Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:00, 21 Сәуір 2025

АҚШ Қорғаныс министрі тағы да әскери ақпаратты Signal арқылы таратты деген күдікке ілікті

Хегсет
defense.gov

АҚШ Қорғаныс министрі Пит Хегсет әскери құпияны тағы да жария етті деген айыппен сынға ұшырап отыр. Бұл жолы ол Signal мессенджерінде құрылған отбасылық чатта Йемендегі әскери операцияға қатысты деректерді бөліскен.

ABC News-ке сілтеме жасаған ақпарат көздеріне сүйенсек, Хегсет наурыз айында хусит бүлікшілеріне қарсы шабуыл туралы ақпаратты әйелі, ағасы және жеке адвокатына жазған. Хабарламада F/A-18 Hornet жойғыш ұшақтарының ұшу кестесі сияқты егжей-тегжейлер де көрсетілген.

Бұл чатта жазысқан хабарламалар Пентагон басшысы қатысқан тағы бір жанжалмен тұспа-тұс келген: дәл сол кезеңде АҚШ Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің бірнеше мүшесі, соның ішінде Хегсет, The Atlantic журналының бас редакторына жабық чаттағы ақпаратты кездейсоқ жібергені белгілі болды.

Хабарламада айтылғандай, Хегсет бұл чатқа отбасымен ресми емес мәселелерді талқылау үшін қосылған. Алайда, онда маңызды әскери ақпараттың таралуы Пентагондағы тәртіп пен қауіпсіздік талаптарын бұзуы мүмкін.

Қорғаныс министрінің әйелі — Дженнифер Хегсет — Пентагонмен байланысы жоқ, ал ағасы — Фил Хегсет — Ішкі қауіпсіздік министрлігінің кеңесшісі ретінде уақытша Қорғаныс министрлігіне жіберілген. Жеке адвокаты — Тим Паралторе — Пентагонда әскери-резерв офицері ретінде тіркелген.

Осы жағдайға байланысты Пентагон баспасөз хатшысы Шон Парнелл әлеуметтік желідегі жазбасында:
«Бұқаралық ақпарат құралдары Трамптың саясатын қолдайтын кез келген тұлғаны құртуға тырысып отыр. Бұл жолы да олар бұрынғы қызметкерлердің шағымына сүйеніп, жалған ақпарат таратып жатыр. Signal арқылы тараған ешбір хабарда құпия дерек болмаған», — деп мәлімдеді.

Сонымен қатар, Пентагонның уақытша бас инспекторы Стивен Стеббинс министрдің Signal қолдануына байланысты тексеру жүргізілетінін хабарлады. Бұл тексеріс Хегсет пен басқа да шенеуніктердің Қорғаныс министрлігінің ережелерін қаншалықты сақтағанын анықтауға бағытталған.

Айта кетейік, бұған дейін де Signal чаты арқылы таратылған деректерге байланысты тергеу басталып, Хегсеттің бірнеше кеңесшісі қызметінен босатылған болатын. Олар тағылған айыптарды жоққа шығарып отыр.

Қауіпсіздік мамандары мұндай деректерді рұқсат етілмеген арналармен тарату шетелдегі әскери қызметкерлердің қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін екенін ескерткен.

Тегтер: