АҚШ: Ливан Иранмен жасалған келісімге кірмейді
АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс Ливанның атысты тоқтату туралы келісімге кірмейтінін мәлімдеді. Оның айтуынша, АҚШ ешқашан Ливанды бұл келісімге қосамыз деп уәде бермеген.
Бұл туралы CBS News жазды.
Вэнс Иран парламентінің спикері Мохаммад Багер Галибаф тек үш тармақ бойынша келіспейтінін айтса, демек басқа көптеген мәселелерде ортақ келісім бар болуы мүмкін екенін атап өтті.
Бұған дейін Галибаф АҚШ-ты бітім шарттарының үш тармағын бұзды деп айыптаған:
-
Ливанға жасалып жатқан соққылар;
-
Иран әуе кеңістігіне дронның кіруі;
-
Иранның уран байыту құқығын жоққа шығару.
— Атысты тоқтату режимі үнемі қиындықтармен қатар жүреді. Бұл – кез келген бітімге тән құбылыс. Біз бомбалауды тоқтатқымыз келетінін ашық айттық. Одақтастарымыз да соны тоқтатсын дейміз, ирандықтар да дәл солай әрекет етсін дейміз. Жағдай дұрыс бағытта өзгеріп келе жатқан белгілер бар, бірақ бұл үшін уақыт қажет, - деді Вэнс.
Ливан мәселесіне тоқталған ол бұл жағдайды «тараптар арасындағы түсініспеушілік» деп бағалады.
— Біз ешқашан мұндай уәде берген жоқпыз. Иран тарапы бітім Ливанды да қамтиды деп ойлаған, бірақ бұл дұрыс емес. Біз ондайды айтқан жоқпыз, - деді АҚШ вице-президенті.
Оның айтуынша, бұл келісім ең алдымен Иранға қатысты және АҚШ одақтастары — Израиль мен Парсы шығанағындағы араб елдерінің мүддесіне бағытталған.
Айта кетейік, АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздердің алғашқы кезеңі 11 сәуірге жоспарланған.