АҚШ өз азаматтарын Ираннан жедел кетуге шақырды
АҚШ билігі өз азаматтарын Иран аумағынан дереу кетуге үндеді.
АҚШ-тың Тегерандағы виртуалды елшілігі 6 ақпан, жұма күні таратқан мәлімдемесінде америкалықтарға Ираннан Армения немесе Түркия арқылы құрлық жолымен шығуды ұсынып, бұл жоспар үкімет көмегіне тәуелді болмауы тиіс екенін ескертті.
«Ираннан дереу кетіңіздер. АҚШ үкіметінің көмегіне сүйенбейтін шығу жоспарын әзірлеңіздер. Әуе рейстері ескертусіз тоқтатылуы немесе үзіліске ұшырауы мүмкін», – делінген хабарламада.
Дипломатиялық өкілдік интернеттің өшірілуі немесе шектелуі ықтимал екенін де атап өтті.
Иранда қалып қойғандарға арналған ұсыныс
Елшіліктің мәлімдеуінше, егер елден кету мүмкін болмаса, азаматтар үйінде немесе басқа қауіпсіз ғимаратта паналауы, азық-түлік, су, дәрі-дәрмек және қажетті заттардың қорын дайындауы тиіс. Сондай-ақ жаппай шерулерден аулақ болуға, көзге түспеуге, айналадағы жағдайға мұқият болуға кеңес берілді.
Бұдан бөлек, жергілікті БАҚ-ты бақылап отыру, жоспарларды қажет жағдайда өзгертуге дайын болу, телефонды үнемі қуаттап жүру және туыстарымен, достарымен байланыста болу ұсынылады.
Мәлімдемеде АҚШ пен Иран арасында дипломатиялық қатынас жоқ екені, ал америкалықтар бұл елде тергеуге алыну, қамауға алыну және ұсталу қаупіне жиі тап болатыны атап өтілген. Дипломаттардың айтуынша, АҚШ-пен байланысын ашық көрсету ирандық билік тарапынан ұсталуына жеткілікті себеп болуы мүмкін.
Осыған ұқсас ескертулер 2026 жылғы 13 қаңтарда және 2025 жылғы 15 маусымда да жарияланған.
Оман келіссөздері: ядролық бағдарлама мен зымырандар
6 ақпанда Оманда АҚШ пен Иран арасында ирандық ядролық бағдарламаны тоқтату және баллистикалық зымырандарды әзірлеуді шектеу мәселелері бойынша келіссөздер өтуі тиіс.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қысымды күшейтіп, әскери шаралар қолдану мүмкіндігін бірнеше рет айтқан. Қаңтар айының басынан бері аймаққа америкалық әскери кемелер келді.
Қаңтардың соңында Трамп Иран бағытына қосымша әскери кемелер бет алғанын мәлімдеді. Сонымен қатар ол келісімге келуге үміт бар екенін айтып, келіссөз нәтижесіне қарай Тегеранға қатысты келесі қадамды шешетінін жеткізді.