АҚШ Ормуз бұғазын күшпен ашуға кірісті
АҚШ әскери күштері Таяу Шығыстағы соғыс басталғаннан кейін Иран тарапынан жабылған Ормуз бұғазын ашуға бағытталған операцияны бастаған. Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп мәлімдеді.
Америкалық әскерилер бұғазды теңіз миналарынан тазартуға дайындық жүргізіп жатыр. 11 сәуір күні кемінде екі эсминец бұғаз арқылы өткен.
Трамптың айтуынша, Иранның әскери флоты толықтай жойылған. Оның ішінде мина орнатуға арналған 28 кеме де АҚШ күштері тарапынан суға батырылған.
— Олардың флоты жойылды, әскери-әуе күштері талқандалды, әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері істен шықты, радарлары жұмыс істемейді. Зымыран мен дрон шығаратын зауыттары да жойылды. Ең бастысы — олардың көпжылдық «жетекшілері» енді жоқ. Қазір негізгі қауіп — теңіз миналары ғана, бірақ мина орнатушы 28 кеме де жойылған, — деп жазды Трамп Truth Social желісінде.
Оның сөзінше, АҚШ Ормуз бұғазын әлем елдерінің — Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Франция, Германия және басқа да мемлекеттердің мүддесі үшін тазарту жұмыстарын бастап отыр.
11 сәуір күні АҚШ әскери-теңіз күштерінің USS Michael Murphy эсминці бұғаз арқылы өткен. Сонымен қатар, деректерге сәйкес, бірнеше америкалық әскери кеме бұғазды кесіп өтіп, кейін Араб теңізіне қайта оралған.
АҚШ Орталық қолбасшылығының мәліметінше, USS Frank E. Peterson және USS Michael Murphy эсминецтері Ислам революциясы сақшылары корпусы орнатқан болуы мүмкін теңіз миналарын залалсыздандыруға бағытталған кең ауқымды миссия аясында әрекет еткен.
Бұғазды миналардан тазарту жұмыстарын жағалау аймағында әрекет ететін Littoral Combat Ship класына жататын кемелер жүргізуі тиіс. Ал эсминецтер бұл кемелерді және бұғаз арқылы өтетін танкерлерді қорғауға міндетті.
Сарапшылардың бағалауынша, америкалық әскери кемелердің бұғазда еркін жүруі — Ормуз бұғазын күшпен ашу әрекеті ретінде қарастырылады.
Айта кетейік, Иран соғыс басталған алғашқы күні-ақ Ормуз бұғазын жапқанын мәлімдеген. Рұқсатсыз қозғалған танкерлерге қарсы дрондар мен зымырандар қолданылған. Соғыс басталғалы мұндай шабуылдардың кемінде 28 дерегі тіркелген. Тіпті 8 сәуірде жарияланған уақытша бітім кезінде де кемелерге шабуылдар тоқтамаған.
Сонымен қатар, Тегеран кеме иелеріне негізгі теңіз жолының миналануы мүмкін екенін ескертіп, Иран жағалауына жақын балама бағыттарды пайдалануды ұсынған. Алайда бұғаздың нақты миналанғанын дәлелдейтін нақты айғақтар әзірге жоқ.