Қытай АҚШ-тан қорықпайды: Ресейден мұнай сатып алуды жалғастырады

АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессент 29 шілде, сейсенбі күні кешке Қытай тарапын Ресейден санкцияға ұшыраған мұнайды сатып алуды тоқтатпаса, Вашингтон қытайлық тауарларға 100 пайыздық импорттық баж салығын енгізетінін ескертті.
Министр бұл мәлімдемені АҚШ пен Қытай арасындағы екі күнге созылған сауда келіссөздерінің қорытындысы бойынша Стокгольмде жасады. Сондай-ақ, Бессент Қытайдың Иран мұнайын да сатып алып жатқанын, әрі Ресейге қосарлы мақсаттағы тауарлар жеткізіп отырғанын сынады. Оның айтуынша, бұл әрекеттер Ресейдің Украинаға қарсы соғысын ұзартып отыр.
Қытай өкілдері бұған жауап ретінде «энергетикалық егемендігін» қорғауды жалғастыратынын жеткізген.
«Қытайлар өз егемендігіне өте байыппен қарайды. Біз оны шектеуді қаламаймыз. Егер олар 100 пайыздық баж салығын төлеуді таңдаса – бұл олардың таңдауы», - деді Бессент.
Министр Скотт Бессент Конгресс талқылап жатқан заң жобасына да тоқталды. Бұл құжат ресейлік энергия ресурстарын сатып алатын елдерден 500 пайызға дейін баж салығын алу тетігін қарастырады.
«Менің ойымша, Ресей мұнайын сатып алатын кез келген ел осындай шараларға дайын болуы керек», - деді ол.
Стокгольмдегі келіссөздер елеулі ілгерілеусіз аяқталғанымен, қос тарап 12 тамызда аяқталатын 90 күндік тарифтік бітімді ұзартуға тырыспақ. Трамп Бессентпен сөйлескенін, кездесудің нәтижесі туралы оң пікір білдіргенін айтты.
«Кешегіден де жақсы өтті деді», - деді Трамп журналистерге, Шотландиядағы бес күндік сапардан кейін Вашингтонға оралған кезде.
Бессенттің айтуынша, шамамен 90 күннен кейін екіжақты жаңа кездесу өтуі мүмкін. Ол екі тараптың арасында жақсы жеке байланыс орнағанын, өзара құрмет пен түсіністік қалыптасқанын атап өтті.
2025 жылдың басында президент қызметіне кіріскен Дональд Трамп Қытаймен сауда соғысын қайта жандандырған. Сол уақыттан бері екі ел бірнеше рет кедендік тарифтерді көтеріп, бұл жаһандық нарықтағы тұрақсыздыққа әсер еткен. Сәуір айында Трамп Қытай тауарларына 145 пайызға дейін баж салығын енгізсе, Қытай да жауап ретінде өз баждарын 125 пайызға дейін өсірген.
Мамырда Женевада өткен келіссөздерден кейін тараптар елеулі прогресс жайлы хабарлаған. Маусым айының басында Лондонда екі күндік консультациялар өтті. Кейін Дональд Трамп Қытаймен магниттер мен сирек кездесетін элементтерді жеткізу туралы келісімге қол қойылатынын жариялады.
Президенттің сөзінше, келісім толықтай келісілген және тек оған Қытай басшысы Си Цзиньпинге қол қою ғана қалған.