымен өзгеріс әкелмейді, тек жұртқа өзгеріс бола ма деген әлсіз үміт қана сыйлайды...
Қуаныш Қаппас