АҚШ Ормуз бұғазы маңында Иранның 16 мина катерін жойды
АҚШ әскері Ормуз бұғазын миналау қаупі туралы ақпараттан кейін Иранның мина қоюға арналған кемелеріне соққы берді.
10 наурыз күні United States Central Command (CENTCOM) әлеуметтік желідегі ресми парақшасында АҚШ әскері Иранның 16 мина қоюшы катеріне соққы бергенін хабарлады. Бұл әрекет Тегеран Ормуз бұғазын миналауға дайындалып жатыр деген мәліметтерден кейін жасалған.
Аталған бұғаз – Таяу Шығыстан әлемдік нарыққа мұнай тасымалданатын ең маңызды теңіз дәліздерінің бірі.
Трамп та растады
АҚШ президенті Трамп Truth Social желісінде Иран катерлеріне жасалған соққыларды растады. Ал CENTCOM катерлерге жасалған шабуылдың бейнежазбасын жариялады.
Ормуз бұғазындағы жағдай
Ормуз бұғазы арқылы Парсы шығанағы елдерінен мұнай тасымалданады. Бірақ АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери операциясы басталғалы бері бұл аймақ арқылы азаматтық кемелер қозғалысы іс жүзінде тоқтаған.
28 ақпаннан бері бір ғана танкер Иран шабуылдарынан қашып өтіп бұғаздан өткен деген ақпарат тараған.
Иранның мәлімдемесі
10 наурыз таңертең ИРСК АҚШ пен Израиль шабуылдарын жалғастыра берсе, аймақтан бір литр де мұнай экспортталмайтынын мәлімдеді.
Сонымен бірге Иран кейбір мемлекеттерге ғана ерекше жағдай жасауға дайын екенін, егер олар өз аумағынан америкалық және израильдік дипломаттарды шығарып жіберсе, жеңілдік қарастыруы мүмкін екенін айтты.
Еске салсақ, 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иран аумағындағы нысандарға жаппай соққы жасаған. Сол күні Иранның жоғарғы көшбасшысы Хаменеи, сондай-ақ бірнеше жоғары лауазымды тұлға қаза тапқан.
Оның орнына билікке Моджтаба Хаменеи келгені хабарланған.
Соғыс салдарынан Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасының тоқтауы әлемдік мұнай бағасына қатты әсер етті.
9 наурыз күні сауда ашылған кезде мұнай бағасы бір баррель үшін 120 долларға жақындады. Ал жыл басында Brent маркалы мұнай шамамен 60 доллар тұрған.
Сонымен қатар Парсы шығанағы елдері мұнай өндіру көлемін азайтуға мәжбүр болғанын хабарлады, себебі экспорттау қиындап, өндірілген мұнайды сақтау мәселесі туындаған.