Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:05, 16 Ақпан 2026

АҚШ Навальный эпибатидинмен уланғанына күмән келтірмейді – Марко Рубио

Навальный
Фото: из открытых источников

Братиславаға сапары барысында АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио АҚШ тарапы ресейлік оппозиционер Алексей Навальныйдың эпибатидинмен уланғаны туралы бес еуропалық ел жасаған қорытындыға күмән келтірмейтінін мәлімдеді.

 Сонымен қатар, ол Вашингтон Еуропаны «вассал» емес, НАТО аясындағы тең серіктес ретінде қарайтынын айтты.

Бес елдің бірлескен мәлімдемесі

Ұлыбритания, Швеция, Франция, Нидерландия және Германия Навальный эпибатидинмен улану салдарынан қаза тапқанын мәлімдеген болатын. Бұл зат – аса улы қосылыс, ол Оңтүстік Америкадағы ағаш бақасының терісінен алынады немесе зертханада синтезделеді.

Аталған елдердегі зертханалар саясаткердің биоматериал үлгілерінен эпибатидин іздерін бір-бірінен тәуелсіз анықтаған.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, Рубио бұл ақпаратты «алаңдатарлық» деп бағалаған. Сонымен бірге, ол неге АҚШ 14 ақпанда жарияланған бірлескен мәлімдемеге қосылмағанын түсіндірді:

«Бұл біздің бастамамыз емес еді. Кейде мемлекеттер өздері жинаған деректерге сүйеніп, дербес шешім қабылдайды», – деді мемлекеттік хатшы.

Рубио АҚШ бұл мәселе бойынша аталған елдермен «дауласуға немесе қайшылыққа баруға ниетті емес» екенін де атап өтті. Ал Ресей Сыртқы істер министрлігі бұл мәлімдемені «жалған ақпарат» деп атады.

НАТО және Еуропамен серіктестік

Братиславада Словакия премьер-министрі Роберт Фицомен бірлескен баспасөз мәслихатында Рубио АҚШ-тың Еуропамен «күшті серіктестікке» ұмтылатынын айтты.

«НАТО-ның жекелеген мүшелері қаншалықты мықты болса, альянс та соншалықты қуатты болады», – деді ол.

Рубио Еуропаны Ақ үйге тәуелділіктің азаюына байланысты «ренжімеуге» шақырып, Вашингтон аймақты «АҚШ вассалы» емес, тең құқықты серіктес ретінде көретінін жеткізді.

Айта кетейік, бұған дейін Мюнхен қауіпсіздік конференциясында Германия канцлері Фридрих Мерц АҚШ-ты изоляционизмнен бас тартуға және НАТО аясындағы ынтымақтастықты күшейтуге шақырған еді.

Ядролық энергетика және қорғаныс саласы

Марко Рубио мен Роберт Фицо атом энергетикасы саласында ынтымақтастық орнату туралы келісімге келгенін хабарлады. Жоспар бойынша, АҚШ инвесторларының қатысуымен Словакияда 2040 жылға дейін жаңа атом электр станциясы салынады. Құжаттарға келесі жылы қол қойылмақ.

Сондай-ақ, қорғаныс саласындағы ынтымақтастық та талқыланды. Фицоның айтуынша, Словакия АҚШ-тан қосымша төрт F-16 жойғыш ұшағын сатып алуды жоспарлап отыр. Осылайша елдің эскадрильясы 18 ұшаққа дейін кеңейтілмек.