«АҚШ Қырғызстанның дамуын қаламайды»: Жапаров батыстың банктерге салған санкцияларына наразы

АҚШ пен Ұлыбритания қырғыз қаржы ұйымдарын Ресейге санкцияларды айналып өтуге көмектесті деп күдіктенеді.
Алдымен «Керемет банкке», кейін «Орталық-Азия капитал банкке» шектеу қойылған.
Бұл шешімге Қырғызстан президенті Садыр Жапаров наразылық білдіріп, жауап ретінде Қырғызстан өз экономикасын дербес дамытып жатқанын айтты.
«Мұндай қадамдарды мемлекеттің ішкі ісіне араласу деп бағалауға болады», - деді ол «Кабар» агенттігіне берген сұхбатында.
Президент Қырғызстан халықаралық міндеттемелерді орындауға дайын екенін атап өтті.
«Бірақ мен азаматтарымыздың мүддесін және елдің сауда-экономикалық дамуын құрдымға жібермеймін. Санкциялық қысымға қарамастан, күнделікті өміріміз жалғаса береді», - деді ол.
Жапаровтың сөзінше, Ресейде шамамен 1 миллион қырғыз мигранты бар, олар тұрақты түрде ақша аударып отырады. «Бұл қаражатты конвертациялау және адамдарға қолжетімді ету қажет. Сол себепті біз рубльмен тек мемлекеттік «Керемет банк» жұмыс істесін деп шештік. Барлық операциялар мемлекет бақылауында, ал пайда бюджетке түседі», - деді ол.
Сонымен бірге президент АҚШ «Керемет банкке», ал енді Ұлыбритания «Капитал банкке» санкция салғанын атап өтіп: «Тағы да ешқандай дәлел жоқ… Сондықтан менде күмән туады. Өйткені олар Қырғызстан экономикасының қарқынды өсіп жатқанын көріп отыр. Мысалы, ЖІӨ 11,7%-ға өсті, біз ТМД елдері арасында алдыңғы қатардамыз. Сол үшін бізге қысым жасалып отыр деп ойлаймын», - деді.
Жапаровтың пікірінше, ірі державалар өзге елдердің тез дамығанын қаламайды, керісінше оларды өздеріне тәуелді ұстауды көздейді.
«Сондықтан мен бұл елдердің жоғарғы басшылығына, АҚШ президенті Дональд Трампқа және Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармерге үндер едім. Мүмкін оларға толық ақпарат жетпей жатқан шығар. Экономиканы саясатқа араластырмау керек», - деп түйіндеді Қырғызстан басшысы.