АҚШ Қытай студенттерінің визаларын жоя бастады ма?

АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Қытайдан келген кейбір студенттердің визалары жойылатынын мәлімдеді.
Бұл шешім стратегиялық маңызды мамандықтарда білім алып жатқан және Қытай Коммунистік партиясымен байланысы бар жастарға қатысты қабылданған.
Рубионың айтуынша, АҚШ билігі визалық талаптарды қайта қарап, енді Қытай, оның ішінде Гонконгтан келетін студенттердің өтініштерін бұрынғыдан да мұқият тексереді.
Осыған байланысты АҚШ-тың елшіліктері мен консулдықтарына жаңа студенттік және алмасу бағдарламаларына арналған визалық кездесулерді уақытша тоқтату тапсырылды. Бұл шектеу әлеуметтік желілердегі аккаунттарды тексеру талаптары күшейгенге дейін жалғасады.
Сонымен қатар Израильге қарсы наразылықтарға қатысқан шетелдік студенттердің де мыңдаған визасы жойылғаны хабарланды. Бұл шешім АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне төнетін қауіп-қатердің алдын алу мақсатында қабылданғанын айтады Рубио.
АҚШ Сауда министрлігінің мәліметінше, 2023 жылы шетелдік студенттер ел экономикасына $50 млрд пайда әкелген. Олардың жартысынан астамы – Қытай мен Үндістан азаматтары.
Бұл шектеулер АҚШ университеттерінің халықаралық тартымдылығына теріс әсер етуі мүмкін. Ал Қытай тарапы бұл әрекетті дискриминация деп бағалап, жауапты шаралар қолдануы мүмкін екенін ескертті.