Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
19:48, 03 Қаңтар 2026

АҚШ Мадуроға қарсы қылмыстық іс қозғалатынын мәлімдеді 

Мадуро жұбайымен
Фото: из открытых источников

Венесуэлада түнгі уақытта болған жарылыстардан кейін халықаралық ақпарат кеңістігінде күтпеген мәлімдеме тарады. АҚШ президенті Дональд Трамп ел армиясы Венесуэлаға «ауқымды соққы» жасап, президент Николас Мадуро мен оның жұбайын қолға түсіріп, елден әкеткенін жариялады. 

Reuters агенттігінің жазуынша, Трамп бұл операция АҚШ құқық қорғау органдарымен бірлесіп жүргізілгенін айтып, қосымша мәліметті Флоридадағы Мар-а-Лаго резиденциясында өтетін баспасөз жиынында ұсынатынын мәлімдеген. 

Агенттік дерегінше, Мадуроны «элиталық арнайы күштер» қолға түсіргенін АҚШ-тағы ресми дереккөз Reuters-ке хабарлаған. 

Оқиғаға байланысты АҚШ сенаторы Майк Ли X желісінде (бұрынғы Twitter) Мемлекеттік хатшы Марко Рубио телефон арқылы «Мадуро АҚШ-та қылмыстық айыптар бойынша сот алдында жауап береді» деп хабарлағанын жазды.