Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:42, 09 Сәуір 2025

АҚШ Қытай азаматтарының Украинаға қарсы соғысқа қатысуына алаңдаулы

1
Фото: delfi.ee

АҚШ Мемлекеттік департаменті Қытай Халық Республикасының Ресейге әскери қолдау көрсетіп отырғанына байланысты алаңдаушылық білдірді.

8 сәуірде Вашингтонда өткен брифинг барысында Тэмми Брюс алғаш рет қытайлық азаматтардың Украина аумағындағы әскери іс-қимылдарға тікелей қатысы бар екенін растады. 

Мемлекеттік департаменттің мәліметіне сәйкес, Қытай Ресейге қажетті қосарлы мақсаттағы тауарлардың 80 пайызын жеткізуде. Бұл – қару-жарақтың өзі емес, бірақ оған қажетті құрамдас бөлшектер: навигациялық жүйелер, чиптер, жартылай өткізгіштер, ұшақтарға арналған бөлшектер. Бұлар – заманауи соғыста шешуші рөл атқаратын құрылғылар саналады.

«Қытай мен Ресей арасындағы тығыз әскери-өнеркәсіптік байланыс халықаралық тұрақтылықты бұзады, бұл АҚШ пен өзге елдердің қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді», - дейді Тэмми Брюс.

Украина президенті Владимир Зеленский Донецк облысында Ресей жағында соғысқан екі Қытай азаматы тұтқынға түскенін мәлімдеді. Олардан ҚХР төлқұжаттары табылған, бұл фактіні Киев видео дәлелдермен көрсетті. Осы жағдайдан кейін Украина СІМ Қытайдың Киевтегі уақытша өкіліне наразылық нотасын тапсырып, бұл жағдайға түсініктеме беруді талап етті.

2022 жылдан бері Қытай өз позициясын «бейтарап» деп жариялап келді. Бірақ соғыс логистикасына тікелей көмектесіп отырғанын Батыс елдері жасырын қолдау, тіпті жанама агрессия ретінде бағалайды.

Пекин мен Мәскеу бұл оқиғаға әзірге пікір білдірген жоқ. Бірақ олардың үнсіздігі – іс жүзіндегі келісімді дәлелдейтін құбылысқа айналып барады. Қытай «үстел астынан» қолдап отыр ма, әлде бұл азаматтардың жалдамалы әрекеті ме – ол жағы ашық емес. Бірақ Украина тарапы тұтқынға түскен екі қытайлықтың ресми құжаттарын көрсетіп отыр.

Тегтер: