Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:00

АҚШ Қатар мен Бахрейндегі базаларынан әскери қызметкерлерін эвакуациялап жатыр

АҚШ ұшағы
Фото: AP

АҚШ Қатар мен Бахрейндегі әскери базаларынан жүздеген сарбазын эвакуациялады.

 Бұл шешім Иранға шабуыл жасау қаупіне байланысты алаңдаушылықтың күшеюі аясында қабылданған. Бұл туралы Синьхуа басылымы хабарлады.

The New York Times басылымының Пентагон өкілдеріне сілтеме жасап хабарлауынша, эвакуация Қатардағы Аль-Удейд әуе базасында және Бахрейндегі АҚШ әскери нысандарында жүргізілген. Бахрейнде АҚШ Әскери-теңіз күштерінің Бесінші флоты орналасқан.

Бұған дейін жұма күні АҚШ президенті Дональд Трамп Иранды ядролық келісімге келуге мәжбүрлеу мақсатында шектеулі әскери соққы жасау мүмкіндігін қарастырып отырғанын мәлімдеген еді.

Сонымен қатар Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи Тегеран мен Вашингтон арасындағы ықтимал ядролық келісім жобасы алдағы екі-үш күн ішінде дайын болатынын айтты. Оның сөзінше, тараптарға келісімді пысықтау үшін тағы бір келіссөз кезеңі қажет болуы мүмкін, бұл үміт артылған оң нәтижеге жеткізуі ықтимал.

Бұған дейін Дональд Трамп Иранға ядролық бағдарлама бойынша «маңызды» келісімге 10–15 күн ішінде келу қажет екенін, әйтпесе салдары ауыр болатынын ескерткен.

Өз кезегінде Иранның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдігі БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришке және Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасына хат жолдап, АҚШ тарапынан әскери агрессия болған жағдайда «шешімді әрі тепе-тең жауап» беруге дайын екенін мәлімдеді.