Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:51

АҚШ өз азаматтарын Ираннан тез арада кетуге шақырды

Иран ереуіл
Фото: ашық дереккөз

АҚШ билігі елдегі жаппай наразылықтар мен Вашингтонның ықтимал әскери қадамдары аясында Ирандағы америкалықтарды бұл елден жылдам кетуге үндеді.

Тиісті ескерту АҚШ-тың Тегерандағы виртуалды елшілігінің ресми сайтында жарияланды.

Хабарламада интернеттің үзілістері жалғасуы мүмкін екені ескертіліп, байланыстың балама жолдарын алдын ала жоспарлау, ал қауіпсіз болған жағдайда құрлық арқылы Армения немесе Түркияға шығу мүмкіндігін қарастыру ұсынылады. Сондай-ақ АҚШ азаматтарына Ираннан шығудың АҚШ үкіметінің көмегіне тәуелсіз жоспарын әзірлеу қажет екені атап өтілген.

Егер елден кету мүмкін болмаса, азаматтарға үйлерінде қалу, наразылық акцияларынан аулақ болу, сондай-ақ азық-түлік, ауызсу, дәрі-дәрмек және өзге де қажетті заттарды қор ретінде дайындап қою кеңес етіледі.

Айта кетейік, 2025 жылғы 15 маусымда да АҚШ-тың Тегерандағы виртуалды елшілігі осыған ұқсас ескерту таратқан. 22 маусымға қараған түні Вашингтон Ирандағы ядролық нысандарға соққы жасаған еді.

2025 жылдың желтоқсан айының соңынан бері Иранда үкіметке қарсы ауқымды наразылықтар жалғасып келеді. БАҚ пен құқық қорғаушылардың мәліметінше, билік шерулерді күшпен басуға тырысып, полициямен қақтығыстарда жүздеген адам қаза тауып, мыңдаған адам ұсталған. Елде бірнеше күннен бері интернеттің өшірілуі ақпаратты тәуелсіз тексеруді қиындатып отыр.

Норвегияда орналасқан Iran Human Rights (IHR) құқық қорғау ұйымының мәліметінше, Иранда билік тарапынан наразылықтарды күшпен басу салдарынан кемінде 648 адам қаза тапқан.

Құрбандардың арасында тоғыз кәмелетке толмаған бала бар.

Сонымен қатар, құқық қорғаушылар кейбір тәуелсіз бағалаулар бойынша қаза тапқандардың нақты саны 6000 адамнан да асып кетуі мүмкін екенін айтады. Алайда бұл мәліметтерді дәл растау қиын, себебі Иранда шамамен 100 сағаттан бері интернет толықтай бұғатталған.

IHR бағалауынша, наразылықтар басталғалы бері ел бойынша шамамен 10 мың адам ұсталған.